Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінің онкүндігі аясында Көкшетау қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Қазақшаңыз қалай?» атты акция ұйымдастырды.
Акцияның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту, халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсету деңгейін саралау, Көкшетау жұртшылығын мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру болып табылады.
Аталмыш іс-шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт студенттері қатысты. Студенттер Көкшетау қаласының қызмет көрсету орындарына, атап айтсақ, банктер, қонақ үйлер, халыққа қызмет көрсету орталықтары, темір жол мен әуежай кассалары, емханалар, Activ, Beeline байланыс орталықтары сияқты тағы басқа қоғамдық орындарға барып, мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасымен танысты. Таяуда акцияға қатысқан студенттер облыс орталығындағы Достық үйінде бас қосып, пікірталас алаңында өз ойларын ортаға салды.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Егор Тихоновтың айтуынша, «Халық Банктың» кеңесшісі қазақ тілінде қойылған сауалдарға жауап бере алмаған. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Мария Лукинаның айтуынша, «Көкшетау» қонақ үйі қазақ тілінде қойылған сауалдарға толығымен жауап берсе, «Достық» қонақ үйі тек орыс тілінде жауап қайтарған. Университеттің тағы бір студенті Валентина Шадрина «Қазақтелеком» АҚ-ында қазақ тілінде қойылған сауалдарға тілді «шұбарлап» таза қазақ тілінде жауап бере алмаған қызметкерлерді сынға алды. Светлана Фролова «Қазпошта» АҚ-ында барлық мәселені қазақ тілінде толығымен түсіндіріп бергендігін қуана жеткізді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы көпсалалы колледж білім алушысы Анна Филатова болса, «Activ» байланыс орталығы қазақ тілінде қойылған сауалдарға мүлтіксіз жауап беріп, қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін көрсеткендігін баса айтты. Дәл сондай деңгейді халыққа қызмет көрсету орталығы көрсеткенін Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Фатима Гумарова тілге тиек етті. Карина Роот, Екатерина Коник, Анастасия Бондаревалардың айтуынша, теміржол, автовокзал кассалары қазақ тілінде еш қиналмастан қызмет көрсетсе, әуежай кассалары өкінішке орай, тек орыс тілінде жауап қайтарғанын айтады.
Пікір алмасу барысында акцияға қатысқан жастар Көкшетау қаласында сұраныс болған жағдайда ғана мекемелердің басым көпшілігі қазақ тілінде қызмет көрсететінін қынжыла жеткізді. Осы орайда, мемлекеттік тілді таза меңгерген, болашағын ойлаған жастар, қоғамды қозғаушы күш ретінде желкілдеп өсіп келе жатқан көкөрім жастардың бары көңіл қуантады.
Іс-шара барысында Көкшетау техникалық-гуманитарлық лицей-мектебінің директоры Наталья Дементьева қазіргі кезде қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілікті, оның беделін арттыру жұмыстарын күшейту керектігі туралы баса айтты.
Акция жұмысын қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова басқарма жанынан «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты жастар клубын ашу туралы ұсынысын ортаға салды.
Іс-шара соңында акцияға белсенді қатысқан өзге ұлт жастары және тіл саясатына сүбелі үлес қосып жүрген студенттер басқарма тарапынан Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.