Әріптестік байланыс ауқымы кеңеюде

Елбасы Жолдауындағы «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» тарауындағы ұстанымдар ақмолалықтар тіршілігіне елеулі желпініс алып келді. Көкшетау соңғы жылдары нағыз құрылыс индустриясының орталығына айналды. Былтыр әкімдік тарапынан 11446 шаршы метрлік 5 көпқабатты үй пайдалануға берілсе, биыл 12 тұрғын үй салынып, алғашқыларында қоныс тойлары өткізіліп жатыр. Қалада «Сарыарқа» атты жаңа шағын аудан пайда болды. Бұл орайда, қыруар жұмыстардың атқарылуы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қозғалысының жаппай өріс алғандығынан екендігін бөлектеп айтуымыз керек. Аталған институт халық шаруашылығының барлық саласын қамтып отырғаны да ғанибет.

Әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде демеушілердің көмегімен көптеген нысандар қатарға қосылып отыр. Көкшетау қаласында жазғы маусымның өзінде «Оpenair» демалыс-сауықтыру кешенінің ашылуы елеулі оқиға саналады. «Гормолзавод» кәсіпорны қалаға сыйға тартқан көпсалалы тренажер алаңында спортшы жастар мен әуесқой жасөспірімдер қысы-жазы жаттығу жасауға мүмкіндік алды. «Мақсат – жастарымыздың нашақорлықтан аулақ болып, саламатты өмір салтын ұстануына септік жасау. Көп ұзамай мұндай құрылғылардың екеуін Васильковка мөлтек ауданында, сондай-ақ, №4 орта мектеп ауласында орнату жоспарлануда», – дейді сүт зауытының қаржы мәселесі бойынша директоры Аслан Құрманғалиев.
Ал, «Қазақстан Халық банкі» Ақмола облыстық филиалының ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және банктің 95 жылдығына орай, балалардың әсем ойын алаңын жабдықтады. Қаржы мекемесі жыл басынан бері «95 жылдыққа – 95 игі шара» марафонын өткізуде. Бұлардың қатарында балалардың сырғанақ алаңында тегін демалуы, театр спектакльдерін тамашалауы ұйымдастырылып, «Мектепке жол» акциясымен бірінші сыныпқа баратын 95 балаға көмек көрсетілді.
–Біз қаламызға мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инватакси автомашинасын тарту етпекпіз. Игі шараларымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Ай сайын қалалықтарды әртүрлі қайырымдылық шараларына шақыратын боламыз, – дейді бізбен тілдескен «Қазақстан Халық банкі» Ақмола облыстық филиалының директоры Дәулет Топин.
Осындай спорт алаңын жабдықтауға «Технодом» сауда желісі де демеушілік көрсетіп, тиісті қаржы бөліп отыр.
Өңірде «Астанаға қарап бой түзейміз» деген жақсы бастама көтерілгені талай-талай игі істердің шуақ шашуына ықпал еткені көз алдымызда. Бұл тәмсіл астаналық Ақмола облысының абыройлы ұстанымы болып табылады. Мың алғыс айтар мұндай мысалдар көп-ақ. Солардың бірі «Бейбарыс» атты заманалық демалыс орталығы. Жібек Жолы ауылындағы бұл нысан «Жаңа өмір kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2 миллиард теңге жеке қаражатына тұрғызылған. Аумағы 11 гектарлық кеңбейінді кешенді аралап шығудың өзі біршама уақытты алғанымен, «Бейбарысқа» бет бұрған кісілердің жалығуға да уақыты жоқтай көрінеді. Мұны осында келушілердің көтеріңкі көңіл ауанына қаратып айтып отырмыз.
–Небары 20 жылда жайнап шыға келген Астана жаңа заманның бет-бейнесін айқындауымен құнды, – дейді бізбен тілдескен ЖШС бас директоры Руслан Шамкенов. Қос қабатты әсем ғимаратта 26 нөмірлік қонақ үй, салтанат залы, мейрамхана, биллиард залы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, ауладағы 6 вибкоттедж, сауна, сауда дүңгіршіктері, экстрим ойын алаңдары қонақтар мен туристердің игілігінде. «Бейбарыс» қонақтарына 78 адам қызмет көрсетеді.
Елбасы Н.Назарбаевтың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өрісін кеңіте түсті. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі күні білім беру саласында 792 миллион теңгенің 27 жобасы жүзеге асырылуда. Мұның 10-ы мектепке дейінгі білім беруді, ал, 17 жоба орта білім жүйесін қамтиды. Ал, Ерейментау, Жарқайың аудандарында 250 орындық балалар бақшалары бой көтеріп келеді. Сондай-ақ, Зеренді ауданындағы «Искорка» балалардың сауықтыру орталығын сенімді басқаруға беру құжаттары дайындалу үстінде. Бұл жобаға бизнес өкілі шамамен 150 миллион теңге инвестиция салады.
Денсаулық сақтау саласында Көкшетау қаласындағы аурухананың қайта құрылысы жүргізіліп жатса, өзге де емдеу орындарына бірнеше жылжымалы медициналық көмек кешені сатып алынбақ. Бурабай ауданында мемлекеттік-жекеменшік ынтымақ аясында ірі инвестициялық жоба мәреге жақындап қалды. «Авиценна-Бурабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандық емхана мен аурухананың жөндеу және қайта құру жұмыстарына 2,3 миллиард теңге қаржы бағыттауда. Бұл ретте, мынадай бір жағдайды еске сала кеткен жөн. Құрылысы жүріп жатқан нысандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту және жаңа қазандық салу шығынының 50 пайызын мемлекет өтейтін болады. Екі жақты әріптестікті дамытудың осындай үлгісі өңірде қолға алынған өзге жобалардан да көрініс табуда.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар