Еліміздің ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Астраханка селосында жаңа көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған қуаныш иелеріне салтанатты жағдайда осы пәтерлердің кілттері тапсырылды.
Баспана алып, шаттыққа бөленгендерді құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Сейілов:
–Біздің мемлекетіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен әр қазақстандықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында көптеген бағдарламаларды, соның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды да іске асырып келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біздің ауданға осы үйдің құрылысын жүргізуге 270 миллион қаржы бөлінген болатын. Бүгін үй толық салынып болып, одан ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері пәтер алып отыр,–деп атап көрсетті.
Жаңа үйге қоныстанушыларды құттықтаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынай Сейітжанов аудан әкімімен бірге көгілдір лентаны қиды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген тұрғындар мемлекетіміздің өздеріне көрсеткен қамқорлығы үшін алғыстарын білдіріп, шексіз қуаныш, ізгі ниетпен жаңа пәтерлеріне қадам басты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.