Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин мұражайы

Бүгін – Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 103 жыл толып отыр.

Ширек ғасырға жуық батыр рухына қызмет етіп келе жатқан Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінің негізінде халқымыздың даңқты ұлының мағыналы да ұлағатты ғұмырынан сыр шертпекшіміз.

Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин музейі алғаш рет Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 мамырдағы №465 қаулысына сәйкес және 1995 жылдың 4 қыркүйегіндегі №1-39 Көкшетау облысы әкімінің жарлығына байланысты Батыр атамыздың
80 жылдығына орай ашылды. Десек те, кейін музейдің ескі ғимараты пайдалануға жарамсыз деп танылып, Ақмола облыстық әкімдігі ғимаратты қайта салу жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, 2005 жылдың 19 тамызында даңқты жерлесіміздің туғанына 90 жыл толуы-
на орай, жаңа музейдің салтанатты жағдайда ашылуына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, М.Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр аруағына тағзым етіп, қолтаңба қалдырған болатын.

Елбасы өз қолтаңбасында: «Қадірлі көкшетаулық бауырларым! Қазақтың біртуар ұлы, ғажайып ғалымы Мәлік Ғабдуллин музейі – киелі орын. Ол – көне мен жаңаны, кешегі мен келешекті жалғастырып жатқан үзілмес алтын желі. Мұндағы әрбір жәдігер әр қазақстандықтың бойына отаншылдық сезімді сіңіруге, ұлттық салт-дәстүрімізді қалыптастыруға қызмет етуі парыз. Сонда біздің рухани байлығымыз кемелденіп, көкжиегіміз кеңейіп, рухымыз асқақтай түседі. Өйткені, музейде тұрған әрбір тарихи құндылықтың бойында ата-бабаларымыздың мың жылдық арман-мақсаты, аманаты жатыр. Осы қымбат қазынаны шашау шығармай болашақ ұрпақтың қолына табыстау – сіз бен біздің қасиетті борышымыз», – деп жазған еді Елбасы.
– Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейінің ашылуы кездейсоқтық емес. Қазақ жауынгерлері арасынан бірінші болып Кеңес Одағының Батыр атағын алған Мәлік Ғабдуллинді 1943 жылы республика басшылығының тілегімен халықтың рухын көтеру мақсатында еліне шақыртып, батырдың туған жері Зеренді ауданы Қойсалған ауылына алып келеді. Сөйтіп, Ақмола, Қарағанды жерлерін аралап, еңбекшілермен кездескен батырды ел-жұрты қуанышпен қарсы алып жатады. Сол кездесу туралы деректі кинофильм түсіріледі. Бұл біздің музейде аса бір құнды жәдігер ретінде әлі де сақталуда. Мәлік атамыз Сәбит Мұқановпен бірге ақын Жамбыл Жабаевқа барып арнайы сәлем береді. Ақындар арнау өлеңдерін толғайды. Сөйтіп, Мәлік батыр сол 1943 жылы қайтадан майданға аттанған, – деп әңгімесін өрбітті музей директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек.
Ерлік пен елдікті ту еткен Мәлік Ғабдуллиннің өміріне қысқаша тоқталар болсақ, ол 15 жасқа келгенде қазір өз атымен аталатын Көкшетау қаласындағы №3 орта мектепті бітіріп, Алматыға аттанады. Қалған ғұмырын өмірінің соңына дейін Алатаудың баурайында өткізеді. Сөйтіп, ерлікте батырлық танытса, ғылымда академик атанған ол 1973жылы қайтыс болады. 1974 жылы туған ауылы Қойсалғанда музей ашылады. Көкшетау қаласының орталық көшесіне аты беріледі. Халық өзінің даңқты ұлын осылайша дәріптейді. Әрине, ол соған лайықты еді. Елден Алматыға барғандарға қашанда қамқорлық танытады. Әр өңірде оның шарапаты тиген адамдар көптеп саналады.
Сонымен, Мәлік Ғабдуллиннің құрметіне оның Алматыдағы тұрған үйінде сақталған мұралары мен заттары көшіріп әкелінеді. Ондағы 5 мыңнан астам кітабын сол кездегі Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаевтың көмегімен, батырдың келіні, осы музейдің тұңғыш негізін қалаушы Мәриям Кенжеахметова ұшақпен Көкшетауға жеткізеді.
Батырдың ерлігі мен азаматтығын қатты бағалап, асқақтата білген майдандас ағасы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы өз естелігінде «Мәлік ұрпаққа өнеге болатын патриоттықтың жарқын үлгісі», – деп айтқан. Осылайша 58 жасқа жетпей дүние салған Мәлік Ғабдуллиннің 1975 жылы 60 жылдығында сол кездегі Қазақстанның Орталық Комитетінің есіктерін қаймықпай ашатын Бауыржан атамыз осы мерейтойды тойлауға себепкер болған бірден-бір адам. Сол жылы Жамбыл облысындағы Балуан Шолақ ауылындағы мектепке Мәлік Ғабдуллиннің аты беріледі.
Бүгінгі әңгімеміздің негізгі арқауына айналған Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейі – елін, жерін найзаның ұшымен қорғай білген батыр бабаларымыздың жүріп өткен ізін жалғастырушы өскелең ұрпаққа М.Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығын, батырлығын, патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерін насихаттайтын, соғыс ардагерлерінің майданда жасаған ерліктері негізінде жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беретін патриоттық орталыққа айналған қастерлі орын.
Музейдің негізгі мақсаты – Кеңес Одағының Батыры, ғалым, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің артына қалдырған бай, тәрбиелік ұлағаты мол, рухани мұраларын зерттеп-зерделеу, оны өскелең ұрпаққа насихаттау, құнды жәдігерлерін сақтау. Осы бағытта музейдің ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу, ақпараттық-танымдық, ғылыми-ағарту, мәдени-көпшілік, экскурсиялық жұмыстарды абыройлы атқарып келеді. Сонымен, музейдің кіріспе бөлімінде Мәлік Ғабдуллиннің ата-тегі көрініс тапқан шежіре және атамекені – Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылы көрсетілген диорама орын алған. Одан әрі музей 5 экспозициялық залдан тұратын экспонаттармен жалғасады.
«Ауылым – алтын бесігім» атты алғашқы залда М.Ғабдуллиннің балалық шағына байланысты тұрмыстық заттар, портреттер, туыстарының суреттері қойылған. Әкесі Ғабдолла Елемесұлының жеке заттары: 1892 жылы Меккеден әкелінген қисуа, құран кітабы, 1908 жылы Қазан қаласында басылған «Мұхамедия» кітабы ерекше құнды дүние ретінде қойылған. Ал, «Өмірдің өріне өрлеп, шыңына шыққан» атты екінші зал батырдың мектептегі өмірі, ҚазПИ-да оқығаны, Қазақстанның көрнекті жазушылары, білім қайраткерлері туралы материалдар және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік архивінен алынған жәдігерлермен толықтырылған. Сондай-ақ, «Елі үшін, халқы үшін туған Мәлік» атты соғыс тақырыбына арналған залдан панфиловшылардың Мәскеуді қорғауда көрсеткен ерліктері көрсетілген диорама және М.Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысында Панфилов дивизиясында автоматшылар ротасының саяси жетекшісі, кейін КСРО Қорғаныс Министрлігі Саяси Бас Басқармасында үгіт-насихат бөлімінің бастығы болып істегені жөніндегі материалдармен танысуға болады. «Көкіректе сөнбейтін мәңгі жарық» атты төртінші залдан академиктің әдеби, ғылыми еңбектері, жеке заттары, бейбіт өмірдегі марапаттары мен ғылыми атақтарын куәландыратын құжаттарына қанығасыз.
Музейдің «Мәлік Ғабдуллиннің жұмыс кабинеті» тақырыбымен берілген бесінші залына 1996 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің көмегімен Алматы қаласынан әкелінген жеке кітапханасы қойылған екен. Ал, музейде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен байқауларға тоқталар болсақ, Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінің іргетасы қаланғаннан бері қарай дәстүрлі түрде онда қызмет істейтін ғылыми қызметкерлердің ұйымдастыруымен түрлі форматта, әртүрлі тақырыпта мәдени-танымдық, тарихи-ақпараттық іс-шаралар, форумдар, акциялар, әдеби кештер, спорттық турнирлер, байқаулар, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ғылыми семинарлар мен конференциялар жүйелі жалғасын табуда. Мұның бәрі музей директоры Құдайберлі Мырзабектің еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында, 2012 жылдан қолға алынған жаңа жобалар мен «М.Ғабдуллин тұлғасына ғылыми бетбұрыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. «Қобыланды батыр» жыры бо-йынша жас суретшілер байқауы, «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтушылар байқауы, М.Ғабдуллин атындағы мектеп оқушылары арасында «Ағалы-інілі қос батыр, қияметтік дос батыр» атты ақындар мүшәйрасы мәдени-танымдық іс-шаралары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ, музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Туған жер топырағы» жобасы бойынша Желтаудың бауырындағы батыр туған үйдің орнынан топырақ әкелу рәсімі өткізілді. Бір уыс топырақты қастерлеген ата-бабаларымыз кезінде орамалға түйіп, алыс жолға шыққанда алып жүрген. Оны қоғам қайраткері, абыз ақсақал, Социалистік Еңбек Ері, Мәлік атамыздың туысы, замандасы Баян Жаңғалов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шапай Әбутәліпов бастап барған. Осы бір уыс топырақтың қасиеті туралы ақындарымыз Ерболат Баят, Арман Бердалин, Бауыржан Қарағызұлы тағы басқалары арнау өлең оқып, толғауларын жазды. Оған сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков қатысқан еді.
2016-2018 жылдар аралығындағы «Ауылым – алтын тұғырым!» атты ауыл мектептері арасындағы көрмелер байқауы да өткізілген. Ал, республикалық инновациялық жобалардың ішінде М.Ғабдуллин атындағы мектептер арасындағы «Жас ғабдуллиншілер» клубы, «Алаштың алтын шаңырағы», «Батырлар туған бақ мекен», «Жақсыдан тиген шарапат» жобалары, «Рухани жаңғыру: Мəлік Ғабдуллин тағылымдары» атты форум, «Мәліктің рухы халықпен» және «Рухани жаңғыру, Ұлылар ұлағаты» атты экспедициялық сапардың нәтижелері тіпті ерекше. Оған қоса, М.Ғабдуллин жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында қазақ күресінен «Көкшетау қабыланы», бокстан, шахматтан және тоғызқұмалақтан аймақтық, облыстық, қалалық турнирлер өткізілуде. Сондай-ақ, музейде батыр атындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының негізінде әскери-патриоттық клубтар қауымдастығы жұмыс істеуде. Тағы бір байқағанымыз, Мәлік Ғабдуллиннің туған күні мен қайтыс болған күні және Батыр атағын алған күндеріне орай, жыл сайын дәстүрлі түрде батырдың ерліктері, халқы үшін атқарған ерен еңбектері, ұрпаққа үлгі боларлық асыл қасиеттері құрметпен еске алынып, дәріптеліп отырады.
30 қаңтар – Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, кеудесіне Алтын Жұлдыз тағылған күн. Бұл Алтын Жұлдыздың бағасы қазақ халқы үшін өте қымбат. Соғыс басталған күннен бастап небір ерен ерлікті жасаған қазақ жауынгерлерінің қаһармандығы дәл осы күні мойындалғандай еді. Содан да М.Ғабдуллин «Бұл маған ғана емес, қазақ халқына берілген атақ» деп айтқан болатын.
Міне, осы күні еліміз бойынша Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарындағы батыр атындағы мектептер арасында жыл сайын жас ақындардың жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, қорытындысы шығарылып отырады. Ал, Мәлік Ғабдуллинге Батыр атағының берілгеніне 75 жыл толуына орай, «Мәңгілік ел» идеясының қадір-қасиетін арттыру, қазақ елінің тәуелсіздігін қорғайтын отаншыл тұлғалар тәрбиелеуге ықпал ету мақсатында өткізілген «Өшпес ерлік, өлмес талант» атты іс-шарасы немесе Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын тұғырым!» атты көрме байқауының сәтті жүзеге асырылуы музей қызметкерлері еңбегінің жарқын жемісі. Бұл көрме байқауына Ақмола облысы бойынша Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандарына қарасты Айдарлы, Мәдениет, Құдықағаш, Зеленобор, Первомай, Ақкөл, Қарабұлақ, Ұрымқай, Үлгі, Мамай, Еңбекшілдер, Сәуле ауылдарынан барлығы 12 мектеп қатысқан.
– Облыс әкімі Мәлік Мырзалин музейде болып, экспозиция залдарындағы тарихи жәдігерлермен, көрме залында ашылған
«Ауылым алтын – тұғырым!» мектеп көрмесімен танысып, даңқты тұлғаның өмірінен сыр шертетін ерлік пен еңбек жолдары, ғылыми-педагогикалық шығармалары туралы жазылып, баспадан шыққан бірнеше кітаптармен және қызметкерлеріміздің жинақтап, жүйелеуімен баспадан шығаруға дайындалған көп томдықтың жайымен танысқан болатын. Ол өз сөзінде: – Кеңес Одағының Батыры, ғалым-ұстаз өмірінің ашылмаған парақтары тарих тұңғиығында ескерусіз қалып қоймасын, – деп облыстық мәдениет басқармасына осы кітаптарды басып шығаруға қажетті қаражаттың көлемін анықтауды тапсырған – деп сөзін жалғады музей директоры Құдайберлі Мырзабек.
Бар саналы ғұмырында өшпес өнеге қалдырған, ерлігімен елінің мақтанышына айналып, ғалым ретінде ұлтының өресін биіктеткен М.Ғабдуллиннің бай мұрасын музей қызметкерлері бірнеше томға жинақтап, құрастырып баспаға әзірлеген болатын. Міне, сол Кеңес Одағының Батыры, ғалым, жазушы, педагог, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин осы шығармаларының 11 томдық жинағы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен Алматы қаласындағы Халықаралық Қазақ ПЕН-клубының «Идан» баспасында әрқайсысы 1000 данамен басылып шықты. Музей қызметкерлерінің күшімен дайындалған көптомдық 3 қазан күні Көкшетаудағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының кітапхана қорына мектеп оқушыларының қатысуымен салтанатты түрде табысталды. Бұл біздің музей қызметкерлері үшін үлкен жетістік, – деп сөзін әрі сабақтады музей басшысы.
Бұл жинақтың тұсаукесерінде Алматыдан арнайы келген батырдың қызы Майдан Мәлікқызы әкесінің әдеби мұраларын мәңгі есте қалдыруға мүмкіндік берген Ақмола облысының әкімі М.К.Мырзалинге шексіз ризашылығын білдіріп, әкесінің баршаға үлгі боларлық адамгершілік қасиеттері, жомарттығы, сезімталдығы, жан тазалығы, қарапайымдылығы туралы тебірене жеткізді. Бұл еңбектер өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттық тұрғыдан тәрбиелеудің баға жетпес қайнар көзі болып табылатыны сөзсіз.
Музей қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы халыққа арнаған Жолдауында алға үлкен жоспарлар мен мақсаттар қойылып отырғандығын, алдағы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты өздеріне жүктелер жауапкершілік жүгі де мол екенін естен шығармайды. Сондай-ақ, жуырда Ақмола облыстық мәдениет басқармасының жаңа басшысы Рустам Бикенев музейге келіп, экспозициялық залдарға экскурсия жасап, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілген іс-шаралардың негізінде түсірілген бейне фильмдер мен клиптер, фотоальбомдар мен баспадан шыққан кітаптарға зер салып, музейдің ұжым болып атқарған жұмыстарына оң бағасын берген. Сонымен қатар, музей жанынан жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің жетекшілігімен соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу орталығы ашылды.
Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин халық ауыз әдебиетін зерттеп, зерделеген ғалым. Биылғы музей түніне халық ауыз әдебиетінің бір жанры болып табылатын қазақ ертегілері арқау болған. Өскелең ұрпақты халық ауыз әдебиетіне баулу, ертегілерді насихаттау, мән-мағынасын ұғындыру мақсатында музей түні театрландырылған қойылым түрінде өз мәресіне жеткен.
Әсіресе, музейге келушілерді Сәбит Мұқановтың 1928 жылы академик Ә.Марғұланның қолтаңбасымен алған М.Горькийдің «Мать» романы, 1933 жылы М.Ғабдуллинге сол романға Сәбит Мұқанов өз қолтаңбасын қалдырып бергені, М.Ғабдуллиннің 1947 жылы жарыққа шыққан «Менің майдандас достарым» атты еңбегі, басқа да көптеген танымал тұлғалардың қолтаңбалары бар кітаптар қызықтырары сөзсіз.
Музей басшысының айтуынша, болашақта «Ауылдың ажары мен ғажабы» атты көрмелер байқауының үшінші кезеңі жоспарлануда. Ондағы мақсат – әр ауылдан музей ашып, көрме байқауын өткізу. Сол арқылы аузы дуа-
лы ақсақалдардан аңыз әңгімелерді тыңдап, өлең-жырлар, әндерді жинақтап, тапсырып, арнайы аталымдар бойынша марапаттау кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айындағы Тәуелсіздік күніне белгіленген.
Биылғы жылғы музей қызметкерлерінің тағы бір жетістігі «Батырлар туған бақ мекен» жобасы бойынша экспедициялық сапар негізінде аудандық кітапханамен бірлесіп, «Жақсының жақсысы Баубек батыр» атты кітап та шығарылғаны. Бұл орайда, Жақсы ауданында «Баубек батыр: аңыз бен ақиқат» атты конференция өткен. Осы экспедициялық сапар негізінде жинақталған материалдар бойынша деректі фильмнің киносюжеті түсірілген.
Музейде жоспарланған бағдарламалардың жүзеге асуы ғылыми қызметкерлердің аса ықыласпен жұмыс істеулерінің жемісі. Иә, оған 2016 жылы батырдың туған жері Қойсалған ауылында 18 ақ шаңқан киіз үй тігіліп өткен «Желтаудың желмаясы» фестивалі мен 2017 жылы 13 киіз үй салтанат құрған Зеренді ауданы, Ақан ауылында өткен фестиваль куә. «Жас ғабдуллиншілер» клубына жаңа мүшелер қабылдауда М.Ғабдуллин бейнесі бейнеленген Туды тұғырға көтеріп, әр мектептен он баладан қабылданып, оларға Батыр бейнесіндегі төсбелгілер мен мойын орағыштар сыйға тартылады.
Осылайша музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен толымды мәдени-көпшілік іс-шаралар бірінен кейін бірі жалғасын табуда. Сондай-ақ, қашанда жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында өткізілетін іс-шаралар ісіне белсене араласатын соғыс ардагерлеріне де көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп отырады.
Жыл сайын өткізілетін шараларды қамтыған кітаптар мен биылғы «Рухани жаңғыру» аясында түрлі-түсті суреттермен басылып шыққан кітап музейдің бет-бейнесі іспеттес.
Міне, өздеріңіз куә болып отырғандай, музейде М.Ғабдуллиннің өмірі ғана қамтылып қоймайды, оның азаматтық ұстанымы бо-
йынша жұмыстар жүргізіліп, патриоттық рухтағы онлайн конференциялар мен дөңгелек үстелдер, тағылымы мол танымдық тұрғыдағы іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Оған «Нұр Отан», «Ауыл» партиялары, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, «Тыныс» АҚ-ы, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетіп отырады. Басқа музейлер біріктірілсе де, Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейі дербес өз алдына айқын мақсатпен жұмыс істейтіні мұндағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі болса керек. Осылайша музей қызметкерлері қашанда даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин атамызға деген зор құрметін республикамызға ту етіп көтеріп келеді.
Суреттерді түсірген
Төлеген Қосшығұлов.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар