Түсіністік пен жанашырлық қоғамды біріктіруші күш

Көкшетауда «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» атты тақырыппен Ақмола облысының VIII Азаматтық форумы болып өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлін талқылаған Форумның жұмысына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының жетекшісі Марат Қасқырбаев және Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Дос Көшім қатысты.

Форумға үкіметтік емес сектордың, мемлекеттік органдардың, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, білім беру, мәдениет саласының, бизнес-құрылымдардың қызметкерлері, облыстың қалалары мен аудандарының делегациялары қатысты.
Форумның ашылуында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан форумға қатысушыларды құттықтай келе, бүгінгі таңда азаматтық қоғамды дамытуда ауқымды жұмыстардың жүргізіліп отырғанына тоқталды.
– Біздің басты мақсатымыз – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікті нығайту. Сондай-ақ, жаңа бастамаларға жол ашу болып табылады. Қазіргі уақытта Ақмола облысында 643 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл негізінен этномәдени және экологиялық бірлестіктер, жастар ұйымдары,– деген ол Елбасы Жолдауының стратегиялық бағыттарын жүзеге асыруда азаматтық қоғамның маңызы зор екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, алға қойылған жұмыстардың өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.
Одан әрі сөз алған Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының жетекшісі Марат Қасқырбаев Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүгінгі таңда ортақ мақсаттарды жүзеге асыру аясында қоғамның бірлігі ерекше орын алатынын жеткізді.
Республикалық «Ұлт тағдыры» халықаралық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры, Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Дос Көшім алдымен терминдік сөздерге өзгеріс енгізу керектігін алға тарта отырып, оны жаңартуды тілге тиек етті.
– Біз қоғамның ішінен шыққан қоғамдық ұйымдармыз. Биылдан бастап осы қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейтін арнайы жаңа министрлік құрылды, сондықтан, жұмысымызды жандандыру керек. Сонымен бірге, «Азаматтық альянстың» да басшылығына сіздердің жерлестеріңіз Асылбек Қожахметов келгенін өздеріңіз білесіздер. Мұның өзі мемлекеттік және азаматтық қоғам арасындағы мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде. Біз де алдағы уақытта азаматтық қоғамды жаңа сатыда қалай жаңартамыз деген бағытта жұмыс істейтін боламыз,– деді ол. Сондай-ақ, форум жұмысы барысында туындаған Қоғамдық кеңестер, тендер мәселелері, тағы басқа сұрақтарға жауап берді. Мұнымен бірге, университеттер мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланысты күшейту керектігін және Азаматтық қоғам концепциясы дайындалып жатқанын жеткізді.
Форумда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева баяндама жасап, үкіметтік емес ұйымдардың атқарған жұмыстарына кеңінен тоқталып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айтылғандай, әлеуметтік бастамаларды іске асыру бағытында 800 іс-шара өткізіліп, оған 80 мыңнан астам адам қатысқанын жеткізді.
Форум аясында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өткен «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлі» атты алғашқы секция жұмысында модераторлар: Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы, «Ересектерге білім беру» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Еркін Исімбаев, Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Дос Көшім, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл сөз сөйледі. Ал, аудандардан келген үкіметтік емес ұйым өкілдері болса, өз ойларын ортаға салып, пікір алмасуға қатысты.
«Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту», «Жасыл экономиканың дамуына азаматтық қоғамның атсалысуы» тақырыптары бойынша екінші, үшінші секцияның да жұмыстары ұйымдастырылды. Секциялардағы жұмыс қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылын жақсарту және аймақта азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту жөнінде ұсынымдар әзірленді.
Форум аясында облыстың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері өздерінің жұмыс тәжірбиесімен бөлісіп, ортақ мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Еліміздің егемендігінің нығаюына үлес қосқан үздік үкіметтік емес ұйымдар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінің жеңімпаздары ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Қазақстан Республикасының VIII Азаматтық форумына Ақмола облысынан делегаттар сайланған форум жұмысы осымен өз мәресіне жетті.

Асылай Қадырқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар