Еліміздің бірлігі мен ынтымағы жолындағы осынау ұлттық құндылығымыз арқылы қазақ халқының рухани салт-дәстүрін жаңғырту, бата берудің салтын жұрт жиналған жерлерде, өскелең ұрпаққа ұлағатты ой иірімдері арқылы жеткізе білу дәстүрін қалыптастыру мақсатында «Ақ бата – асыл мұра» атты аудандық байқау болып өтті.
Мәдени шараға аудан орталығы мен ауылдарының ақсақалдары қатысты. Сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Ерғалиқызы батагөйлер байқауы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлтымыздың аса бай рухани мұрасын жаңғыртуды көздейтін іс-шаралардың бірі екенін атап өтті.
–Бата беру дәстүрі ұлттық фольклордың дидактикалық жанрына жататын рухани тәрбиенің асыл мұрасы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан алтын арқауы. Мемлекет құраушы халықтың салты мен дәстүрін жалғастырушы, ары мен намысының, абыройы мен ожданының жолын ашушы халықтық дәстүр,–деген аудан әкімінің орынбасары сайыскерлерге сәттілік тіледі. Қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Аудандық байқауда топ жарып, облыстық кезеңге жолдама алған, халық арасында батагөй атанып жүрген Жақсыбай Ахметов жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші және үшінші орын Қоңырбай Сарбасов пен Арлан Хаметовке бұйырды.
Барлық қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етілді. Ұйымдастырушылар шараның өтуіне демеушілік көмек көрсеткен «Сандықтау-Агро» серіктестігінің директоры Наталья Тамбовцеваға, жеке кәсіпкер Радик Сулейманов пен Елена Канафинаға алғысын білдірді.
Жомарт ДОСМҰХАНОВ.
Сандықтау ауданы.