Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин: «Инвестициялар көлемі ұлғайып, өңірдің даму әлеуеті мен қарқыны арта түсті» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин: «Инвестициялар көлемі ұлғайып, өңірдің даму әлеуеті мен қарқыны арта түсті»

Кеше Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баспасөз брифингін өткізді.

Баспасөз конференциясы барысында Ақмола облысының әкімі өткен тоғыз айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Жолдауды іске асыруда алда тұрған міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
–Біздің облысымыздың тұрғындары да Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын зор ықыласпен қабылдады,– деді әкім өз сөзінде. –Жолдауда көрсетілгендей, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер қызметкерлерінің жалақыларын көбейту, үш ауысымда сабақ оқытылатын мектептер санын азайту сынды мәселелер көпшіліктің көңілінен шықты. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалақыны 30 пайызға арттыру жаңа білім беру бағдарламасына ауысқан мұғалімдерден басталды. Енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есеге артады. Біздің облыста бұл бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың (дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет саласы қызметкерлері және басқалар) 58 мың қызметкерін қамтиды (бұл – жалпы қызметкерлердің 15 пайызы).
Біздің Ақмола облысы да еліміздегі бірқалыпты дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Яғни, Жолдауда айтылған мәселелер мен алға қойылған міндеттердің бәрін де ойдағыдай, дер кезінде орындаймыз.
Қазірдің өзінде облысымыздағы көптеген кәсіпорындар басшылары қарамағындағы жұмысшылардың еңбекақыларын көбейту туралы шешім қабылдады. Нақтырақ айтсам, 20-дан астам ірі компания осы жылдың қараша айынан бастап жалақыны көтеруге дайын екендіктерін білдірді. Олардың арасында «Тыныс» АҚ, «ТНК Агрофирмасы», «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар.
Өкінішке орай, біздің облысымызда да оқушылар үш ауысымда оқитын мектептер бар. Осыған орай, біз Бурабай, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында мектептер құрылысын бастадық.
–Жалпы ағымдағы жылы негізгі әлеу-меттік-экономикалық көрсеткіштер бойынша алға басушылық байқалады, – деді одан әрі Мәлік Кеңесбайұлы. –Ақмола облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға артып, 200 миллиард теңгеден асты. Сондай-ақ, өнеркәсіп орындары цифрлық технологияларды кеңінен пайдалана бастады. Облыста индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша қолға алынған 81 жобаның 27-і экспортқа бағытталған. Олардың арасында «Capital Projects Ltd» (құс еті), «Үш бұлақ», «ҚазГерқұс» (тауық жұмыртқасы), «Астана Агропродукт» (шұжық өнімдері, «Көкшетауминералды сулары», «Көкше Цемент» және басқа кәсіпорындар бар.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту да өңірлік экономиканы алға бастыруға серпін береді. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан Ақмола облысында астықтың жалпы түсімі 5,6 миллион тоннаны құрады. Бұл әр гектардан 13 центнерден өнім жиналғандығын көрсетеді.
Брифингте облыс әкімі Мәлік Мырзалин атап көрсеткендей, өңірдің 2018 жылдың 9 айындағы көрсеткіштеріне көз салсақ, біршама алға басушылық бар екендігін байқауға болады. Дегенмен, әлі де болса олқы түсіп жатқан, шешімі табылмаған мәселелер де жоқ емес. Сондықтан да болар, брифингке қатысқан журналистер қауымының сұрақтары да негізінен тұрғындарды толғандырып отырған мәселелерге арналды.
Мәселен, облыста тұрғындар санының күрт өсуіне байланысты сапалы медициналық қызмет көрсету туралы сұраққа облыс әкімі бұл мәселенің басты назарда екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, облыс орталығы – Көкшетау қаласында онкологиялық клиника құрылысының басталатындығын айтты. Ал, енді сырттан келетін құс етінің көптігіне орай, импортты алмастыру жағдайына келетін болсақ, облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған құс
фабрикаларымен қатар, Бұланды ауданының орталығындағы ірі құс фабрикасы толық қуатында жұмыс істейтін болса, бұл мәселе де оң шешілуге тиіс.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында сондай-ақ, облыста бастырылған астықтың қаншасы экспортқа шығарылады, Астана қаласына жақын орналасқан облыс құрамындағы елді мекендердің жағдайы, олардағы инфрақұрылымның, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы және басқа да көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер жайында көптеген сұрақтар қойылып, облыс әкімі оларға нақты, толыққанды жауап берді.
Талғат ҚАСЕН,
меншікті тілшіміз.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар