Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауда Бапан би атындағы көше бар! - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауда Бапан би атындағы көше бар!

Бапан Тұраналыұлы (1755-1849) Ақмола облысы Ерейментау жерінде туған би, шешен, ақын, рубасы. Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі. Әкесі Абылай хан ордасындағы медреседе оқыған, білімді би болған. Замандастарының бірі Байсеркенің айтуынша, Бапан би «өзгеше жаралған адам» аталып, парасаттылығымен жұртын аузына қаратқан. Елдіктің, ұлт бірлігінің жаршысы бола жүріп, ел арасындағы дау-дамайды дұрыс шеше білген ол екі жақты да әділдікпен бітістіріп отырған. Бір жылы Ташкент бегінің қолына түсіп қалған қандастарын тілінің өткірлігімен тұтқыннан азат етеді. Қоржынкөл өңірін орыстарға бермек болған Батыс Сібір генерал-губернаторының бұйрығына мойынсынбай, атамекенін сақтап қалады. Сарыарқада Бапан бидің нақыл өлеңдері, толғау-жырлары, билік сөздері көп тараған. Оның өсиет-ғақлияларында байырғы бабалар сөздерімен үндестік сақталған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қанжығалы Бөгенбай батырдың немересі Бапан бидің есімінің Көкшетаудың іргесіндегі Бірлік ықшам ауданындағы көшеге берілуіне байланысты салтанатты шара өтті. Бұрын Новоселов атанған көше енді қазақтың атақты биі, соңында өлмес өнегелі сөздері мен жақсы істері қалған тарихи тұлға Бапан бидің есімімен аталатын болады.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Ақмола-Көкше өңірінен ежелден халыққа танымал сал-серілер мен аузы дуалы билердің көп шыққандығын айта келе, бүгінгі соттың ертедегі билер институтынан алары көп екендігін атап өтті. Соңында өлмес сөздері, өнегелі істері қалған Бөгенбай батырдың немересі Бапан бидің есімінің облыс орталығындағы көшеге берілуі ұлы тұлғаларымыздың есімін ел есінде сақтауға жасалған жақсы қадам, деді облыстық соттың төрағасы.
Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев өңірлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан игі істердің бірі көше атауларының қалпына келтірілуі екендігін айтып, соңғы екі жылда Көкшетау қаласындағы 100 көшенің атауы өзгертілгендігін еске салды. Биыл жыл басынан бері 50 көшенің атауы өзгертіліпті. Бұрын Западная, Железнодорожная сияқты мән-мағынасыз атаумен аталып келген көшелерге елге еңбегі сіңген тарихи тұлғаларымыздың есімдерінің берілуі әділдік қана емес, жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік, тарихымызды құрметтеп, бағалау сияқты ізгі сезімдерді қалыптастыратыны анық.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов көкшетаулықтардың халық санасында өшпес із қалдырған билеріміздің есімін есте сақтау жолындағы игі істеріне ризашылығын білдіріп, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтың осы салтанатқа орай жолдаған жүрекжарды лебізін оқып берді.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосынның домбырамен айтқан жыр арнауы жиналған жұртшылықты бір серпілтіп, ризашылықпен қол соқтырды.
Бапан бидің ұрпағы Үміт Шәйімова осы істің басы-қасында жүрген, жақсы іске мұрындық болған облыстық сотқа және оның төрағасы Досжан Әміровке ақ алғысын айтып, бабасының есімінің ел есінде сақталуы оның ұрпағы үшін ғана емес, барша қазақ халқы үшін қуаныш екендігін айтты. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгеров, Ерейментау ауданы әкімінің бірінші орынбасары Абай Әлжанов та қазақтың атақты биіне көрсетілген осындай құрметке байланысты жылы жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Салтанатты шараның соңында өнерпаздар қазақтың патриоттық әндерін шырқап, ұлттық билерін билеп, кеш шырайын аша түсті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар