Үш жылдың бюджеті бекітілді

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдиннің қатысуымен өткен алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 27-ші сессиясында 2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджеті бекітілді. Сессияға облыстық мәслихат депутаттары, аудандық және қалалық мәслихаттардың хатшылары, облыстық басқармалардың басшылары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияда алдымен 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетке назар аударылды. Алдағы үш жылдағы бюджет туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев жан-жақты түсіндіріп айтып берді.
– Облыстың жаңа бюджеті өңірдің 2019-2021 жылдардағы əлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде əзірленді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған шаралар қарастырылған. Жаңа бюджетте білім, денсаулық, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыз сумен қамтамасыз ету, агроөнеркəсіптік кешенді дамыту сияқты салалық жəне мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға баса көңіл бөлінген. Бюджет шығынының негізгі бөлігі əлеуметтік-саланы дамытуға бағытталған. Бюджет көлемі облыстың дамуы мен азаматтардың əлеуметтік деңгейін сақтай отырып, бюджет саласы мен экономикалық тиімділікті арттыру арқылы іс жүзіндегі міндеттерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қанат Дүзелбаев.
Жарыссөзге шыққан облыстық мəслихат депутаттары Серік Аяғанов, Сергей Кистин, Астрахан аудандық мәслихатының хатшысы Мейрам Қожахмет өткен жылғы бюджет қорытындысын жан-жақты саралай келе, жаңа бюджеттің азаматтар алдында барлық міндеттемелерді сақтап, облыстың экономикалық өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, сессияда депутаттар Ақмола облысы бойынша елді мекендердің атауын өзгерту және əкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістер сияқты бірқатар шешімдер бекітілді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар