Жаңарған заманның ақиқаты

Жаратқан ием жер бетіне өзінің нұрын бірдей құятын күн көзі сияқты, ұлы адамдардан да әрбір ұлтты кенде қалдырмайды. Біздің қазақ халқы да бұл жағынан ешбір елден осал емес. Бағымызға Нұрсұлтан Назарбаевтай Ұлт Көшбасшысы бұйырған тәуелсіз еліміз бұл күнде басқалар сүйсінетіндей қарқынмен дамып, әлемге өз алдына дербес, болашағы зор мемлекет ретінде танылып қалды. Өз азаттығымызды алған 27 жыл көп уақыт болмаса да, осы кезеңде қазақ елінің көп асуларды алғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Ал, ол ең алдымен Тұңғыш Президентіміздің арқасы. Басынан небір аумалы-төкпелі замандар мен зобалаңды өткізген Алаш жұрты кешегі Кеңес Одағындағы он бес республиканың бәрі өз егемендігіне қол созғанда, солардың бірі ретінде жақсы күн, жайлы тұрмысқа ұмтылды. Ең әуелі ақсап, құрдымға кетіп тұрған ана тілімізді, басқа да рухани құндылықтарымызды бері қаратуымыз қажет еді. Сол ептеп қолымыздан келді. Бүгінгі күн туралы айтқанда, кешегі қызыл империяның көп сұрқай зымияндығы көз алдымызға келіп тұра қалары бар. Ал, қазір өз қолымыз өз аузымызға жете түсуінің арқасында сол өктемдік келмеске кеткендей.
Менің өмірімнің жарты ғасырдан астамы сол Кеңес дәуірінде өтті. Сол қоғамда дүние есігін ашқаннан бастап мектепті бітіріп, орта білім алдым, институтты тәмамдап, қалаған мамандығымды иелендім, қызмет атқарып маңдай терімнің тиесілі ақысын алып жүрдім. Былай алып қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Ал, енді соған терең үңіліп қарайтын болсақ, өзіміздің ана тілімізді ұмытып, орыстанып жатқанымызды байқамай қалыппыз. Институтта қазақ тобы деп аталсақ та, сабақтың көбі ресми тілде өтетін, оқулықтардың көпшілігі орыс тілінде болатын, әрі құжаттарды да осы тілде толтыратынбыз. Осылай орыс тілі біртіндеп таза қазақ ауылдарына да кіре бастады. Бұған тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты одан сайын үлкен соққы болды. Мен Ақкөл ауданына қызметке келгенімде 6 қазақ ауылының бәрінде де мектептегі сабақ ресми тілде жүргізілді. Мысалы, сол кездегі Калинин, бертінгі Қараөзек мектебінде оқушылар да, оларды оқытатын мұғалімдер де бәрі біздің ұлттың өкілдері болатын. Соған қарамастан, сабақтар орыс тілінде жүргізіліп, бұл кәдімгідей үйреншікті жағдайға айналды. Міне, осылай біртіндеп ана тілімізден айырыла бастадық.
Осындай жағдайда ұлттық салт-дәстүрлеріміздің де шеттетіле түскені айтпасақ та түсінікті. Бір ғана мысал, көктемнің келіп, күн мен түннің теңелгенін бүкіл халық болып тойлатын Наурыз мейрамын діни бағыттағы мейрам деген сылтаумен тойлауға да тиым салынды. Осы сияқты ұлттық тәрбиелік маңызы зор өзге шаралар да келмеске кетуге айналды. Бұлардың орнына орыстың, өзге де ұлттардың мейрамдары артық болып, солар үстемдік құрды. Айталық, қазақтың кең-байтақ даласында «орыс қысы», «орыс қайыңы» деген шықты. Оның астыртын пиғылына да бойламай, сол бетпен ұрандатып шапқылай бердік. Адамды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін ислам дінін уағыздауға да тыйым салынды. «Дін – апиын» деген сөз шығып, соның жетегінде кеткен халық ұлттық, діни тұрғыдан көп кедергілерге ұрынғаны анық.
Міне, осындай жағдайда жүргенімізде Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіздігімізді алғанымыз белгілі. Әрине, Беловеждегі үш республика басшыларының келісімінен кейін бізге де тәуелсіздікті алу тақа қиын болмағанымен, оны сақтап қалу өте күрделі жағдайда өтті. Кеңес Одағы барлық он бес республиканы бір-біріне матап тастаған еді. Ақмола қаласындағы «Қазақсельмаш» зауыты ауыл шаруашылығы техникаларын шығару үшін керек шикізатты бірнеше республикадан алатын. Одақ ыдырағаннан кейін солардың барлығымен байланыс үзілді. Соның салдарынан зауыт тоқтады. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Осындай жағдай барлық салаларда да орын алды. Электр қуатының тапшылығынан ауыл мектептеріндегі орталық жылу жүйесін іске қоса алмай, пештер сала бастадық. Дүкен сөрелері бос қалды. Бартер шаруашылықтардағы малдың бәрін құртты. Бір тонна жанар-жағар майға бірнеше тонна бидай беретін болдық. Еңбекақы мен зейнетақы берілмей, жаппай митингілер бел алып, халық наразылығы күшейді. Осылай кете берсе, тәуелсіздігімізден айырылудың ауылы да алыс емес еді. Халық тақыл-тұқыл ғана тіршілік жасап, үміт оты біртіндеп сөнгелі тұрғанда алдымен Елбасының бұдан былай зейнетақы уақытында берілетін болады деген пәрмені шықты. Жұрт сонда да сене қоймады. Өйткені, дендеп кеткен күйзеліс өте әріге кетіп еді.
Бірақ, Президентіміз сөзінде тұрды. Ауыл да, қала да зейнетақыларын ай сайын ала бастады. Біртіндеп экономикалық байланыстар да жанданып, еліміз аяғынан тұруға айналды. Еліміздің өз ішіндегі осындай оң қадамдармен бірге, халықаралық аренада да бейбітсүйгіш Қазақстанның үні айқын естіле бастады. Еліміз алыс және жақын радиустағы ядролық қарудың бәрінен бас тартып, әлемге зор өнеге көрсетті. Бүгінде дүние жүзіне сәулетімен де, баянды бастамаларымен де мәлім бола түскен Астананы салуға кірістік. Біртіндеп облыс орталықтары мен аудан-қалалардағы тұралап қалған құрылыс та қайта жанданып, тұрғын үйлер пайдалануға беріле бастады. Міне, осылай өмірдің өркенді көшіне ілестік, бүгінгі әлемдік өркениетте ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлектіміздің берік негізі қаланды. Соның бәрінің бастауында кімнің тұрғандығы, отандастарымызға әрине, жақсы мәлім. Ол – осы жылдарда елдің тілеуі де, тірегі де болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Осы орайда, Елбасы бастамасымен еліміздегі ынтымақ-бірліктің алтын арқауы – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаны, оның да әлемде теңдесі жоқ қоғамдық белді институттардың біріне айналғаны да Елбасының сан қырлы кемеңгерлік пайым-парасатының бір айғағы.
Осы арада нақтырақ тоқталатын бір-екі мәселе бар. Соның бірі – тәуелсіз еліміз аяғынан қаз тұра бастаған шақта өткен ғасырдың соңына таман ел Президенті Н.Ә.Назарбаев сол кездегі Жоғары Кеңес депутаттарының алдына ел астанасын солтүстікке көшіру туралы мәселе қойды. Мұны депутаттардың басым көпшілігі қолдағанымен, кейбір сенімсіздік білдіргендер де болды. Дегенмен, Елбасының келтірген дәлелдерінің өміршеңдігінен бұл ұсыныс мақұлданып, бұрынғы Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып бекітілді. Міне, осы жиырма жылда қала адам танымастай болып өзгерді. Бір ай бір жерде болмасаң, біраз өзгерістерді көріп, таң қаласың. Әсіресе, Бәйтерек монументі, «Думан», «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда орталықтары, Тәуелсіздік сарайы, орталық мешіт, опера және балет театры, тағы басқа зәулім ғимараттар анадайдан көз тартады.
Қала тұрғындарының жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған. Зейнеткер ретінде айтар едім, біздер жолаушылар көлігімен тегін жүреміз, зейнетақыны уақытында аламыз. Қаланың әрбір ауданында қарттардың жиналып дем алып, көңіл көтеруіне бірнеше қоғамдық орындар қарастырылған. Көрікті Бурабайдың әсем аумағында ардагерлер үшін «Қатаркөл» сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұр. Әрбір зейнеткер жарты бағасына жолдама алып, он төрт күн емделіп, жақсы тынығып келеді. Осы жұмыстарды атқаруда Астана қалалық ардагерлер кеңесі аудандық бөлімшелерімен бірлесіп, белсенді істерге баруда. Өзіміз тұратын Есіл аудандық ардагерлер кеңесін алсақ та, көптеген шараларға шақырып жатады.
Бүгінгі таңда Астана қаласы еліміздің тек әкімшілік орталығы ғана емес, мәдени орталығына да айналып келеді. Жоғарыда айтқан опера және балет театры, «Қазақстан» орталық концерт залы, жастар театры, ұлттық музей, тағы басқа мәдени-көпшілік орындар осы бағытта жемісті жұмыс істеп, елдің ұлттық танымын, рухани көкжиегін кеңейтуге белсене атсалысуда. Бұған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен күні кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да игі септігін тигізіп отырғандығы және тигізе түсетіндігі айқын.
Әрине, тұтастай қоғамды қинап отырған көкейкесті мәселелер де жоқ дей алмаймыз. Соның ең бастысы, жиырма жеті жылда шамалы ғана алға басқан ана тіліміздің жағдайы. Менің өзіме біздің халық орысша сөйлеуді одан сайын үдетіп алған сияқты көрінеді де тұрады. Бұл – ана тілімізде сөйлеуді биліктің өзі тақа қажет етпей отырғасын деп ойлаймын. Екінші мәселе меніңше, бой бермей келе жатқан жемқорлық пен ел ішінде әлі де болса байқала түскен жұмыссыздық.
Ал, енді латын әліпбиіне көшу – өмір талабы. Елбасымыз айтқандай, ұлттық кодымызды сақтау маңызды мәселе. Ықылым заманнан өміршеңдігін көрсеткен ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жанданып келеді. Ұлттық тәрбие жастарымызды ұлт пен
Отанын сүюге тәрбиелейтін бірден-бір басты құрал. Осыны алда да ешқашан ұмытпауымыз керек. Келесі 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жастар жылы елімізде жастар арасында тәрбие жұмысын жандандыруға, олардың жандарына батқан тұрмыстық мәселелерін шешуге үлкен бір үлес болып қосылады деген үміттемін. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әл-ауқатын жақсарту, Қазақстанды әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосу туралы үздіксіз айтумен келеді. Жалпы, осы жоғарыда айтылған, айтылмай қалған игі өзгерістердің бәрі өз алдымызға жеке тәуелсіз мемлекет болуымыздың және Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты мен халықаралық беделінің арқасы. Кем-кетіктер бола тұра, заманның жақсы жағына жаңарғанын, еркін тыныстап, бұрынғыдан жақсы өмір сүріп жатқанымызды көрмеуге болмайды. Бүгінгі өзгерген дәуір ақиқаты осы!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
білім беру ісінің ардагері, зейнеткер.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар