Осындай тақырыпта 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, Ақмола облыстық мәдениет басқармасы және облыстық халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында облыстық оқушылар айтысы болып өтті. Осымен қатарынан үшінші рет өткізіліп отырған өнер аламанына ағымдағы жылы Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облысынан 12 жас дарын қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Ақмола облысында өткен оқушылар айтысы туралы әлеуметтік желілерде сан пікірлер жүр. Біреулер қазылар алқасының шешіміне разы болмаса, бұл пікірлерге уәж айтқандар да табылған. Ұйымдастыру алқасы болса ақталып әлек. Қалай дегенмен де, «бұл әуен басқа әуеннен өзгешелеу» демекші, бұл жолғы айтыстың жөні бөлек. Ерекше атап өтуімізге де себеп болған балғын жүректері жыр деп соққан оқушы балалардың сөз өнеріне деген ынта-ықыласы. Айтыс шарты бойынша жыр додасына 12 жастан 16 жасқа дейінгі оқушылар қатыса алады екен. Қалай дегенмен де, тоғыз жаста да ел алдына шығып, алқалы топты аузына қаратуға болатынын дәлелдей білген Нұрғиса Елешұлы сияқты таланты бөлек талапты балалар көз қуантты.
Алғашқы жұп боп сахнаға шыққан ақмолалық Бергенбек Азатбек пен қарағандылық Тілеубек Жанарыс та болашағынан зор үміт күттіретін дарынды өнерпаздар. Әсіресе, қарағандылық ақынның тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Бергенбек те бұған дейін өз қатарластарынан оза шауып жүрген жас тұлпарлардың бірі. Содан болар, өлең сөзде бір-біріне дес бермеген олар халықтың дем берген қошеметіне арқалана түсті. Мәселен, Бергенбек қарсыласының домбыраны солақай тартатынын тілге тиек етіп, «Солақайға сорпа жоқ» деп сөзбен безбендей беріп еді, қарсыласы да өз кезегінде сөзден тосылмай, табан астында суырып салып, «Сол қолымен домбыра шерткен ұлға, ағайын оң көзімен қарағайсың» деп қарсыласының қарымтасын қайтарды. Жалпы, Бергенбек ақмолалық айтыскер ақындардың ішінде болашағынан зор үміт күттіретін жас дарындардың бірі. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, осы жолы Бергенбек ақынның шабысы көпшілік күткендей болмады. Тақырыптан ауытқып, уақытты ұтымды пайдалана алмаған ақындарды қазылар алқасының тоқтатуына тура келді. Осы орайда, айта кеткеніміз абзал, қазақ сөзге тоқтаған халық. Алайда, жас ақындардың арасында сөзге тоқтау, сөзге қонақ беру деген аз екендігін байқадық. Екінші жұпта сөз таластырған қостанайлық Ержан Сәндібек пен солтүстікқазақстандық Ермек Жүминнің айтысы да көрермендерін желпіндіре алмады.
Қалай дегенмен де, Ермектің Ержанның сарылығына тиісіп, «Шала піскен нанындай Қостанайдың» деген әзілі көрерменнің езуін тартқызса, Ержан өз кезегінде Ермектің бойының аласа екендігін жырға қосты. Ермек те сөзден тосыла қойған жоқ: «Әй, бала бойыңа сен сене берме, Түйенің жығылғаны қойдан оңай» деген астарлы ойы ұтымды шықты. Үшінші болып жұптасқан жас таланттар ақмолалық Бағызор Ербол мен керекулік Бексұлтан Қайдаровтың айтысы қызықты өрбіді. Олар мектеп оқушысы болса да, өздерінің ерекшеліктерін, сөз тапқырлықтарын сахнада көрсете білді. Кештегі халықтың зор қошеметіне ие болған айтыстың үлгісін қостанайлық Саят Әуезхан мен ақмолалық Нұрғиса Елешұлы көрсетті. Тоғыз жасар Нұрғисаның жүректен толғап, жүрекке жеткізгісі келген талабы, айтысқа тұңғыш рет қатысып отырса да, сахнада өзін еркін ұстауы, дауыс мақамы, қимыл-қозғалысы тыңдарманын тарта білді. Әдемі әзілге, орамды ойларға құрылған айтыс көрермендердің көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Бесінші жұпта солтүстікқазақстандық Диас Аяған мен қарағандылық Әлихан Ерғалиев айтысты. Диас пен Әлихан қиыннан қиыстырып әкете алатындай суырыпсалма сөзге әжептәуір ысылған, жас болса да ойдың салмағын саралай алатын ақындар екендіктерін аңғартты. Айтыстың соңғы жұбында Целиноград ауданынан Диас Төлепберген мен керекулік Нұрбек Кәрібай жұптасқан екен. Алайда, ауа райының қолайсыздығынан Диас айтысқа келе алмай қалып, Нұрбек сахнаға бір өзі шықты. Қазылар алқасының ұйғарымымен Нұрбекті Бағызормен айтыстыратын болып шешім қабылдады. Айтыскерлер шаппа шап айтыс жасай білді. Әсіресе, Нұрбектің шымыр шумақтары, әдемі әзілдері көптің көңілінен шықты. Бағызор да сахнаға бір емес, екі рет қатарынан шығып, табан астында сөз тауып, өзінің тума талант екендігін тағы бір дәлелдеп шықты. Жалпы, айтыскерлер сан түрлі тақырыптарды бірі тарихтан қаузап, ұзақтан сілтесе, бірі бүгінгі қоғамда болып жатқан кемшіліктерді тілге тиек етуге тырыс-
ты. Қазылар алқасының ұйғарымымен ақтық сынға алты ақын жолдама алып, өз өнерлерін ортаға салды. Алайда, ақтық сында тоғыз жасар Нұрғисаның өнер көрсетпеуі көптің көңіліне қаяу түсірді.
Себебі, жарқ етіп, халықты өз өнеріне сүйсіндіре білген бала ақын ә дегеннен-ақ көрерменін тәнті ете білген. Қолына қазақтың қара домбырасын ұстап, жүрегіне қазыналы сөз түйген балғын бала шын мәнінде «Көрермен көзайымына» айналып еді. Нұрғисаның әкесі, Ақмола облысына танымал Елеш Хабылхан айтыс өнеріне зор үлес қосып жүрген жандардың бірі. «Тектіден текті туады» демекші, Нұрғисаны жастайынан сөз өнеріне баулыған екен.
«Әкесінің жазып бергенін жаттап алды» деген уәж де айтылды қазылар алқасының тарапынан. Осыған байланысты бүгінде елімізге танымал азулы ақын Бекарыс Шойбековтың әлеуметтік желілерде жарияланған сұхбаттарының бірінде «Алғашқы мектепаралық байқауларға өлеңді анам шығарып беретін. Ал, мен сол өлеңді жаттап алып айтатынмын» дегені оралып отыр. Сол Бекарысты қазір кім ақын емес деп айта алады. Сол кезде анасы өнерін шыңдап, қабілетіне қанат бітірмесе, қазақ руханиятына зор үлес қосып жүрген Бекарыстай ақын шығар ма еді, кім білсін?! Қалай дегенмен де, қазылар алқасының қаталдық танытқандығын біз, жас буынның өлең сөзде әлі де болса ширай түссе екен деген ниеті деп ұғындық.
Қазылар алқасының ұйғарымымен Бас жүлдені еншілеген Павлодар облысының жас ақыны Нұрбек Кәрібай ұйымдастыру алқасының дипломы мен 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болса, Ақмола облысының намысын қорғап, абыройын асқақтатқан Бағызор Ербол жүлделі бірінші орыннан көрініп, 100 мың теңге ақшалай сыйлық пен дипломды қанжығасына байлады. Ал, екінші жүлделі орын алғаны үшін қарағандылық Әлихан Ерғалиев 80 мың теңге ақшалай сыйлық және дипломмен марапатталды. Үш жүлделі орынды Тілеубек Жанарыс (Қарағанды), Диас Аяған (Солтүстік Қазақстан облысы), Ержан Біржанұлы (Қостанай облысы) өзара бөлісті. Бексұлтан Қайдаров (Павлодар облысы), Ермек Жүмин (Солтүстік Қазақстан облысы), Саят Әуезхан (Қостанай облысы) 30 мың теңге ақшалай сыйлықпен және ұйымдастыру алқасының дипломдарымен марапатталды.
Суреттерде: айтыстан көріністер.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.