Батыр Мәліктің жалғасқан ғұмыры

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин еңбектері қамтылған 11 томдық кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысып, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана, Көкшетау, Степногорск қалалары және облысымыздың 17 ауданынан келген кітапхана өкілдеріне оқырман олжасына айналған жинақтарды салтанатты түрде табыс етті. Батыр Мәліктің бұл 11 томдық еңбегі облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тікелей қамқорлығымен және басшылығымен жарық көрді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өткен іс-шараға Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы бастаған Батырдың туған-туыстары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, педагогтың шәкірттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева ашып, жүргізіп отырды. Алқалы жиында сөз алған өңір басшысы Мәлік Мырзалин
бұл ілкімді жоба Мәлік Ғабдуллиннің этнопедагогикалық және әдеби мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын айтты. Кітап Алматы қаласындағы халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің басшылығымен «Идан» баспасында 1000 тиражбен жарыққа шықты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Бигелді Қайырдосұлы Мәлік Ғабдуллиннің еңбектерін шет тіліне аудару қажеттілігіне тоқталып, ПЕН-клубтың жетекшілігімен таяуда жазушы Сәкен Жүнісовтың «Аманай мен Заманай» повесі ағылшын тіліне аударылып жарыққа шығатынын айтып, жиналғандарды бір қуантып тастады.
Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек өшпес ерлігі мәңгілік тағзымға лайық ер Мәліктің еңбектері қамтылған жинақты дайындау барысындағы атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
– Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығын дәріптеу арқылы жастар бойына отансүйгіштік рух, патриоттық сезім ұялату, сонымен қатар, мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Бұл жинақты басып шығару идеясы ұзақ жылдар бойы музей қызметкерлерінің ойында болған. Материалдарды жинақтау 2012 жылдан басталды. Бұл игі іске Батыр атындағы музейдің негізін қалаушы Мәриям Кенжеахметқызы көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты Жабал Ерғалиев Ер Мәліктің туғанына 100 жыл толуына орай атқарылған ауқымды шаралардың республика көлемінде атап өтілуіне зор үлес қосты. Көптомдықты шығару идеясы осыдан біраз жыл қолға алынғанымен аяқсыз қалған еді. 2018 жылы облыс әкімі даңқты жерлесіміздің ғұмырымен тереңірек танысу мақсатында музейге келгенде жазушының баға жетпес еңбектерін басып шығаруды тапсырды. Міне, сол қуанышты күннің куәсі болып отырмыз,– деп ақжарма тілегін жеткізген музей директоры кітапты шығаруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, ұлы даланың біртуар ұлдарын ұлықтау мемлекетіміздің бүгінгі басты идеологиясы – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясымен астасып жатқанын тілге тиек етті.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек кітаптың қысқаша мазмұнымен таныстырып өтті.
Батырдың қызы Майдан Мәлікқызы әкесінің әдеби мұраларын мәңгі есте қалдыруға зор мүмкіндік туғызған ел азаматтарына шексіз ризашылығын білдірді.
Қойсалған ауылының тұрғыны Сәкен Бекенов жерлестері мен туған-туыстары атынан өңір басшысына және осы кітапты жарыққа шығаруға атсалысқан жандарға ыстық ықыласын жеткізіп, алғыс білдірді. Сонымен қатар, ұлағатты ұстаз Тельман Шәріпұлы Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті екендігін айта келіп, ұстазы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Ұлмекен Шаменова.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар