немесе нашақорлықтың қасіреті және одан емделуге құштар жандар сенімі
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Сенім» әлеуметтік-психологиялық сауықтыру орталығы өзі жұмыс бастаған 13 жыл ішінде республикамыздың барлық аймағынан келген 859 адамға көмек көрсеткен. Қатарларында құлан-таза айығып кеткендер де бар.
Адам тағдырының жолы мың бұралаң. Жол төріндегі жарық сәуле сансыз сынға толы. Сол сәуленің ішінде де адасып жүретіндер бар. Шалыс қадамды адамның өзі жасайтыны соншалықты таңданыс тудырмайтын болып барады. Әйткенмен, оның соңы өкініш. Мұны алдымен нашақорлыққа тәуелділікке қатысты айтып отырмыз.
Алапат дерттің шырмауығына шырмалып, шыңырауға құлап жатқандар қаншама. Есеңгіреп барып, жұлын құрттың құрсауынан жандәрмен құтылуға тырысқандар тағы бір тауқыметке түседі. Ол – айналадан оқшаулану, жалғыздық дерті. Қоғам осындайда демеу қолын созып, азаматтың айқын жолға түсуіне жағдай жасайды. Солардың бірі – Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Сенім» әлеуметтік-психологиялық сауықтыру орталығы. Орталық өзі жұмыс бастаған 13 жыл ішінде республикамыздың барлық аймағынан келген 859 адамға көмек көрсеткен. Қатарларында құлан-таза айығып кеткендер де бар.
Уақытпен үндес жақсы істің жақсы дәстүрлері де болады. Соның бірі – ашық есік күні аясындағы «Раздольный күзі» танымдық шарасы. «Раздольный күзі» оңайлықпен қалыптасып, айшықты мерекеге айнала қоймағаны да рас. Әуелгі кезде Қазақстан Республикасы ІІМ есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетіне қараған орталықты Көкшетаудың іргесіндегі Раздольный ауылына қоныстандыру туралы шешім қабылданғанда тұрғындардың өре түрегелгені көз алдымызда. Оларды да түсінуге болатын шығар. Атының өзі қай-қайдағыны еске салатын нашақорлық дегеніңіз кім-кімді де тіксінтіп тастайтыны белгілі. Осы жерде орталық қызметкерлерінің біліктілігі мен білімпаздылығы анық байқалды. Кеңседе, мектеп пен мешітте де жиналыстар шақырылып, орталық «ашық есік күнін» өткізумен болды. Көп ұзамай көзқарас өзгеріп, ниет пен пейіл жарастығы орнықты. Бұл әрі керек, әрі күрделі жұмыстағы ең үлкен табыс еді. Орталықтың ресми ашылуына алыс-жақыннан кісілер шақырылып, раздольныйлықтар мерекені тік тұрып өткізді. Сол күздің қабағы жылы еді, әлі де жылы.
Жыл сайынғы мерекеден қалмауға тырысамыз. «Раздольный көктемі» мейрам ғана емес, орталық жұмысының жылдық қорытындысын шығаратын сынақ саналады. Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Жетістік пен кемшілік таразыға салынып, пікірталас қызу өрбиді. Маған соңғы үш жылдан бері өткізіліп келе жатқан жиындар ұнайды. Өйткені, кейінгі басқосуларға ауыл тұрғындарымен қатар, бұрын орталықтың шарапатын көрген азаматтар еліміздің әр тарапынан құрметті қонақ ретінде шақырылады. Осы жолы «Сенім» деп аталатын орталықты ең қымбат үйі санайтын он бес азамат келген екен. Бәрімен қауышып амандасып, мәре-сәре болған тәтті күй жүрекке тебіреніс құяды.
Бүгінгі мереке жергілікті Раздольный орта мектебінен басталды. Салтанат залының безендірілуі көз тартады. Айшықты жерлерге ілінген плакаттардан көңіл шуағы күлімдеп тұр. Идея өзгерген. Қорқынышты сұлбалар, ине мен шалғы ұстаған әзірейіл көрінбейді. Сахналық көріністер, арнайы кинофильм терең ойға қалдырады. Қойылымның кейіпкерлері қазір орталықта жүргендер мен оның бұрынғы тәлімгерлері болғандығы, олардың бастан кешкен оқиғалары шынайы бейнеленуі жұртшылыққа ерекше әсер етті.
Дөңгелек үстел басындағы әңгіме риясыз көңілмен, барынша ашық жағдайда өрбуде. Бұрындары үрпиіп отыратын мектеп балаларының белсенділігі қайран қалдырарлықтай. Олардың сауал сараптаудағы тереңдігіне, тағдыр тауқыметіне түскендердің жүрегіне жара салмауға тырысқанына, ендігәрі ешкімнің адаспауына тілектестігіне, өздерінің де жаман ғадеттен аулақ болуды мансұқ санайтындығына риза болдық.
Оңалту орталығының өндіріс шебері, Болат Бектеміров, мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы Ольга Мищерина есірткіге тәуелділіктің жан мен тәнге қатысты зардаптары жайында байыпты баяндады. Мұндай кездесулер биыл Күсеп, Алексеевка орта мектептерінде де өткізіліп, психологтар Айман Телікбаева, Камила Мұхамедиярова, Айгүл Айжановалар ашық сабақтар ұйымдастырыпты. Кездесулерде «Нұр Отан» партиясы жастар қанатының белсенділері «Есірткіге тосқауыл», «Саламатты ғұмыр» акцияларын өткізген. Мұны бүгінгі шараға қатысқан облыстық наркологиялық диспансердің, ішкі істер департаментінің, облыстық білім басқармасының өкілдері қолдап, оны әлеуметтік жаңа жобалармен жалғастыру қажеттігін айтты.
Республикамыздағы бірегей орталықтың меңгерушісі Сұлушаш Бекмағамбетова «Ашық есік күні» аясында жұртшылықты мемлекеттік мекеменің сан қырлы жұмысымен таныстырып, алған асу, алдағы мақсат жөнінде әңгімеледі. Мұндағы оңалту бағдарламасы «Қазақстан Республикасының нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес Стратегиясының» талаптарына негізделген. Іске басшылық етіп алынған 7 бағыттың міндетті түрде жүзеге асырылуы мекеме қызметкерлерінің ғана емес, осында қабылданған қыз-жігіттердің де ортақ жауапкершілігін күшейтеді. Бұл орайда еріктілік, өзін-өзі басқару, қызмет көрсету, өзара ынтымақ пен көмек, психотерапиялық және еңбекке тарту процестеріне белсенді қатысу, есірткіге тәуелділіктен құтылуға тырысу талаптары қатаң сақталуға тиісті. Мұның айтарлықтай қайтарымы барлығы көрініп тұр. Өткен алты жылда 18 бен 45 жас аралығындағы 314 адам орталықтың құзырында болса, соның 65-і тұрақты ремиссияда, яғни, есірткі қолданбайтындар санатына жатқызылған. Ал, қазір осында тұрып жатқан 29 азаматтың болашаққа сенімі зор деп айтуға болады. Орталықтың «Сенім» деп аталуы да көп жайларды аңғартқандай.
Біз қос қабатты ғимараттағы мұнтаздай жатын бөлмелерін, психологиялық кабинеттерді, компьютер сыныбын, тренажер залын, мәдени шаралар отауын, кітапхананы, асхананы, тұрмыстық бөлмелерді аралап көрдік. Бірыңғай телефондық кеңес бөлмесінің жұмысында тыным жоқ. Ондағы тегін байланыс жүйесі еліміздің кез-келген қаласымен хабарласуға мүмкіндік береді. ЖиҺаз және тігін цехтары жаңа құралдармен, қажетті материалдық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Орталыққа қажетті заттардың барлығы дерлік осында дайындалған әрі тапсырыстар бойынша өнімдер шығарылады. Аталған цехтарда кәсіби біліктілігін жетілдіргендерге арнайы куәлік пен сертификат тапсырылады екен. Бұл ертеңгі күні жұмысқа орналасу мәселесін жеңілдететіні белгілі. Сондай-ақ, биыл бау-бақшадан да тәп-тәуір өнім жиналыпты.
Дәстүрлі мерекеде орталықтың бүгінгі және бұрынғы түлектерінің қатысуымен спорттық, мәдени шаралар тартысты өтті. Әсіресе, «Сырласу кешінің» тағлымы мол болғандығын айтуымыз керек. Өксікті өкініш пен қайта оянған үміт жырларына сіздер де құлақ түріңіздер, ағайын.
Қарағандылық Виталий: мен 30 жастамын, соның 16 жылында есірткінің құрсауындамын. Отбасымнан, үйімнен, жұмысымнан айырылдым. Қымбат көлігім де бар еді. Ем іздеп бармаған жерім қалмады. «Сенімде» өткізген 8 ай үміт сәулесін себезгілетті. Екі рет демалыста болып келдім. Ата-анамның, достарымның маған деген көзқарасы өзгергеніне қуандым.
Петропавлдық 33 жастағы Ольга: өзім медицина қызметкері болсам да айналамның әумесер ықпалынан шыға алмадым. Тауқыметтен шаршадым. Ұлымның «не мен, не есірткі» деген сөзі санамды шайқалтып жіберді. Орталықта жүргеніме 4 айдан асты. Қоғамның тең құқылы азаматы ретінде өмір сүрудің қандай бақыт екенін енді сезінгендеймін.
Теміртаулық Нұртай: орталыққа қонақ ретінде келіп отырғаныма қуаныштымын. Бизнес саласындағы бұрынғы жұмысыма қайта орналастым. Үйленіп, шаңырақ құрдым. Алтын уақытымды зая жібергеніме өкінемін. Мен жаңағы Виталийді демалысқа барғанда осында ертіп келіп едім. Одан жақсы жігіт шығатынына сенемін.
Алматылық Володя: «Сенімге», директорымыз Кенжеболат Шайкенұлына мың алғыс айтамын. Мен екі жыл қатарынан «қонақ» болып келіп отырмын. Сіздер де осынау құрметті сапқа қосылыңыздар, бауырлар! Есірткіден емделу өте қиын. Уақытты өткізбеңіздер. Мақсат қойыңыздар, табандылық, ішкі күрес қана нәтиже беретінін біліңіздер. Орталыққа ойлы сапар бастағандарыңызға сенемін.
Дірілдеп шыққан дауыстар. Жарқылдап шыққан дауыстар. Арада әрі жақын, әрі алыс көрінбейтін шымылдық тұр…
Бақберген Амалбеков.
Зеренді ауданы.