Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының бір топ жоғары білікті дəрігерлері Зеренді аудандық емханасында болып, жергілікті тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетті.
Аудан әкімдігінің арнайы шақыртуымен медицина ғылымдарының докторы Əмір Ахетов бастап келген астаналық дəрігерлер арасында нейрохирург, пульманолог, ревматолог, аллерголог, терапевт, ангихирург, кардиолог, аритмолог сияқты мамандар бар.
– Елімізде бұған дейін де осындай шаралар жүзеге асырылған болатын. Республикамыздың барлық аймақтарында дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан, ауданымызға астаналық дәрігерлердің келуі аса маңызды, – деп атап өтті Зеренді аудандық емханасының бас дəрігері Банұржан Жаңғалов.
Осыдан бірер жыл бұрын пайдалануға берілген емханаға күніне 200-250-ге дейін адам келіп, дəрігерге көрінеді. Қазіргі заманға сай жабдықталған медициналық мекемеде 40-тан астам дəрігер жұмыс істейді. Емхананың материалдық-техникалық базасы жақсы. Тек емханада кейбір мамандардың жоқтығынан науқастарға электронды портал арқылы Көкшетау жəне Астана қаласындағы емдеу мекемелеріндегі дәрігерлерге көрінуге тура келеді. Электронды порталда кезегің келгенше біраз уақыт күтуге тура келеді. Бұл жолы дəрігерлер науқастарды кезексіз қабылдады. Соның ішінде бірінші санаттағы аритмолог дəрігер Нұрлан Елубаевқа 15 адам жазылыпты. Келушілердің арасында Зеренді селосының тұрғыны Айнұр Құдабаева есімді келіншек те бар. Оның дәрігерге көрініп жүргеніне 7 жыл болыпты. Осыған дейін аудандық емханада аритмолог дəрігер болмағандықтан ол біраз қиындық көріп жүріпті. Бұл жолы маманның өзі келіп, қабылдады.
Сонымен қатар, жоғары білікті дәрігер мамандарға науқастар ғана емес, өз денсаулығына бейжай қарамайтын дені сау тұрғындар да жолығып ақыл-кеңес алды. Қан тапсырып, рентгенке түсіп өз денсаулығынның қаншалықты сау екеніне астаналық дәрігерлер арқылы көз жеткізді. Бұл күні аудан бойынша барлығы 180-нен астам адам астаналық дәрігерлердің қабылдауында болды. Кейбір науқастарға Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында одан әрі стационарлық ем қабылдау үшін жолдама берілді.
Аслан Оспанов.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.