Ұлы жеңістің 80 жылдығы құрметіне «Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында дөңгелек үстел өткізді. «Жеңіс туын желбіреткен жерлесіміз» тақырыбындағы шара Кеңес Одағының Батыры, жазушы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдарының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына арналды.
Оған қатысқан Көкшетау өңіріне танымал өлкетанушы, шежіреші, тарихшы, еңбек ардагері Қабыкен Қонқаев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры Ардақ Ахметжанова жас ұрпаққа баһадүр, білімпаз, ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігін, қайраткерлік, санаткерлік істері мен ұлттық әдебиеттану, фольклортану, педагогика ғылымдарын дамытуға қосқан зор үлесін, азаматтық келбетін үлгі-өнеге етті. Тағылымды шарада оқушылар Мәлік батырды көзі көрген Қабыкен аталарымен профессор ағаларының әңгімелерінен терең мағыналы ақпарат алды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының оқытушысы, доцент, азаматтық қорғау подполковнигі Гүлбану Мәдина жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызына тоқталды.
Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкері Біржан Баймағанбет адамгершілік қасиеттерімен халықтың жүрегінен үлкен орын алған кемеңгер тұлға Мәлік Ғабдуллинге арналған «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмеге шолу жасады. Кітапханашылар «Тұғыры биік тұлға» тақырыбындағы кітап көрмесімен таныстырды.
Шара соңында өскелең ұрпақ Мәлік гимнін шырқап, батыр рухына құрмет көрсетті. Қатысушылар Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп қабырғасында ашылған батыр музейіне саяхат жасады.
Тұғыры биік тұлға қазақ халқының алдындағы перзенттік, азаматтық парызын өтеп өткен ерен еңбегімен, көзсіз ерлігімен мәңгі жасай береді. Батырлық бейнесі, ғалымдық болмысы мен ғылыми өрісі сарқылмай, уақыты озған сайын өзінің өміршендік сипатын жоғалтпай, жаңғыра, жаңара, жарқырай түседі.
Бақытжан АЙДОСОВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана меңгерушісі.
![]()

