Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапар барысында Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен шағын құрамда кездесу өткізді. Ал, кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында бірқатар құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Елбасы фин бизнес капитандарымен кездесу барысында Финляндия Республикасы Қазақстанның сауда-экономика саласындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін айтты.
– Тәуелсіздік жылдары Финляндия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген, – дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бүгінгі кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті. Финляндиядан Қазақстан арқылы Қытайға жаңа теміржол бағдары ашылатындығын айтты және фин компанияларын еліміздің агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Фин компаниялары үшін Қазақстанның туризм саласы да тартымды екені, ІТ-компанияларға да қолайлы жағдай жасалатындығы атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар байланыстың жаңа технологияларын, соның ішінде экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысында 5G стандартын енгізу мәселелерін талқылады.