Ұлт тарихына терең бойлау қажет

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өзінің құндылығы жағынан әрқайсымызға үлкен ой салуда.

Мақала келешек ұрпақ өзінің түп-тамырын білуіне, ұлттық тарихқа терең үңілуіне зор септігін тигізеді. Біз өз тарихымызды біле бермейміз. Президенттің мақаласында «біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ» деп айтылды. Сондықтан да, тарихтың ақ-қарасын айырып, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жастарға жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс түсіндіруіміз қажет.
Мақалада Елбасы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде: «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны»,– деп Ұлы даланың жеті қырына тоқталған. Ал, екінші «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде нақты ірі жобалар арқылы атқарылатын жұмыстарды белгіледі. Оның ішінде «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, оны цифрлық форматқа көшіру қажеттігін атап өтті.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде «көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады»,– деп айтылғандай бізде атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында кітапханалар ерекше атсалысады. Кітапханада өткізілетін іс-шаралар: әдеби, портрет, эллегия, еске алу кештері, конференциялар, дөңгелек үстелдер арқылы ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесін, артында қалдырған мол мұраларын жастардың бойына сіңіруге септігін тигізеді.
Елбасы өз мақаласында «еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет»,– деп нақты тапсырма берді. Нұрсұлтан Әбішұлы өлкетану музейлерінің де жұмысын жандандырып, жаңғыруын, тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңыздылығын атап өтті.
Қазақ даласынан шыққан түркі тектес тайпалар мен халықтарға ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашудың маңыздылығын, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттігін атап өтті. Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталған «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек, – деді Н.Назарбаев. Мақаладағы атап көрсетілген тапсырмалардың орындалуы жастарымызға өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беруде көп жетістіктерге жеткізеді.

Индира АРАПБАЕВА,
Степногорск қалалық орталықтандырылған кітапханасының бөлім меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар