Сағыныш екен сол бір кез…

Жан жарым, Көкшетау халқы еңбегіне орай айрықша құрмет тұтқан Өмірбегім өмірден өткелі қайғының қара бұлтын жамылып, жаным тұз құйғандай ашып келе жатқаны өзіме ғана аян. Бейуақытта есік сықыр етсе, қоңырау шылдыр етсе әдеттегідей жұмсақ қана жымиып табалдырықтан аттап кіріп келе жатқандай болады. Қайтіп келмейтінін білсем де, көңіл шіркін елегізи берген соң не істерсің. Жоқ, қайтіп келеді екен. Өзі емес, еліне сіңірген есіл еңбегі, тіршілігінде титімдей дақ түспеген кісілік келбеті, жамағатқа істеген жақсылығы. Қазір үйден де көп шыға бермеймін. Әлдебір себептермен елдің басы қосылған жиынға барған сайын жүзі таныс, Өмірбек Бәйкеновты танып-білген ағайын ілтипатпен есіне алып отырады. Бір жасап қаламын. Жаңағы қайтіп келеді екен дейтін уәжім де осындай сәттерден ойға оралған дүние ғой.

Әлі есімде Қарағанды медицина институтының соңғы курстарында оқып жүрген кезінде онкология кафедрасында сабақ берген Отто Иванович Бибер деген шынайы білікті, тәжірибесі өте мол мұғалімі болды. Өмекеңді сол кісінің жасаған операциялары қызықтырады екен. Орайы келгенде қатысып та жүріпті. Отто Иванович асқазанның қауіпті ісігін электро-хирургиялық операция жасау арқылы емдеу әдісін енгізген маманы екен. Сол еңбегін арнайы тақырып етіп алып, диссертация да қорғаған. Әр жолыққан сайын Отто Иванович Көкшетау облысында сырқаты асқынған аурулардың өте көптігін айтып, аяп отырыпты. Ұстазының сендерде әлі күнге дейін онкология саласының білгір маманы жоқ дейтін сөзі Өмірбектің намысына тиетін. Бәлкім, шебер дәрігердің елдегі ахуалға алаңдап, жаны ашып айтқан жалғыз ауыз сөзі қамшы болған шығар. Москваға оқуға бару сәті 1961 жылдың нау-рыз айында туды.
Енді бірер ауыз сөз Көкшетау облыстық онкология диспансері туралы. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығы бойынша 1956 жылдың 21 мамырында облыстық аурухананың хирургия бөлімінің жанынан небары 25 орындық диспансер ашылған. Ұжымдағы алғашқы басшыларды сол кезде облыстық ауруханада жұмыс істеген хирургтердің аты-жөндерін тағы бір тірілтіп, елдің есіне сала кетсек аруақтары шат болар еді. Т.Соловьева, Е.Бектұрғанов, Г.Афанасьевтер. Облыстық аурухананың құрамынан бөлініп, Сәтбаев көшесінде орналасқан кішкентай ағаш үйден орын тепті. Небары 4-5 палата. Екі кішкентай бөлме операциялық блог әрі ем-шара жасайтын кабинет. Ұжымда бар болғаны он бес-ақ адам жұмыс атқарды. Диспансердің өз басында арнайы бөлінген жеке кабинет болмағаннан кейін қалалық ауруханада науқастарды қабылдап жүрді. Ол кабинет онкокабинет деп аталатын. Онкокабинеттің жанында хирургия кабинеті болды. Қолы бос уақытында қарап отыруды жаны сүймейтін Өмірбек оларға да көмектесетін. Бір жағынан науқасты ажалдан арашалау, екінші жағынан үздіксіз ота жасау арқылы өз машығын жетілдіре беру. Осылайша екі жылдың қалай өте шыққанын да сезбей қалды. Жай жылдар емес, ізденіс пен еңбекке толы мазмұнды да мағыналы жылдар.
Жоғары оқу орнының ректоры Петр Мойсеевтің айтқан сөзі әрдайым есінде еді.
–Сен институтта өте жақсы оқыдың. Мұндай талап пен талант ешқашан жерде қалмауы керек. Ғылым қуып, аспирантурада оқығаның жөн. Мен сені Москваға оқуға жіберемін,–дейді екен.
1961 жылы Москвадағы П.Герцен атындағы институтқа онкология саласы бойынша білімін жетілдіруге барғанда көптеген таныс жолдастарын кездестіріпті. Олар орталық санитарлық-гигиеналық институтта оқып, білім алып жатыр екен. Тіпті, кейбіреулері кандидаттық диссертацияларын да қорғап үлгеріпті.
Онкология хирургиясының академигі А.Савицкийдің дәрісі өз алдына ғажап бір әлем. Өз саласының түйткілдерін бүге-шігесіне дейін білетін ақ бас академиктің аузынан шыққан әр пікір, әр лебіз тұңғиық теңіздің иіріміндей өзіне тартып, тереңге батырып әкететін. Бәлкім сондықтан ба екен, онкология саласына ынта-шынтасымен берілген.
Қай жерде де қамшы салдырмай үздіктер қатарында болуға тырысатын хас жүйріктерге ғана тән қасиет бұл жолы да дағдылы машығынан жаңылған жоқ. Емтиханды кілең беске тапсырып, абыройға бөленді. Сөйтіп, шіліңгір шілде айында көгілдір Көкшетауға қайтып оралса, алдында тағы бір жаңалық тосып тұр екен. Денсаулық сақтау бөлімінің бастығы В.Скиртач:
–Диспансерді басқарған Г.Афанасьев Алматыға көшіп кетті. Енді ұжымды басқаратын кісі жоқ. Менің қолымдағы мөрді аласың да, 1961 жылғы шілденің 25-інен бастап диспансердің бас дәрігері боласың,–дейді.
Тосыннан айтылған хабар қаншалықты жақсы болса да жүрегін қобалжытпай қоймағаны анық. Өйткені, жауапкершілік жүгі тым ауыр. Ұзақ жыл алған білім мен тәжірибеге сүйеніп ота жасау бір басқа, материалдық-техникалық мүмкіндігі тым әлсіз, әлі аяғынан толық тұрып кетпеген ұжымға басшылық жасау бір басқа.
Дәл осы бір сәтте өзіне көрсетілген сенім мен жауапкершілік жүгі көңіл таразысын тербетіп тұрғаны анық еді. Біресе сенімнің салмағы басса, енді бірде жауапкершілік үстем болады. Қалай болған күнде де жолайрықтағы қос соқпақтың бірін таңдауы керек. Өзіне салса бірден қарсы болған. Бірақ, басшы көнетін емес. Сондағы айтатын уәжі:
–Сен оқып келдің, онкология саласында осы Көкшетауда сенен басқа маман жоқ екенін өзің де жақсы білесің, сондықтан уақытты созбай, жергілікті онкология саласын құрып, жалғыз қала ғана емес, облыста көп жұмыс атқару керек,–дейді.
Ел мұраты бәрін жеңіп кетті. Шынында да осы салаға көңілі ауып, шын ниетімен берілгеннен бері жұдырықтай ет жүрегін елжірететін жай – елдің денсаулығын жақсарту, анығында айтып келмейтін ажалдан құтқару емес пе. Ал, жауапкершілік қай жерде болмасын бар.
Осылайша сабақталған еңбек жолы ел есінде. Еңбегіне орай құрметке де бөленді. Өзі жүрек қалауымен таңдап алған салаға салмақты үлес қосты. Өз жарымды мақтау әрине, ыңғайсыздау болар, бірақ, дегенмен аруақ алдындағы адалдық үшін айта кетуге болатын шығар. Облыс орталығындағы диспансердің салынуы, оның материалдық-техникалық базасын қалыптастыру жолындағы еңбегі ел есінде сақталатындығына мен сенемін.
Өмірге құштар Өмірбек жарымның өмірден өткен кезі де осындай қыстың басы еді. Қара суықтың келген уақыты. Қара суықпен бірге жанымды тоңдырған қаралы сәт те жеткен болатын. Бір ғажабы, туған күні мен өмірден өткен күні орайлас. Бір қуантып, бір жылататын сол күндерді тағы бір еске алсам деп едім.

Рауза БӘЙКЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар