Астана. №2 облыстық аурухананың жаңа бөлімшесі

1999 жылы Президент Жарлығымен облыс орталығы Астанадан Көкшетау қаласына көшірілгенде қаладағы облысқа тиесілі болған ғимараттар, мекеме-кәсіпорындардың барлығы дерлік Елорда меншігіне берілген болатын.

Сол кездегі облыс басшылары облыс құрамындағы көптеген шағын ауылдардың Көкшетаудан тым қашық орналасқандығына орай, Целиноград аудандық ауруханасын Ақмола облысының құрамында қалдыру қажеттілігін тиісті орындарға дәлелдеген еді. Сол аудандық аурухана кейіннен облыстық аурухана мәртебесіне ие болып, бүгінде облысымыздың сегіз ауданы мен Степногорск қаласы тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуде.
Бүгінгі таңда аталмыш аурухана медициналық қызмет көрсетуде Астанадағы қалалық, тіпті республикалық клиникалармен бәсекелестікке түсуге мүмкіндігі бар емдеу орнына айналды. Облыс басшылары тарапынан жан-жақты қолдау мен көмектің, сондай-ақ, ауруханадағы білікті мамандар мен іскер басшылардың жүргізген жұмыстарының арқасында ауруханада көптеген шаруалар атқарылды. Аурухананың бөлімшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті медициналық қондырғылар орнатылды. Осы уақытқа дейін мұнда хирургия, урология, гинекология сияқты барлығы 9 бөлімше халыққа медициналық қызмет көрсетіп келсе, жуырда заман талабына сай қондырғымен жабдықталған жаңа бөлімше ашылды.
Жүрек-қан тамыры сырқаттарын емдеуде бұрынғыдай аурудың денесін тіліп ота жасамай, тері арқылы қан тамырын тазалау мен инсульт ауруының алдын алуға мүмкіндік беретін бұл заманауи қондырғыны алу үшін облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді.
Ауруханада жаңа бөлімшенің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, аурухананың жалпы жағдайымен танысты және медицина қызметкерлерімен пікір алмасты. Сонымен қатар, айтулы шараға Астанаға жақын орналасқан аудандағы ауруханалардың бас дәрігерлері де арнайы келді.
Аурухананың бас дәрігері Рүстем Албаев Айна Ермекқызына аурухананың жұмысы, қол жеткен жетістіктер мен ойға алған шаруалар жайында баяндап берді. Ал, Асхат Бекбосынов жаңадан орнатылған англиографтың жұмысымен, бұл заманауи қондырғының мүмкіндіктерімен таныстырды. Аталмыш бөлімше жаңа ғана ашылғанымен, ауруханада онымен жұмыс істей алатын арнайы мамандар бар екен. Яғни, қазірдің өзінде бөлімшенің өз ұжымы қалыптасқандықтан, бүгіннен бастап сырқаттарды қабылдап, емдей алады деуге болады. Англиографтың тағы бір ерекшелігі, оның сырқат адамды ота жасамай емдеумен қатар, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырға қатысты ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретіндігі.
Сөйтіп, №2 облыстық аурухананың сырқаттарды емдеудегі мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түсті деуге негіз бар. Енді бұрынғыдай көп жағдайда сырқаттарды республикалық емханаларға жібермей, облыстық ауруханда емдеуге болады. Ал, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова алдағы уақытта да облыстық ауруханаға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтып, денсаулық сақтау мекемесінің болашақ жұмысына сәттілік тіледі.

Талғат ҚАСЕН,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар