Ертең Көкшетау қаласында жыр мерекесі өтпекші. Ежелден өлең-жырды қасиет тұтқан халқымыз киелі Көкше топырағынан таланттардың үзілмегендегіне қуанады. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының қолдауымен бір топ жас ақындардың жыр жинақтары кітап болып, басылып шығарылды. Енді сол жеті кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, жеті автор – жеті ақынмен сахнада жүздесудің сәті тумақшы, «Арқа ажары» газеті жас қаламгерлерді әрдайым қолдап отырар ниетімен бүгін сол жеті ақынның бір үзік сыр жырларымен өздеріңізді таныстырғалы отырмыз.
Қуаныш ОСПАН
Қуаныш Ерғалиұлы Оспан 1988 жылы 9 сәуірде бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданының Жасқайрат ауылында дүниеге келген. 2006-2010 жылдар аралығында «Көкше» академиясының «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімінде білім алған. Аймақтық, республикалық ақындар айтысының жүлдегері. Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына орай өткен «Бабаның сөзі – асылдың көзі» атты республикалық шешендер байқауының ІІ орын иегері. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Өлеңдері «Көкшетау жас ақындар антологиясына», «Тәуелсіздік – тағдырым» атты Көкшетау жас ақындар антологиясына, «Жыр маржаны» атты Қазақ поэзиясының Х томдығына енген. «Жыр Керуен» атты кітаптың, «Ауылдың баласымын» атты жеке жыр жинағының авторы.
Ақан-Ғұмыр
Қойсаңшы бұл мазағын дүнияның,
Ақандаймын іңкәрін жатқа танған.
Қала берді қолымда дүрия мұң,
Ұзай бердің ұстатпай Ақтоты-арман.
Қос көзімнен аққан жас жылғаланып,
Қоскөл-қайғым құлаққа сыбырлайды.
Шырмауығы тағдырдың шырмап алып,
Қараторғай-жүрегім «шырылдайды».
Қалқашымның қана алмай әужайына,
Жыландының басында жыланды өмір.
Іштен айту жазылған маңдайыңа,
Уанбайсың неліктен, Ыбан-көңіл?!
…Не қылайын, ей, өмір, еншіңе мен,
Қайраным жоқ, тұйыққа бұра бердің.
Қайран уақыт, құлағы тершімеген,
Қайда апарып жығылар Құлагер-күн…
Такси
– Ақшаң болса, апарамын қайда да, –
Деп такси шал жымияды қуақы.
– Қолыңыздан келмейді, – деп жай ғана,
Жымиямын, ал, апарсаң, міне, ақы!
– Астана ма, бәлкім, ауыл, аудан ба,
Мен бармайтын жер жоқ, сірә, төлесең.
Көлігімнің ұсқынына алданба,
Зуылдайды, жылы ескілеу демесең!
– Өткен шаққа келер менің оралғым,
Іңкәріме жиі-жиі хат жазған.
Тек сол кезді сағынатын боп алдым,
Әттең, бірақ, ол – мәңгілік тәтті арман.
Арманыма, бақытыма алып бар,
Сол жанды ойлап қалмас менде тағат та.
Керек десең бар ақшамды алып қал,
Ол «сүйем» деп жеткіз айтқан сағатқа!
…Такси шалым жүре қолын сермейді,
«Мекен-жайы болмайды», – деп Бақыттың.
Айттым ғой мен, қолыңыздан келмейді,
Машинасы керек маған Уақыттың!
Жайнарбек Зандыбайұлы
Жайнарбек Зандыбайұлы 1988 жылы дүниеге келген. Мектеп табалдырығын алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлихан ауданы, Золотоя Нива кеңшарында аттайды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жоғары оқу орнын бітірген. Қазіргі кезде аудандық «Бұланды Ақпарат» газетінің жауапты хатшысы.
***
Күз. Қамысты көл
Жетімсіреп қалыпсың Қамысты көл,
Бəз біреулер басыңнан бақ ұшты дер?!
Қошын айтып қайтқан құс тізбегіне,
Айналаңа қоңыр күз қоныс тігер.
Көндігіп-ақ кетерсің жылап аз күн,
Қаңқылын да ұмытып, сірə, қаздың.
Айдыныңда қалқиды жапырақтар,
Жолданбаған хатындай бұла жаздың,
Жел жапырған қамыстың тұрқы мына,
Шуылдайды бас иіп бір қырына.
Толқының да, ерем деп тербеледі,
Қырдан асқан құстардың қиқуына.
Жусан исі ұмыт боп жауын сіңген,
Жолығарсың қыс келіп ауыр сынмен.
Ал, əзірге жазайын жаңа өлең,
Сарыала қаз қалдырған қауырсынмен.
Серғазы Қайырболды
Серғазы Қайырболды 1995 жылы 4 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Қулыкөл ауылында туған. 2013 жылы ауыл мектебін тәмамдап, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Облыстық «Елімді көріп – ұлтымды таны», «Жыр арқауы – Тәуелсіздік!», «Көкшетау көктемі» атты жыр мүшәйраларында І орын иеленген. Өлеңдері республикалық «Адырна» әдеби-көркем көпшілік журналында, «Әдебиет порталы», Ұлт.kz порталында жарияланған, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарық көрген «Тәуелсіздік – тағдырым» атты көкшетаулық жас ақындар антологиясына енген. Бүгінгі таңда Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесіне қарасты «Қазақ кітапханасында» қызмет етуде.
Жылқышы
Айлы түнде жылқы болды баққаным,
Айғызкөлде түлкі болды атқаным.
Ай маңдайлы Ақбақайды көрдің бе,
Ай астында шашын тарап жатқан Үр.
Үрдің әнін күндіз тыңдап, кеш тыңдап,
Қулыкөлдің жағасында кештім бақ.
Жез тағалы Жезкүреңді көрдің бе,
Әй, Жезтырнақ, Жезтырнақ?!
Қарасудың бойы толы үрейге,
Қарасудың жағасына түнейді ел.
Сүлікқара кетіп еді суатқа,
Көрдің бе оны, су перісі Сүлеймен?!
Шер толқыған шегір көзді қара түн,
Жықпылтаудың жын жайлаған қолаты.
Әй, Қақаман, Уа, Қақаман, Қақаман,
Қайда менің шегір көзді торы атым?!
Сақ-сақ күлді ну қоғалы сайда су,
Соқпақ жолдар – Көңаяқтың айласы.
Обыр отыр моласында атамның…
Қасқа құлын, қырау-қырау, қайдасың?
Қара жолдың бойында отыр бір кісі,
Қара томар, Күлдіргіштің күлкісі,
Пері қызы боп шықпаса игі еді-ау,
Айғызкөлдің түлкісі…
Мерген ТОҚСАНБАЙ
Мерген Көшербайұлы Тоқсанбай 1988 жылы 14 қарашада бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородок (ескіше атауы Жанғұс-Тоқсанбай) ауылында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен «Көкше» академиясының филология факультетінде білім алған. «Әлемге әйгілі Астана» атты облыстық мүшәйраның бірінші орын иегері.
***
Ля-минор
«Айхай, дүние – жалған,
Өтер ме арман?!»
Ақан сері. Шырмауық.
Мен əу баста мынау əппақ əлемді,
Қасиет қонған қайран қара өлеңді,
Жайнамаздай таза ұстағым келіп еді,
Ал, енді?!.
Біреу келіп таптап кетті төрімді,
Біреу келіп лайлап кетті көлімді,
Достан, қыздан қалған мынау, қайтейін,..
көңілді?!
Мен əу баста іздеп адал кейіпкер,
Көп алдандым кешіп кілең күйік, шер.
Содан кейін анау досқа сеніп көр,
Мына қызды сүйіп көр?!.
Бəрі алдамшы, бəрі, бəрі өтірік,
Өлердегі сөзін айтып отырып,
Сатып кетсе, ақ жүрегің – қарайып,
Ақ көңілің – тотығып…
«Дүние – жалған…» – деп саларсың бір əнге,
Сенгеніңе өкініп!
Мен əу баста мынау жарық жалғанның
Алып-ұшқан аққу қанат арманның,
Періштедей бейкүнə боп көрінген
Жандардың,
Қара түнге, қара құсқа, сайтанға,
Айналарын білген жоқпын… айтарға
Сөзім болмай отырамын жол іздеп
Қайтарға…
Бала кезге, аңғал шаққа, өткенге,
Тұңғыш рет ғашық болған көктемге,
Оралсам ғой, оралсам ғой, шіркін-ай,
Басқа тілек жоқ менде!
Мен бұл күні бастан кештім тағдыр қай?!
Жағалауға шығып қалған балдырдай…
Сөз борайды жан-жағымнан сұп-суық,
Қар аралас жаңбырдай.
Бұл кез де өтер! Қайтем сөзді шығындап?!
Мұңымды кім ұғынбақ?!
«Дүние – жалған» деп отырмын тағы да,
Оңаша ыңылдап…
Қара құдық басында
«-Əй, құдыққа түсіп кетпе, байқа», – деп,
Апам марқұм ескертуін айта əлек.
Шаруасына айналатын содан соң,
Мен құдыққа үңілуші ем қайта кеп.
Əлі есімде түбі түндей қараңғы,
Тылсымы бар тартып тұрар адамды,
Қаңылтырмен қапталған еді қақпағы,
Қабырғасы қарағайдан қаланды.
Қара құдық ескі тақтай қорада,
(Қара түндей қараңғы еді ол ара).
Бір тылсым күш тартып, солай беттесем,
Апам ұрсар: əй, құдыққа жолама!
Мен құдыққа құмар едім неге əлгі?
(Сол бір құдық түстен шықпас боп алды).
Сол құдыққа түсіп кеткен жоқ па екен,
Балалығым ұшты-күйлі жоғалды?!
Құдық болып елестейді неге түн?
Бір тылсым бар мені тарта беретін.
Ескендірдің көрмесем де мүйізін,
Шаштараздай айғайлағым келетін.
Енді, міне, сұрақ қинап не түрлі:
Апам неге қайтаратын бетімді?
Құдық біткен көрінеді неге енді,
Шəкəрімнің қасіреті секілді.
Бір сағыныш сарсаң қылып санамды,
Аңдып басам ендігі əр қадамды.
Құдық түбі, жол соңы не, бəрі — бір,
Соқыр шалдың жанарындай қараңғы.
Балалығым, тентек күнім қайда деп,
Сол құдыққа тұрмын, міне, қайта кеп.
Тың тыңдаймын, апам даусы шығардай,
– «Əй, құдыққа түсіп кетпе, байқа!» – деп.
Құрмет Құралханұлы
Құрмет Құралханұлы – 1989 жылы 19 қарашада МХР Хобда аймағында дүниеге келген. 1992 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданы Өлеңті ауылына қоныс аударған. «Көкше» академиясын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұл күндері Аршалы ауданы Бұлақсай ауылының мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет етеді.
***
Көкшетау таңы
Тыныштық. Әлсіз ғана құйылып нұр,
Қарайды өзен, нуға сүйініп қыр.
Шапағы жаңа күннің қызыл сары,
Тауларға шапан болып киіліп тұр.
Жусауда қыр астында торы ат әлі,
(Көп қойдың қожасы сол қорадағы).
Таңғы шық – жамалындай ақ келіннің,
Ақ тұман түнде шешкен орамалы.
Аулақта асыр салған құлын-тайды,
Жақтырмай кәрі төбет ырылдайды.
Бұйра бас ормандардың кеудесінен,
Бозторғай ырғақ тауып шырылдайды.
Ақан жоқ бозторғайға үн қосатын,
Біржан жоқ «Арақты ел» – деп қырды асатын.
Үкілі Ыбырай жоқ «гәккулетер»,
Балуан Шолағым жоқ мұңдасатын.
Көгінде көрінгенмен қыран, қырғи,
Көлінде аққу-қаздан шығар бір күй.
Көкшенің күні сондай әлі әдемі,
Бір дауыс жетпей, бірақ, тұрады ылғи.
Бақытбек Бекмұратұлы
Бақытбек Бекмұратұлы 1988 жылдың 7 қаңтарында Моңғолия Республикасының Бай-Өлке қаласында дүниеге келген. 1992 жылы ата қонысы қазақ даласына табан тіреп, 1994 жылы Еңбекшілдер ауданы, Қасқат ауылында мектеп табалдырығын аттаған. 2005 жылы Ақжар ауданы, Ащыкөл ауылында орта мектепті тәмамдап, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дың филология факультетінде білімін жалғастырған. 2009 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, 2011 жылға дейін Ақжар ауданының Дәуіт ауылында мамандығы бойынша мұғалімдік қызмет атқарды. 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық әдебиет және өнер музейінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
Қобыз
Қобызыңды, қанекей, шал, қарағым,
Таңырқасын көшесі тар қаланың.
Көк бөріңді ұлытып ұзақ-ұзақ,
Бозінгенін боздатшы сары даланың.
Шанағынан қобыздың шашқылап мұң,
Кірпіктерден жалғанған жас құлатқын.
Қақаманды босатшы, сергіп қалсын,
Жын-перісін қуалап кешкі бақтың.
Шыңғырып енесі өліп қалған құлын,
Сөйлетші қарашаның солған гүлін.
Қорқыттан қалған басшы бір мақамға,
Ұғынсын бұл өмірдің жалғандығын.
Шіркіннің, сарнайтыны-ай ыңыранып,
Жүректі əкетердей жұлып алып.
Қайғыдан күрсінеді қаңғыбас жел,
Басына қара ағаштың шығып алып.
Ағашы қарағайдың түбі ме еді?!
Сарыны, о, не деген тұнық еді?!
Алыстан арқыраған үн келеді,
Ішегі бесті айғырдың қылы ма еді?!
Мұңлы саз бірде шықпай, бірде шығып,
Толықсып күрт үзілді, үн кесіліп.
Қобыздың шанағынан ұшып шығып,
Қоңыр қаз барады əне түнге сіңіп.
Серікбай Әбілмәжін
Серікбай Әбілмәжін 1984 жылы Шығыс Түркістанның Алтай аймағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті филология факультетінің магистратурасын бітірген. Ақмола облысының мектептерінде ұстаз, Бурабай аудандық кітапханалар жүйесінің директоры, Бурабай аудандық «Бурабай» газетінің редакторы болып қызмет атқарған. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері «Сарыарқа самалы» жыр топтамасына, «Жыр маржандары» атты Қазақ поэзиясының антологиясына енген. «Үркертолғақ» өлең кітабының авторы.
Аңсау
Туған жердің таңы әдемі, әні ыстық.
Мына біздер сағынышқа қоса ішіп,
төзімдерді тауыстық.
Құба белі құшақ-құшақ гүл ала,
Көктоғайға көктем келген шығар ә,
көп тоғайға жаңалық кеп күн ара!
Шимай-шимай шыңдарына Алтайдың,
шығып алып лаула көктем, марқай күн.
Таңдайында жұмыртқалап құстардың,
әнге айналып кеткен шығар әр қайғың.
Алтай асқан сонау бабаларымдай
құсқа ілесіп мен де неге кетпедім!
Бота көңіл менің махаббатымдай
елжіреуік көктемім!
Күз өртеген менің мұңлы жұртыма,
сағыныш боп көктедің.
Туған жердің таңы әдемі, әні ыстық,
тұманы да өзгеше.
Байлығыңды шүршіт алды демесем,
шүлен киең сол баяғы, өзгеше.
Жыл құсындай жыраққа ұшып кетпесем,
қасиетіңді мұнша терең сезбес ем.
Тамыр тартқан топырағым тартып бір,
саралақаз сағынышым талпынтып,
қанат қақтым мен неше.
Махаббат пен сағыныштың самалын,
көктем үшін күнде іштім.
Ата жұрттың ақ самалын өпсем де,
бұл не деген бітпейтұғын үрдіс мұң.
Көлден көріп туған жердің сағымын,
Сарыарқаны мекен еткен бір құспын.