Жаратқан иеміз бір жерді сулы, бір жерді шөлді етіп жаратқаны сияқты, ақыл-ой иесі – адамға да әртүрлі мінез бен болмыс-бітім береді. Өзім көріп жүрген көп ағаларымыздың ішінде мінезі жайлап ағып жатқан қара судай бірқалыпты, жаны қызуын мол төгіп тұратын күн нұрындай мейірлі бір Ағаның жөні бөлек көрінері бар.
Санаға салып салмақтасаң, ел үшін атқарған қызметі де, осы жолдағы азаматтық парыз-пайымнан туатын небір толғаныс-түсінігі де ешкімнен асып түспесе, олқы соғардай емес. Қайта соның бәрін жақсыға ұмтылған өнегелі ғұмырында бар жан-тәнімен іске асырып келе жатқан жеке басының қадір-қасиеті кімді болсын өзіне тарта түседі.
«Мен» демей-ақ, ата-бабамыз ұстанған адамгершілік пен ой-өренің қиясынан көріне білуі, әр күнін ізгі мұраттарға жалғауы шоқтығын биіктеткен бұл адам кім десеңіз, Көкшенің біреу біліп, біреу білмес бел баласы Қадыржан Қазкенұлы Әубәкіров деп сүйсіне де, азаматтық келбетіне сүйене де ықыластана айтуға біз бармыз. Тіпті, біреу біліп, біреу білмес деген анықтауышын да бірге жалғап жатқанымыз, осы өмірде Азамат болып, ат жалын тарта жүріп, ешқашан мен көзге түсейін, осыдан ұпай жинап алайын деп анау-мынау артық ойға барған жан емес.
Әйтпесе, үлкенді-кішілі талай қызмет, ондай жағдайлардың мол үрдісі көңіл ауанын осылай қарай бейімдетіп, «мен» деп қойғызатын да мүмкіндіктер болған. Алайда, өз өмірінде ақырын жүріп, анық басқан Қадыржан аға әу бастан ондайды емес, алдымен ардың тазалығын, адам деген аттың абыройлылығын ойлады. Әрі оған бала кезінен бойы мен ойына үстемелеп құйған өз ортасының тәлімі, тегінде бар тектілік те біржола бет алдырғанын әлі күнге сыпайы мінезінен, жүрген жеріндегі беделі мен кісілік тұлғасының бекемдігінен жазбай аңғарасыз. Ал, осының бәрі бір кезде заманының ұлы әншісі Үкілі Ыбырай бабасы:
Жалғызтау, төбең биік бұлттан асқан,
Сырласып сұлу күнмен құшақтасқан.
Оқалап қызыл пүліш шапан киіп,
Құлпырып май айында жұпар шашқан,–
деп жүрек қылын шерткен ғажайып әнге арқау болған Жалғызтау тауының баурайындағы Құмтөккен ауылында шыр етіп жарық дүние есігін ашуынан басталып еді. Бір күнде алпыстан астам ер-азамат қан майданға аттанған ауыл аты содан бастап Қызыләскер атанып кетеді. Бұл да соғыс салған жара ма? Жара. Сол сұрапыл жылдардың ел мен ерге тартқызған тауқыметін бала Қадыржан есейе келе, Ұлы Отан соғысының ардагері Қазкен әкесінің өз аузынан еститін. Госпитальда ұзақ емделіп, елге қайтарылған әкенің содан ендігі көрген көз қуанышы Қадыржанына берген тәрбиесі еңбекпен, барға қанағатпен өсіп-өніп, мына жер бетінде барыңды жақсылықпен, адамгершілігіңмен тұғырлау болатын.
Сол үкіметтің не өз ортасының шаруасы болсын, жанында бір тыным жоқ әке аманатын жастайынан елгезек, ертеңге талабы мол осы ұлының ойдағыдай орындағаны ақиқат. Оқушы, студент бола жүріп, тамыршыдай ана-мына тақырыпта ойын дәл жеткізген, байыпты бола жүріп, ақылшыдай ата-анасына сөзін өткізген кездері сүйсінтетін. Бойындағы зерделілігі мен ұсынылықтылығы осылай көздеген арман-мақсаты жолында жас жанын тыным тапқызбады. Ол кезде оқу бітірген жас қазіргідей әуре-сарсаңға түсе ме?! Жұмыс дайын, тек ниет болсын.
Өз туған топырағынан шыққан айыртаулық бабасы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының түлегі Қадыржан аға да, арада үш жылдық әскери міндетті борышын айтпағанда, облыс орталығының іргесіндегі Еленовка орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып, білім саласындағы қат-қабат шаруаларға жан-тәнімен кірісіп кетті. Кейін еңбегі бағаланып, Ақкөл мектебінің директорлығына тағайындалды.
Әрі қарай бүкіл өмірінің мәніне айналатын халықпен жұмыс істеу ыңғайы, өзіңе ғана жауап бермей, өзгелер үшін де жауапкершілік жүгін тең ұстайтын басшылық міндет-парыздың қағидасы сол кезде әлі отыздағы жас жігітті өзінің қыр-сырына осылай бойлатты. Айтпақшы, мектеп бітірген алғашқы жылы Целиноградқа институтқа барған жерінен қайтып оралып, ауылда бір жылдай кітапханашы болғаны да бар. Сондағы жатсынбай, мұның хал-жағдайын білуге үлкен басымен кітапханаға кірген шаруашылық басшысы, Ленин орденді Төлеу Сүлейменов ағасының «Қадыржан інішек, сен еңбек жолыңды жаңа бастап жатырсың. Бірінші күннен өзіңді, отырған орныңды осылай жинақы ұста, жұмысқа бар ынтаңмен кіріс, қашанда жақсы істер серік болсын» дегенін осы ғұмырында жадынан бір шығарған емес.
Әттең, жалын атып өмірден ерте өткен сол ағаның мұның бүкіл алдағы өмір жолына ақ тілегіндей осы сөзі өшпестей көкірегінде жатталып қалыпты. Сол сөзді қанша рет басшылыққа, ар-ождан басшылығына алды екен?! Әйтеуір, әр жаңа қызметке келгенде, өмірде күткен-күтпеген жағдайлар туындағанда өз-өзін бірде қайрап, бірде Алланың түзу жолына алдын ала сайлап, талай ойында жаңғыртқаны анық.
Өмір осылай адамдардың бір-біріне дем беріп, түсінісуімен де ыстық екен ғой. Қадыржан ағаның да көкейінде осылайша талай жақсы-жайсаңдардың тәлім-тәрбиесі, есті әңгімесі, мәрт мінезі, ғибрат-пайымынан жинақталған сыр-қазыналар көп сақталған. Оған өзінің де көкірек көзінің әріден мұндалауы, жан-жақтылығы қосыла келіп, өмір соқпағында төр дәметпесе де, өрден көрінген кездері аз болған жоқ. Соның ішінде басқаларға әскери қызмет бір рет бұйырса, Қадекеңе екі рет бұйырыпты. Бұл арада біз ағамыздың жетпісінші жылдардың басында институт қабырғасынан кейін Дағыстанда екі жыл офицерлік қызметте болғанын айтқалы отырмыз. Ол да адамды көрікке салған темірдей шыңдалмасына қоймаған. 1975 жылы қашан Кеңес Одағы тарағанша Володар аудандық партия комитетінде нұсқаушы, шаруашылықта партком хатшысы, қайтадан аупарткомда бөлім меңгерушісі сияқты небір лауазымның сын тезінен өткен ұзақ жылғы жұмысына осындай бір өмір көру, ел көрудің әжептәуір бел ортасынан келіп еді.
Өткенге әмір жүрмейді. Болары болып, төрт әріптен тұратын алып империя құлады. Оған жіпсіз байланған әр ел өз тәуелсіздігін алды. Бірақ, бұған қарап, сол кеңес дәуірі кезіндегі қайнаған өмірді жоққа шығара алмайсыз. Қадыржан Әубәкіров коммунистерге бас болған «Зоветы Ильича» кеңшары ол кезде облыстағы озат шаруашылықтардың бірі еді. Астық, мал мен сүт өнімдерін өндіруде үнемі жүктелген міндет биігінен көрініп отырды.
Шаруашылық басшысымен бірге, сол ұйымдастырушылық қырының ескерусіз қалмағанын, идеология саласындағы таңдаулы жетекшілердің бірі ретінде аты жақсы жағынан жиі аталғанын бүгінгі басқаша заманның өзі бүркемелей алмаса керек. Жұмысқа барын салған қарымды қабілеті бұдан кейін өзін үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне қалап алған аудандық партия комитетінде қайта жалғасты. Сол тұста ұлы Шоқан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай шыққан қасиетті өңірдің бағына аудан басшысы болып, ұлтжанды, іскер азамат Болат Ахметжанұлы Көшімбаев тағайындалды.
Бұл кезде уран кеніші жайлаған Айыртаудың халі мүшкіл еді. Алда бірінен соң бірі үш ұлы тұлғаның мерейтойлары келе жатқан. Аудан атырабын радиация қаупі шалған мына түрімен жайбарақат отыру елге де, ерге де үлкен сын болатын. Міне, осы орайда үлкен қайрат көрсетіп, сол қауіптің уын төккен алып химия комбинаты, оның артында тұрған КСРО ауыр машина жасау министрлігімен аянбай шайқасқан Болат ағамыздың қасында сенімді серігі болып осы Қадыржан Әубәкіров тәрізді аптал азаматтар жүрді.
Аз уақытта қаншама жұмыс жасалды десеңізші. Алдымен Шоқанның ұлы тойы өтіп, оған сырлы Сырымбет саласы мүлдем жаңарған, жасарған қалпымен келді. Осы аттас ауылдың көркі бір шеті республикадан келген қонақтарды сүйсіндіріп, Шоқанның мемориалдық музейі, қайта қалпына келтірілген Айғаным қонысы сәтімен біткен үлкен бір шаруаның үлгісі болып есте қалды.
Одан 1990 жылы Үкілі Ыбырайдың 130 жылдық мерейтойы атап өтілді. Ол да Айыртау атырабына үлкен серпіліс әкеліп, осы өңірдегі тұңғыш республикалық ақындар айтысы, ән фестивалімен ерекшелене түсті. Арада үш жыл өткенде Ақан серінің туғанына 150 жыл толуы одан сайын бүкіл елді өзіне қаратқанын айналып өту тіпті де мүмкін емес. Республикалық деңгейде аталып өткен бұл тойға ұлан-асыр дайындық жасалып, алдымен уран өндірісі қалдығының ән дүлдүлінің туған жеріндегі Қоскөлге құйылуы тоқтатылды. Ақанның ауылы өзінің бастапқы кіндік кескен топырағына көшіріліп, 64 коттедж, мектеп, барлық мәдени-тұрмыстық нысандардан тұратын жаңа Кеңащы ауылы салынды. Бұл бір жағы Мәскеудің әмірімен тайталасып жүріп қол жеткен жеңіс еді. Сондағы осы істе қол бастаған қолбасшыдай талай кедергілерді бұзып-жарып, ақыры, ел үшін мақсатына жетіп тынған Б.Көшімбаевтай табанды басшымен бірге, Айыртаудың туын биік ұстағандардың бірі осы Қадыржан ағамыз болатын. Ол кезде қызметі өсіп, аудандық партия комитетінің хатшылығына жоғарылатылған-ды.
Бұл бір осы сұлу өңірдің жұлдызды жылдары болды-ау деймін. Жақсы жаңалық та, озық тәжірибе де осында. Әрине, ағалар еңбегі бүкіл республика Айыртау деп көз тіккен дүбірлі тойлармен ғана шектелген жоқ. Өзі де ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған бүкіл идеологиялық жұмыстың тізгінін ұстап, сөз бен істің бір жерден шығуына дәнекер болуының арқасында сол кездегі өңір еңбеккерлері қол жеткізген жақсы жетістіктерді әлі де жіптей тізіп бере алады. Осы мақала барысында өзіміз пайымдап отырсақ, уақыт, заман талабы, қоғамдағы өзгерістер Қадыржан Әубәкіровты да талай іс, талай саланың ұңғыл-шұңғылына бойлатумен болған екен. Солардың бәрінде де нағыз азаматтық келбеті, іскерлік қасиетімен кез-келген шаруаның қисынын таба білген абзал жанның өзіне сеніп тапсырылған әрбір жұмыс буынында ел үшін аянбай еңбек ету ұмтылысы кейін коммунистік партия тараған соң да ұдайы өз нәтижесін берумен болды. Мәселен, халық банкінің Айыртау аудандық бөлімшесін басқарған жылдары жұрт тап болған қаржы тапшылығының күрмеулі мәселелерін шешудің, ұлттық теңгемізді орнықтырудың алдыңғы легінде жүрді. Мұнда да кезінде өндірістен қол үзбей жүріп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетінде алған білімі мен білігі көмектесті.
Одан соң тағы да кезекті бір сенім жүгін арқалап, Көкшетау облыстық экономика басқармасындағы жауапты қызметінен облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындалғанда осы саладағы жаңа істің бастауында тұрамын деп ойлап па?! Ол жағы сәл кейін. Ал, сол 1996 жылдың сәуірінде халық бірнеше айлап зейнетақыларын ала алмай, осы мәселе әбден ушығып кетіп еді. Қызметіне кіріскен беттен тұйықтан жол іздеп, басқа облыстардың тәжірибесіне ден қойды. Бұлай жалғаса беруге болмайтындықтан, 1997 жылдың аяғында елімізде жаңа зейнетақы реформасы қолға алынғаны белгілі. Сол тұста халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласында жаңашыл жұмысымен көзге түскен Қадекең Көкшетау қаласындағы мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы қызметіне ұсынылды. Осылайша бүгінде қаншама зейнеткердің зейнетақы мәселесіне қатысты жұмысын үйлестіріп отырған аталмыш мекеме осы кісінің басшылығымен аяғынан қаз тұрды. Ал, жаңа істің бастауы қашанда оңай еместігін ескерсек, оның алдыңғы легінде болу, бүгінгі үйреншікті жұмыстың негізін қалап, бүкіл жүйесін қалыптастыру кез-келген адамға мерей екені айтпасақ та түсінікті. Небары он екі маман бар-жоғы үш компьютермен тез арада Көкшетаудағы 19 мыңға жуық зейнеткердің тізімін жасап, республикалық бюджеттен зейнетақы төлеуді бастап жібергендері, сөйтіп, содан қайтып осы жүйедегі бұрынғы тоқырау келмеске кеткені бұл күнде жай бір елес сияқты. Ал, ол кезде…
Бұдан соң Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары болып қызмет атқарған Қадыржан Әубәкіров сол кезде осы мекеменің басшысы болған қазіргі Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Қабыкенқызы Жақыпованың іскерлігі мен адамгершілік бет-бейнесін үлкен ілтипатпен ауызға алады. Сол 2001-2008 жылдар аралығында біздің облысымызда да тұтастай еліміздегідей, зейнетақы жүйесін жетілдіруде көп жұмыстар атқарылып, осы жүйені реформалау ісінде Ақмола филиалының республика көлемінде үнемі үздіктер қатарынан көрінуі дәстүрге айналған-ды. Бүгінде сол дәстүр әлі жалғасып келе жатқанына қуанады абзал жан.
Иә, манадан бері әлеуметтік сала ардагері, өз ісінің майталманы Қадыржан Әубәкіровтың тек осы саладағы елге сіңірген еңбегіне тоқталсақ та, оның өзі бір мақалаға әбден жүк болары анық еді. Бірақ, жаны жайсаң адамгершіл тұлғаның ат жалын тартып мінгелі алған басқа асуларын да аттап өтсек, мұнымыз тағылымға толы ғұмырын толық қамти алмағанымыз деп түсіндік. Бұл арада, Қадыржан Қазкенұлының өз өмірінің әр жылдарында қолдан келгенше қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, әсіресе, Үкілі Ыбырай бабасының ардақты есімінің Ақмола облыстық филармониясына берілуіне республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған бірқатар мақалаларымен біраз жеке үлесін қосқанын да айта кетсек, артық емес.
Бәрінен бұрын адам көркі қарапайымдылық, кісілік екендігін осы өмірде жүріс-тұрысымен-ақ дәлелдей білген Қадыржан ағаның ана бір тұста Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып та биязы мінезі, сергек көзқарасымен көп көңілінен шыға білгені бар. Ал, отбасында сүйікті зайыбы, білікті педагог Лидия Балахметқызымен ұзақ жыл тату-тәтті ғұмыр кешуі өз алдына тағы бір өнеге. Өмірдің ұлы көшінде бір-біріне сенімді тірек болып келе жатқан ерлі-зайыптылар екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, үшеуінің де қызық-қуанышын көріп отыр. Осы Қазбегі, Бибігүлі мен Қайнары да адал еңбекті мұрат тұтып, ата-ананың өнегелі жолын лайықты жалғастыруда. Толғауы тоқсан тірлікте екінің бірінде кездесе бермейтін асыл қасиет – адалдық пен кішілік қағидасымен келе жатқан әлеуметтік сала ардагері Қадыржан Әубәкіров ағамыз туралы әр жүрекке алда да жаз шуағындай жылы сөздердің көптеп жете береріне еш шүбәміз жоқ.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.