Жат ағымдармен күрес белсенділігін арттыру қажет

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен селекторлық режимде өткен әкімдік жанындағы терроризмге қарсы

комиссияның кезекті отырысында Жақсы, Қорғалжын, Зеренді, Ерейментау аудандары әкімдерінің жергілікті жердегі жағдай туралы есептері тыңдалды және халықтың терроризмге қарсы түсініктерін қалыптастыру, деструктивті ағымдармен күрес бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды.

Жақсы ауданының әкімі Бауыржан Мәлгаждаров аудандағы діни ахуал туралы жан-жақты айтып берді. Өңірде 2018-2022 жылдарға арналған терроризмге қарсы күрес бағдарламасы шеңберінде мақсатты жұмыстар жүргізіледі. Аудандық ішкі саясат бөлімінің құрамында дін істерімен айналысатын маман штаты енгізіліп, әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін SMM менеджер осы тақырыпта белсенді жұмыстар атқаруда. Жыл басынан бері жергілікті басылымда және интернет ресурстарда, әлеуметтік желілерде дін тақырыбына байланысты 122 материал жарияланған. Қазіргі күні аудан аумағында сәлафи ағымын ұстанатын 10 адам бар. Теріс ағымды ұстанушылардың бәрі құзырлы органдар тарапынан бақылауда және олармен насихат жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта облыстан арнайы шақырылған теолог мамандармен кездесулер өткізу ұйымдастырылған. Жергілікті жерде теолог болмағандықтан, осы жердің тумасы Нұр-Мүбарак университетін бітіріп, Қостанай облысында қызмет етіп жатқан жас маман шақырылған. Қорғалжын ауданының әкімі Бауыржан Ғайса теріс ағымдардың таралуының алдын алу үшін жастарды еңбекпен қамтуға жете көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Өйткені, теріс ағымға өтетіндердің көбі жастар және әлеуметтік жағдайлары төмен адамдар. Осы орайда, ауданда жастарды жұмыспен қамту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 16 жас тұрақты жұмысқа орналастырылып, 76 адам «Бастау-бизнес» бағдарламасына сай курстан өткен. Қазіргі күні аудан аумағында тіркеліп жұмыс істеп жатқан 7 діни бірлестік бар. Теріс ағымды ұстанушылар тарапынан заң бұзушылық, басқа да жағдайлар орын алмаған.
Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафиннің айтуынша, аудан аумағында тіркеліп жұмыс жасап жатқан 31 діни бірлестік бар, олардың дені ислам діні өкілдері. Облыс орталығына жақын болғандықтан ба, ауданда теріс ағымды ұстанушылар қатары өзге өңірлермен салыстырғанда біршама жоғарылау. Ауданда 22 сәлафи ағымын ұстанушылар тұрады. Өткен кезеңмен салыстырғанда теріс ағым өкілдерінің саны өспесе де, кемімеген. Осы орайда, облыс басшысы жат ағым өкілдерінің бетін қайтару бағытындағы жұмысты өрістету қажеттігін атап өтті. Ерейментау ауданындағы діни ахуал туралы баяндаған аудан әкімі Виктор Радченко бұл бағыттағы жұмыста ең алдымен, адамдардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жайына көңіл бөліп отырғандығын айтты. Ауданда кедейшілік шегінде өмір сүретін 89 отбасы бар, оларды әлеуметтік қолдауға қатысты заң шеңберінде жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, жат ағымдардан сақтану тақырыбында дөңгелек үстел, семинар, кездесу түріндегі 72 шара өткізіліп, оған 3 мыңнан астам адам тартылған.
Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова 2018-2022 жылдары діни экстремизм мен ланкестікке қарсы құрестің Мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, тұрғындардың арасында терроризмге қарсы түсінікті қалыптастыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен көңіл бөлетін түйткілді мәселелер жайында жан-жақты баяндады. Бұл орайда, БАҚ арқылы жарияланатын тақырыптық материалдардың әсері мол. Жыл басынан бері жергілікті ақпарат құралдарында дін тақырыбында 1250 материал жарияланған. Сонымен бірге, дін тақырыбы бойынша мамандардың жалпы білім беретін оқу орындарында, түрлі мекемелер мен еңбек ұжымдарында 700-дей кездесулері өткізілген. Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ, көңіл бөлетін мәселелерге де тоқталып өтті. Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдарды кеңінен тартқан жөн және жас-тармен жұмысты әлі де ширата түсу қажет.
Ұлттық Қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы Сәндібек Қасенов өз тарапынан жат ағымдармен күреске қатысты құқық органдары жүргізіп жатқан алдын алу жұмыстары жайында баяндады. Жыл басынан бері 4 жат ағым өкілі сотталса, қазір 2-еуінің үстінен қылмыстық іс қозғалуда.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі еліміздің ішкі қауіпсіздігі үшін маңызы бар терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстарды ширату қажеттігін, бұл мәселеде босаңсуға болмайтынын атап өтті.
Қалкөз ЖҮСІП.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар