Бала кезінде қиял әлеміне сүңгіп кеткенді жаны жақсы көретін. Жақсының жусанды, жалпақ даласы. Көз ұшына ілігетін қарасын жоқ. Піл сауырлы кең дала. Жаз айларында жалпақ жонда көгілжім сағым ойнап тұратын. Мың бояулы. Әлде одан да көп пе екен. Көгілдір бояулы, жеп-жеңіл, жұп-жұқа әлемнің арғы жағына құмартатын. Жанары талғанша жәудіреп қарап отырушы еді. Сан бояулы сағымның арғы жағында не бар екен?.. Білсе ғой, шіркін… Барып көрер ме еді. Шудалары желкілдеген, маң-маң басқан түйе керуені көшіп бара жатқан шығар. Әлде төбелері көк тіреген зәулім-зәулім үйлер, әлдеқайда асыққан мың сан адам қарбаласа сапырылысып жатқан шығар. Әйтеуір, ол жақта есіңді алар бір қызықтың болуы әбден мүмкін.
Жалын атқан жас жүректегі алабұртқан ақ арман қиялына қанат бітіретін. Қиялшыл болғандықтан ба екен, бар ғұмыры ақбас толқындары аспанға шапшыған теңіздей буырқанып өрбіді. Облыс орталығынан тым жырақта жатқан Жақсы ауылындағы орта мектепті бітірді. Жалғыз білім ошағын ғана емес, музыка мектебін де. Көңілділер мен тапқырлар клубында ойнады. Балауса көңілдің балдырған сезімдерін қалыптап, хабар-ошар, мақалалар да жазды. Ансамбль құрамында өнер көрсетті. Футболмен, бокс-
пен айналысуға да уақыт тапты. Мұның барлығы қапысыз іздену, болашақ жолын айқындау болатын.
Шығармашылыққа деген құлшыныс бұрқ-сарқ етіп қайнап жатса да, әке-шешесінің қалауына орай Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетіне түскен. Бағдарламашы мамандығын игерді. Бұл тарапта да тәп-тәуір табысқа қол жеткізді. Өз мамандығы бойынша Қазақстанның және шет елдің ірі компанияларында жұмыс істеді.
Тылсым сырға, қиялға берілу жай қалған жоқ. Айдие Айдарбековтың қаламынан туған «Спуститься с Небес» кітабы фантастика жанрында жазылды. Қалам қарымы бір кітаппен ғана түйінделмеді, республикалық «ЖасStar» ғылыми-әдістемелік журналы мен өзге де басылымдарда жариялана бастады.
–Көңіл түкпірінде жазушы болсам деген арманым бар еді,–дейді өзі,–алуан-алуан тағдырлар қызықтырады. Олардың кескін-келбетін, ішкі жан дүниесін сомдау рахат дүние емес пе? Мен бұл кітабымды студент кезімде жаздым. Студентке кітап шығару да оңай емес қой, университет көмектесті. Аз таралыммен болса да шығарып берді. Әдебиет әлемінен хабары бар таныстарым бұл шығармам сценарийге көбірек ұқсайды деген ой-пікірлерін айтып жатты. Міне, осы кезден бастап менің жан дүниемде сценарий жазуға деген ұмтылыс пайда болды. Жалаң ұмтылыс ұшпаққа шығармайды ғой, ендігі арада бойымдағы бар қуатымды осы бағытқа арнап, мен үшін беймәлім әлемнің қыр-сырын білуге, үйренуге тура келді.
Ізденуге деген құштарлық әлемдік деңгейдегі продюсер Дәурен Төлеухановпен таныстырған. Бағдарламашы-техника ғылымының магистрі қиялындағы биіктікке табан іліктіретіндігіне бек сенімді еді.
Бірде фейсбук желісін ақтарып отырып New York Film Academy тегін білім алуға мүмкіндік бар екендігін білді. Пост авторына әлдеқалай болар екен деген болмашы үмітпен хабарлама жазған болатын. Мына қызықты қараңыз, арада үш ай өткен соң академияға қабылданды. Кейін Президент стипендиясына ие болды. Атақ-даңқы айдай әлемге мәлім академияда оқу ақысы өте қымбат. Бір семестрінің өзі 15 мың доллар. Әрине, ішінара грант та бар. Бірақ, оның өзі шалғайдағы шағын ауылда өскен жусанды даланың баласы үшін жалынан ұстатпас деңгейде еді. Осы арада кейіпкеріміз «Болашақ» стипендиясына, түптеп келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған қамқорлыққа шексіз риза. Әйтпесе, академия қайда, біреу қайда? Лос-Анджелесте білім алуды армандап еді. Енді сол асқаралы асуға шығаратын соқпақ жолға табан іліктірді. Соңғы сәтке дейін сене алмаған. Қиялшыл бозбаланың арманға толы жүрегі лүп-лүп етеді. Заңғар таулар қоршаған, етектегі мың сан адамдары қарбаласқан, әр тілде сөйлейтін, кескін-кейпі сан алуан жұрттың ортасынан табылу, қиял әлемінде қанша рет қақпасын қаққан өзге реңді, беймәлім дүниенің қайнаған ішінде жүру кез-келген жастың маңдайына жазылатын бақыт па, тәйірі?..
Лос-Анджелесті туған үйіндей сезінеді. Мұнда орыс тілділер аз емес, аракідік қазақстандықтарды да кездестіруге болады. Әр алуан мәдениеттің, сан түрлі дәстүрдің мидай араласып, тоғысқан жері. Жергілікті жұрттан бөлек қытайларды, кәрістерді, армяндар мен орыстарды, өзге де ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Сол бал арасындай үймелеп жатқан қалың жұрттың ортасында әлемге аты шыққан тұлғаларды да жолықтырар едіңіз. Оларды көше бойынан да кезіктіресіз. Даңқы жер жарып тұрса да, барынша қарапайым, көкірек керуді, менменси
қарауды білмейді. Бірде жер жаһанның көрермен қауымына «Миллионер из Трущоб», «Лев» кинофильмдері арқылы таныс Дев Пательді көргенде өз көзіне өзі сенбей, айран-асыр болған. Дев Патель қастарынан велосипед теуіп өте шықты. Ал, қарсыдағы дәмханада «Гримм», «Каприка» және
«Послезавтра» фильмдері арқылы таныс Саша Ройз ас ішіп отыр. Біреуге айтса сенбес еді.
Нью-Йорктегі кино әлемі академиясы осы саланың 25 үздік оқу орындарының қатарына жатады. Университет негізінен тәжірибеге басымдық береді. Сондықтан, студенттердің көп уақыты түсірілім алаңдарында өтеді. Жоғары оқу орны Universal студиясымен келісім-шарт жасаған. Бар уақыт, ынта-жігер, күш-қайрат осы арада сарқа жұмсалмақ. Шын шеберлік машықпен ғана жолдас. Тек ара-тұра кезекті блокбастер түсірілерде қайнаған жұмыс іркіліп, үзіліп қалатындығы бар. Академия Голливудта орналасқан. Кино өнерінің нағыз дүрсілдеп соғып тұрған жүрегі. Бұл жердегілердің бәрі ертегідей сұлу, аңыздай ғажап кино өрісімен тыныстайды. Ілкімді іс те кино, әңгіме-дүкен де кино жайында. Кино өнері тебірене толқып жатқан теңіз іспеттес. Бір толқын қақпақылдап бетіне қалқытып алып шықса, іле жеткен екіншісі алақанына салып көтереді. Жалғыз жаныңдағы студенттер ғана емес, осы өнердің жілігін шағып, майын ішкен мықтылармен тілдесудің сәті де түсіп тұрады.
Мамандығы кино бағытындағы білімін байыту курсы. Оператор шеберлігіне, сценарий жазуға, актерлық өнерді игеруге баулиды. Білімдегі басты арна режиссураға бағытталған. Кино өнерінің қаншалықты қиын екендігін, жаныңды жеп барып қана жарыққа шығатындығын осы жерде ұққан. Тау басынан құдық қазғанмен бірдей. Алдымен қысқаметражды кинолардың сценарийін жазса, енді бірде толықметражды фильмдермен айналысады. Содан соң сериалдар туралы сценарий. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Оқытушылары да кино өнерін қалың-қалың кітаптардан оқып, танып білмеген. Өздері де соның ішінде жүр. Бір оқытушысы «Звездный путь» сериалын түсіру үшін он жыл ғұмырын сарп еткен. Енді бірі «Пила» фильмін түсірген. Сондықтан да, өз кәсібін түбегейлі, толық меңгерген, шынайы шеберлер.
Америкада жұмыс табу оншалықты қиынға соқпайды. Айдие Айдарбеков мұнда студенттік виза арқылы жүрген болатын. Толық жұмыс істеуге құқығы жоқ. Бірде жергілікті кинокомпанияға тәжірибе қалыптастыру үшін өтініш берген. Олар бірден жұмысқа алғысы келді. Бірақ, студент екенін білген соң өз ұсыныстарынан айнып қалды.
Бірнеше жобаларда жұмыс істеп үлгерді. Ол үшін ақша алған жоқ. Ең бастысы, кино өнерінің хас шеберлерінің жанында жүріп, бай тәжірибе жинақтады. Мәселен, Джеймс Франконың «Горе-творецінде», Джонни Дептің «Лабиринтінде» ойнады. Шаршады, шалдықты. Бірақ, алған бетінен қайтпады. Түсірілім алаңындағы жұмыс уақыты негізінен он екі сағатты құрайды. Кейде тіпті одан да асып кетеді. Кейбір түсірілімдерді таңғы сағат төрттен түсіру керек. Осыншама қиындыққа төзгендігі ақсүйек өнерді толайым меңгерсем деген тілектен.
«Наркос» сериалын өмірге әкелген адамдармен танысты. «Телохранитель киллера» және «Невероятный Халк» фильмдерінің сценарийін жазды. Френсис Форд Коппол, Ридли Скотт және Стивен Спилберг тәрізді режиссерларға көмекші болды. Көк теңіздің ар жағындағы кино өнерінің көкжалдарымен ғана емес, өзінің сүйікті Отаны – Қазақстанның майталмандарымен де жұмыс істеп үлгерді. Өз фильміне Санжар Мади мен Гаухар Нұртасты түсірсе, Айсұлтан Сейітов және Азамат Дулатовпен пікірлес. Нұрлан Сабуров таныстырған Кан Бейсекеевпен достасып кетті.
–Қазақстан менің ет жүрегім елжіреп сүйетін аяулы Отаным. Менің болашағым да, бар тіршілігім де осы жерде. Күндердің күнінде Голливудта жұмыс істей қалсам да бір бүйірімде туған елім жүретіндігін түйсінемін,–дейді Айдие Айдарбеков,–кино өнеріне ғашықпын. Өз өмірім осы бір ақсүйек өнерге мықтап байланған. Ойға алған жоба ұшан-теңіз. Ендігісі білім мен тәжірибені сарқа жұмсап, әлемдік кино индустриясында Қазақстанды қапысыз таныстыратын туынды түсіру.
Туған елімнің талассыз ғажайып бейнесін әлемге танытсам деген асыл арман жан жүрегін бебеулетіп келе жатқан жусанды даланың жасампаз ұлының мақсат-мұраты күндердің бір күнінде орындаларына ел сенеді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.