Мерейлі Қорғалжынның мерекесі

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары аралығында елімізде әкімшілік басқару құрылымына біраз өзгерістер енгізіліп, әр аймақта аудандар ашыла бастағандығы белгілі. 1928 жылы Ақмола өңірінде де бірнеше аудан құрылған болатын. Солардың бірі – Қорғалжын ауданы. Шамалы ғана уақыт Қарағанды облысының құрамында болған аталмыш аудан сол жылдардан бері Ақмола облысының құрамында еліміздің экономикасының алға басуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі.

Тамыз айының 10-11-і күндері аудан орталығында аудан тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжатының «Туған жер» жобасы аясында ауданның 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Тойдың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Съезбекұлы Үйсімбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтады.
Қорғалжын ауылының Ә.Шабатов атындағы орталық алаңында бастау алған той екі күн бойы жалғасты. Мереке аясында ұйымдастырылған шаралар тойға жиналған халықтың көңілдерінен шықты десек артық айтпағандығымыз. Бұл арада ерекше назар
аударатын мәселе, ол көптеген қорғалжындық азаматтардың ұйымшылдық танытып, тойды ұйымдастыруғаа көмек қолдарын созып, тойдың өз деңгейінде өтуіне белсене атсалысулары. Бұл арада демеушілік көрсетіп, қаржылай қолдау білдірген кәсіпкерлер мен басқа да азаматтардың аты-жөндерін толық тізіп шығу артық болар. Жақсылықты жарнама үшін емес, шын ниеттерімен жасайтын азаматтардың өздері де аттарын атауды жөн көрмейді. Дегенмен, ауданның 80 жылдығына орай аудан орталығында мейрамхана салып берсе, 90 жылдыққа орай «Дәурен» стадионын күрделі жөндеуден өткізіп берген Ардақ Балтабеков, тойды өткізуге қомақты қаржы бөлген Нәби Айтжанов, Қуаныш Рақышев, Тәубажан Айтілеуов сынды кәсіпкерлерді, тойға дайындық барысында көптеген істің басында жүрген Балташ Медеубаев, ұйымдастыру алқасының төрайымы Сағадат Аққожина, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Нүркенова, тойды ұйымдастыру комитетінің мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Тәжин, атақты сәулетші Серік Рүстембеков, ардагер журналист Бәдуан Имаш сынды атпал азаматтарды атап өткен дұрыс болар.
Ауданның мерейтойына арналып жарық көрген тарихи-танымдық «Қорғалжын» атты кітаптың тұсаукесері өткен аудандық мәдениет үйінің залында ине шаншар орын болмады. Басылымның авторы кезінде талай республикалық айтыстарда жүлде алған ақын, бірнеше жыр жинақтарымен, танымдық кітаптарымен оқырманға таныс журналист-жазушы Сайлау Байбосын бұл кітапта да халқымыздың арғы-бергі тарихынан сыналап сыр тарта отырып, Қорғалжын өңірінің кешегісі мен бүгінгісін сабақтастырып, мағыналы да мазмұнды туынды шығарған екен. Бұл кітаптың шығуына да ел азаматтары қаржылай қолдау көрсетсе, ел ағалары, осы өңірден шыққан зиялы қауым өкілдері, журналистер өздеріне мәлім деректерді, аудан көлеміндегі айтулы азаматтар туралы мәліметтерді жинақтауға көмектескен. Осылайша кітап көрерменге жол тартты. Оның сапасы мен мазмұны қаншалықты деңгейде екендігіне оқырман қауым өзі баға бере жатар.
Газетіміздің осыдан бұрынғы санында мерейтой аясында аудан орталығында бокс-тан халықаралық турнир өтіп, оған Ресей мен Қырғызстаннан, еліміздің бірнеше өңірінен балғын боксшылар келіп, күш сынасқандығын жазған едік. Енді міне, той барысында «Дәурен» стадионында Ақмола облысының іргелес аудандары мен Астана қаласынан, Қарағанды облысынан келген 12 команданың қатысуымен футболдан республикалық жарыс өткізілсе, ауыл іргесіндегі Бытығай алаңындағы ипподромда Ұлттық спорт ойындарынан, атап айтқанда, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қошқар көтеру, қол тіресу, асық ойнау, қазақша күрестен жарыс өткізілді. Сондай-ақ, елімізге танымал спортшы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО әуе-десант әскерінің үш дүркін абсолютті чемпионы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің тоғыз дүркін чемпионы, кезінде кикбоксингтен КСРО құрама командасының жаттықтырушысы болған, бүгінде халықаралық «Жекпе-жек» федерациясының президенті, осы елдің тумасы Сабыржан Махметовтың ұйымдастыруымен жекпе-жектен халықаралық жарыс өтті.
Мереке аясында өткізілген қолөнер шеберлерінің көрмесі, орталық алаңда, Бытығай алаңында орнатылған сахнада өткен концерттік бағдарлама, Қорғалжын мемлекеттік қорығында қорықтың 50 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция аудан мерейтойының мәнін аша түсті. Жұмыс бабымен шет жақта жүріп елге жиі келуге мұршалары болмай жүрген елімізге танымал көптеген тұлғалар, өнер мен спорт майталмандары, ғалымдар, басқа да елімізге еңбегі сіңген Қорғалжын өңірінің тумалары араға жылдар салып бір-бірімен жүздесіп, қауқылдасып қалды. Ұстаздар мен шәкірттер кездесіп, бұрындары ауданда бірінші хатшы, аудан әкімі, мәслихат хатшысы, түрлі мекеме-кәсіпорын басшылары қызметтерін атқарған азаматтар да өткенді еске алып, бір жасап қалды. Әдеттегідей той мерекелік концерт пен отшашуға ұласты.

Талғат ҚАСЕН,
«Арқа ажарының» меншікті тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар