«Бір кезде Ақан едім аспандағы!..»

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, дүлдүл ақыны

Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына арналған «Бір кезде Ақан едім аспандағы!..» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференцияны ашқан университет ректоры Марат Сырлыбаев салтанатты шараға еліміздің барлық өңірінен келген қоғам қайраткерлерін, ғалымдарды, Көкшетау қаласының оқытушы-профессорлары мен студенттерін айтулы оқиғамен құттықтады. Жоғары оқу орнының басшысы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың күні кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен Ақан өмірі мен тағдырының сабақтастығын атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы осынау рухани жігер қайнарындай мақаласында: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан етеді» деген тағылымға айрықша екпін түсірді. Тарихы терең Ақмола мен Көкше өңірі мұндай тұлғалардан кенде емес. Солардың бірі халық жүрегіндегі – Ақан сері. Елбасы осыған байланысты «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, тұлғалар бейнесінің галереясын, ғылыми-көпшілік сериалдарын дайындау қажеттігін ескертті. Бұл істе өзіндік мәдени-тарихи бай мұрасы бар облысымыз белсенділік танытатыны анық. Игі істердің алғы қатарында біздің университетіміз де тиісті үлес қосады деп ойлаймын. Бұған университет ұжымының ғылыми, ізденімпаздық әлеуеті жеткілікті.
Алқалы жиында Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің «Отан тарихы және «Рухани жаңғыру» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Қадыржан Әбуев «Ақан серінің өмірі мен шығармашылығына қатысты өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай Ұлы дала көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», –
деді белгілі тарихшы. Бұл санатта Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлы да бар. Ақан туралы алғашқы очерк жазған Мағжан Жұмабаев: «Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болды. Ол әншілік, композиторлық өнерде атақты Біржан салды аға тұтып, ұстаз санаса, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Құлтума, Жаяу Мұса, Естай сынды дүлдүлдер оның өнер жолындағы ең жақын достары болған» деген дерек келтірді.
Одан кейін баяндамашы Ақан серінің өмірі мен шығармашылық жолына кеңінен тоқтала келіп, Ақан серінің «Балқадишасын» Әміре Қашаубаев Парижде асқақтату арқылы қазақ елін әлемге танытқанын Тәуелсіздік мұраттарымен байланыстырды. Бұл орайда, дүлділ ақынның шығармашылығын бүгінгі қоғамдық қатынастармен жалғастыра зерттеу қажеттігін атап көрсетті.
Драматург-жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиев өз сөзінде Қазақ елі қашаннан ән мен жырдың кені, Ұлы дала қағидаттарының жауҺарлары тұнған жері екендігін толғана төгілдірді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Ұлы тұлғалар қатарындағы Ақан серінің жаңа бейнесін, жаңа образын қалыптастыруды талап ететінін айтқан жазушы осынау құндылықтарды алдымен өзіміз бағалауымыз, мойындауымыз қажеттігіне назар аударды. Мұндай игі қадамдар баршылық. Соның бірі – бүгінгі конференция төрінде отырған ардақты ақсақал Болат Көшімбаев. Бұл кісі Айыртау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде, Ақан серінің 150 жылдығына орайластырып, ақын туған Қоскел ауылын түбегейлі жаңартуға, ғажап ескерткіш орнатуға ұйтқы болды. Ұлы даланың құдіретті қыры да осыдан көрінеді. Мұндай алақай тірліктер көбейе түсетініне сенеміз.
Конференцияда Астана қаласынан, еліміздің әртүрлі облыстарынан келген ғалымдарының баяндамалары тыңдалып, Көкшетау қаласының, Айыртау ауданының құрметті азаматы Болат Ахметжанұлы Көшімбаевтың «Ақан сері туралы сөз» сыр-толғауы тыңдалды.
Бұдан кейін конференция «Ақан сері – тарихи тұлға, қазақ поэзиясының дүлдүлі», «Ақындық дәстүр құндылықтары: тіл мен әдебиет, өнер және тарих», «Оқу жүйесі және инновациялық технология мәселелері» тақырыбындағы секциялық дәрістермен жалғасын тапты. Бұл танымдық шараның жалпақ қазақ жұртына тигізер пайдасы зор екендігі даусыз.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар