Бурабайдың тарихы ғана емес, бүгінгі келбеті де жаңғыруда

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен курортты аймақтың жазғы маусымына дайындық мәселелері жөнінде облыстық басқармалар мен ведоствалардың «Бурабай Ұлттық паркінің» басшыларымен және туристік бизнес өкілдерімен кеңес өткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бурабай кентінің тарихы музейі ашылды.

Бурабай кенті тарихының алғашқы музейі 1999 жылы Абылай ханның 280 жылдығына арналған мерекелік салтанат аясында бой көтерген болатын. Музей жәдігерлерінің негізі жергілікті өлкетанушы Әмина Тұрсынбаева жинаған материалдардан тұрды. Бұл музей жұпыны ғимаратта орналасқандықтан, жұмыс барысында біршама қолайсыздықтар байқалатын.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин 15 мамыр күні «Бурабай Даму» серіктестігінің визит-орталығында орналасқан жаңартылған музейдің жұмыс барысымен танысып, жұртшылықты Халықаралық музейлер күні қарсаңындағы елеулі оқиғамен құттықтады. Музей курорттық өлкенің мәдениеті, тарихы және этнографиясы туралы кең көлемді мәліметтер жиынтығымен жарасым тапқан. Келушілерге өңірдің ерте замандар мен қазіргі тарихи кезеңдерін бейнелейтін үш зал қызмет көрсетеді.
Мәселен, «Тарих залында» қазақ қоғамының шаруашылық- мәдени тұрмысының ерекшеліктерімен таныстыратын бөлім қызмет етеді. Мұнда «ХІХ ғасырдағы Көкшетау округі тарихынан», «ХХ ғасырдағы аймақ тарихы», «Заманауи Қазақстан» тақырыптарында тәлімді материалдар топтастырылған. «Абылай хан ордасы» тарих бөлімінің Қазақ этнографиясы бөлімінде ұсынылған.
«Этнография залында» қазақтардың үй тұрмысы, этномәдениеті және халықтық қолданбалы шығармашылығының түпнұсқа жәдігерлері ұсынылған. Зал экспозициясы қазақ халқының тұрмысының, мәдениеті мен салт-дәстүрінің ерекшеліктерін көрсетеді. Қазақ қолданбалы өнерінің құндылықтары қоғамның шаруашылық-мәдени және талап-сұраныстарына негізделген ерекшеліктерден көрініс табады. Экспозицияда қазақ халқының кәсіпшілігі мен қолөнерінің негізгі түрлері: киіз өндірісі, ағаш өңдейтін өнер, ұсталық қолөнер, зергерлік, былғары және сүйектен ою өнері, тасты өңдеу, тоқымашылық және кілем тоқу, кестелеу мен ши тоқыма өру бұйымдары ұсынылған.
«Бурабай зерттеушілері залында» келушілер мен туристер Бурабай өлкесінің тарихы мен табиғатына үлкен үлес қосқан әйгілі ғалымдар, академиктер мен зерттеушілермен таныса алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО Ғылым академиясының көрнекті қайраткерлері, 150-ден астам академик пен профессорлар Ақмола облысына көшірілді. Сұрапыл соғыс уақытында да ғалымдар ғылыммен айналысып, Бурабай өңірінің тарихы мен табиғатын зерттеуде зор үлес қосты. Олардың кітаптары мен ғылыми еңбектері музейде молынан ұсынылған. Владимир Вернадский, Лев Берг, Николай Гамалей және басқа зерттеушілердің кітаптары мен қолданған заттары көрерменді ғылымның мәңгілік белесіне жетелейтіндей сезімге бөлейді. Орыс географиялық қоғамы Қазақстан аумақтарын зерттеу үшін бірнеше экспедициялар жібергені мәлім. Бурабай шатқалының табиғаты туралы алғашқы зерттеу мәліметтері XVIII ғасырдың екінші жартысын қамтиды. Қазіргі кездегі Бурабай тылсымына қатысты зерттеулер жүргізген Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтпаев, Айтқажы Қазбеков, Қадыржан Әбуев еңбектеріне де көрнекті орындар берілген.
Музей жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталған, ақпараттық дүңгіршектер, LED – экрандар, моноблоктар, тарихи деректі фильмдер көрсетілетін теледидарлар орнатылған, Бурабай тарихы мен этнографиясы бойынша интерактивті сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, музей дәлізінде Қазақстанның сұлу қазынасын бейнелейтін Бурабай ауданының суретшілерінің картиналары қойылған.
Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин сапар барысында Бурабай курортты аймағын дамыту, жазғы демалыс және туризм маусымына дайындық мәселелерін арқау еткен жиналыс өткізіп, тиісті басқармалар мен кәсіпкерлік құрылым басшыларының есебін тыңдады.

Бақберген Амалбеков.

Бурабай ауданы.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар