Археологиялық құнды заттар табылды

Зеренді ауданының аумағындағы Кеңөткел қорымында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы жанынан құрылған облыстық экспедиция жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде кейінгі қола дәуіріне жататын әшекей заттар табылды.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау-құтқару экспедициясы маусымның 4-і мен шілденің 4-і аралығында жұмыс жүргізеді. Оған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері және Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен 10-11 сынып оқушылары қатысуда.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы басшысының орынбасары Серік Ысқақовтың айтуынша, қазба жұмыстары барысында б.з. дейінгі 7-8 ғасыр, қола дәуіріне жататын диаметрі 8 және 9 метр үш қорғанда жүргізілуде. Оның бірінде 4 моланың орны табылды. Бұл молалардың үшеуі жалған, бос болып шықты. Ал, біреуінен екі алтын және бір қола білезік пен қоладан жасалған моншақ табылды. Кеңөткел археология ескерткіші №2 қабір шұңқырында 19 күйген ағаш қалдықтары, (бұл кремация рәсімін сипаттайды), жануар сүйектерінің қалдықтары табылды және оның ішінде өңделгендері де бар. Адам сүйектерімен бірге алтын бұйым табылды.
– Қоладан жасалған білезіктің сыртқы қалыңдығы 2 миллиметрден аспайтын алтынмен қапталған. Алынған материалға сүйене отырып, бұл жерде рубасының әйелі жерлеген деген болжам жасауға болады. Сондай-ақ, қыш ыдыстардың сынықтары мен фрагменттері табылды. Табылған заттар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды, – дейді Серік Ысқақов.
Экспедиция жетекшілері археологиялық ескерткіштерге қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында, тарихты зерделеу үшін қызықты, басқа да археологиялық құнды заттар табылуы мүмкін деп отыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар