Латын әліпбиіне көшу – өркениетке ұмтылу

Еліміз үшін рухани құбылысқа айналған бұл мәселе төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ұсыныстар мен пәрменді пікірлер жиі жарияланып жүр. Осы орайда, тіл маманы ретінде айтарым, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз.

Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырда қазақ халқы дүние жүзіне кең тараған араб, кирилл, латын графикасын пайдаланған. Тағы бір атап өтерлігі, латын қарпін Алаш қайраткерлері де қолданған. 1930-1940 жылдар аралығында қазақ газеттері латын әріптерімен, араб әріптерімен, кириллицамен де басылымдарын жарыққа шығара берген. Кейбір тарихи деректерге қарайтын болсақ, газет тілшілері оқырмандарынан қай жазу ыңғайлы екенін сұрап сауалнама жүргізіп отырған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де әліпби мәселесі күн тәртібінен түспегенін сол тұстағы баспасөз материалдарынан көруге болады. «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Сарыарқа», «Жаңа мектеп», «Жаршы» сынды басылымдарда Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлының аталған мәселеге қатысты жарияланымдары жарық көрді.
Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Осы орайда, әліпбиді латын қарпіне көшіру – жаһанданудың дүниежүзілік үдерісінің өркениеттілік талабы деп білуіміз керек. Бұл рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар, төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздің дыбыстық жүйелерін дәл анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз.
Жалпы, латын қарпі ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Сондықтан, біз осы бір жауапты қадамды өркениетке ұмтылу деп ұғынғанымыз абзал. Қазақ тілі − мемлекеттік тіл, яғни, оның болашағы үшін елдің барлық азаматтары мүдделі болуы керек.

Арман ЖЕТПІСБАЕВА,
Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдерді оқыту орталығының оқытушысы

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар