Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – игі істердің жаршысы - АРҚА АЖАРЫ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – игі істердің жаршысы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние. Тарихи құжатта айтылған бастамаларды жүзеге асыруда Ақмола облысы зор белсенділік танытуда. Осы орайда, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеевадан газетіміздің тілшісі бағдарламаны жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып беруін өтінген еді.

– Әңгімеңізді мақалада көтерілген мәселелерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтудан бастасаңыз?

– Биік сана мен тарихи танымға негізделген бұл мақала қоғамға соны серпіліс әкелді десек артық айтқандық емес. Мақалада ұлттық жаңғыру үшін ірі-ірі бағыттарды жүзеге асыру міндеттері айтылған. Ақмола облысына тың серпіліс берген бұл бастама талай игілікті істің жаршысына айналды. Біз өз жұмысымызда бағдарламалық мақалада белгіленген алты негізгі бағытқа сүйенеміз. Бұл алты ұстаным – жай ғана бұқараның санасын дамытудың құралы емес, ол рухты қайта жаңғыртудың, ұлттық ерекшелікті жаңа заманға бейімдеудің қағидасы деп білеміз.
Мемлекет басшысының біздің ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз, тіліміз бен діліміз, әдебиетіміз бен өнеріміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бізбен мәңгілік қалуы тиіс деген пікірімен түбегейлі келісемін. Тарихи және мәдени мұрадан ұрпаққа өлмес қазына болар құнарлысына қылау түсірмей кейінгіге жеткізу, сонымен қатар, оны біздің қазіргі заманымызға бейімдей отырып дамыту – «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағытының басты міндеті болып табылады. Ақмола жері ежелден тарихы аса бай, тылсым табиғатымен талайды тамсандырған, әсемдігімен әлемге мәшһүр болған киелі өңір. Осы орайда, «Қазақстанның киелі орындар географиясы» арнайы жобасы аясында Ақмола облысындағы он киелі нысан ұлттық мәнге ие болды. Олар: «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені, Олжабай батыр зираты, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Оқжетпес шыңы, «Беспақыр» мазары, «Бытығай» кесенесі, Қабанбай батыр кесенесі, Баубек батыр кесенесі, Науан Хазірет атындағы мешіт.
Әлі де болса зерттелетін тарихи орындар көп. Мысалы, Астрахан ауданында қазақ даласының белгілі ағартушылары мен қайраткерлерінің жерленген «Тоғыз әулие» нысаны ғалымдардың зор қызығушылығын тудыруда.
Астанадан жүз шақырым қашықтықта жатқан Қорғалжын ауданындағы кесене де зерттелуде, ғалымдардың пайымдауынша, бұл кесене Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханға тиесілі. Бірегей ғибадат ғимараты Астана қаласының аумағында, қазақ жерінің ортасында, қазақтардың этникалық аумағы қалыптасқан жерде, қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзі пайда болғанын көрсетеді.
«Бәсекеге қабілеттілік» бағыты бойынша кәсіби бағдар беру жұмысына көп көңіл бөлініп келеді. Шалғай ауылдардың балаларына болашақ мамандығын таңдауға көмектесу үшін «Мамандықтар автобусы» жобасы жүзеге асырылуда. Осы автобус оқушылардың қандай да бір мамандыққа бейімділігін анықтау үшін диагностикалық жүйемен жабдықталған және «Кәсіптің атласы» жұмыспен қамту және үйлестіру басқармасымен бірлесіп әзірленген. Биылғы жылы «Мамандықтар автобусы» үздік кәсіби бағдаршылар штатымен бірге Атбасар ауданының алыс орналасқан ауылдық елді мекендерінде оқушылар мен олардың ата-аналарына ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсетті. Сонымен қатар, «Startup», «Fab-lab», «Наукоград» форматындағы басқа да жобалар іске асырылуда. Мұндай форматтар аудандық және облыстық іс-шараларды ауқымын кеңейтуге және әртүрлілікке, балаларды жаңа жұмыс түрлеріне тартуға мүмкіндік береді. «Алтын қазына», «Дарынды ұрпақ – ел болашағы», «Дарындылар елі», «Ұлы өнертапқыштарға алғашқы қадам» жобалары арқылы бәсекеге қабілетті балалардың саны ұлғаюда.
Жаңа әдебиеттерді жарыққа шығару бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатқандығын баса айтқым келеді. «Қазақстан мәдениеті қазіргі әлемде» арнайы жобасы аясында Лондонда ағылшын тілінде Сәкен Жүнісовтың «Zamanai and Amanai» повесі жарық көрді. Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық шығармалар жинағы және «Мәлік Ғабдуллин – Ұлы даланың мақтанышы» атты альбом-кітабы, профессор Қадыржан Әбуевтің «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты библиографиялық очеркі шығарылды, жазушы-публицист Жабал Ерғалиевтің ««Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» кітабы мен «Ақан сері» жинағы, Ақмола облысы туралы «Жер жәннаты» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде фотокітап жарық көрді.
Бағдарламалық мақаланың идеологиялық түптамыры негізінде Ақмола облысындағы жоғары оқу орындарының жанынан атап айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде «Рухани жаңғыру» кафедралары ашылды. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде 43 «Рухани жаңғыру» кабинеттері жұмыс істейді.

– Сіз Ақмола облысының киелі нысандары туралы айттыңыз. Ал, республикалық және аймақтық маңызы бар қасиетті орындардың тізілімін қалыптастырудың маңызы туралы не айтасыз?

– Біріншіден, бұл киелі нысандарды сақтау және абаттандыру үшін қажет. 2018 жылдың басынан бастап QR-код технологиясы арқылы ескерткіштер мен тарихи сәулет құрылыстарын цифрлау бойынша «Ескерткіштер сыр шертеді» жобасы басталды. Оның құндылығы: мобильді құрылғыны QR-кодқа бағыттасаңыз болғаны, қажетті ақпарат онлайн-режимде жүктеледі. Осылайша бүгінгі күні 55 нысан цифрландырылды. Осы жылдың жазында біздің киелі нысандарымызға Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан 150 бала саяхаттап келді. Өз кезегінде 55 ақмолалық оқушы Қызылорда облысында болды. Бұл игі бастамалар алдағы жылы да жалғасын табады. Әзірге біздің балаларымыздың Түркістан, Павлодар немесе Маңғыстау облыстарына саяхаттап бару мүмкіндігі қарастырылуда. Ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл бастаманы біздің меценаттар қолдады. Мәселен, Зеренді ауданында кәсіпкер Борис Козлов өз қаражатына Уәли хан мазары аумағын қалпына келтіру мен абаттандыруды ұйымдастырды.

– Зеренді ауданының кәсіпкерінен басқа, бұл игі іске қол ұшын беремін деген басқа да жомарт жүректі жандардың ішінен тағы кімдерді атап өте аласыз?

– Айта кету керек, біздің кәсіпкерлер Мемлекет басшысының «Туған жер» арнайы жобасына белсене қатысып, бұл бастаманы зор ықыласпен қабылдады. Ақмола облысының танымал спортшылары, меценаттар, табысты кәсіпкерлер өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға белсенді қатысуда. Олар бүгінгі күні 8 миллиард теңгеден астам сомаға 136 жобаны іске асырды. Меценаттар арасынан туған ауылдарын абаттандыруға көп қаражат құйып, оның көркеюіне зор үлес қосқан жандарды ерекше атап өтуге болады. Олар «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің директоры Иван Адамович Сауэр, «BI Group» ЖШС-нің негізін қалаушы Бауыржан Әбдірашитұлы Исабаев, «Заречное» ЖШС-нің директоры Уәлихан Сәпиұлы Әріпов, «Ново-Приречное» ЖШС-нің директоры Валерий Николаевич Тюркин, «Свободное» ЖШС-нің директоры Александр Александрович Закусилов және басқалар. Олардың елі үшін жасаған игі істері туралы, елге деген шынайы сүйіспеншіліктері, патриоттық рухы хақында жеке мақала немесе тіпті, повестер жазса артық болмас. Осы орайда, айта кетсем орынды болар, Бауыржан Әбдірашитұлы Исабаев пен Уәлихан Сәпиұлы Әріпов биыл республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды.

– Дұрыс айтасыз, шынында да, мұндай адамдар біздің заманымыздың қаһармандары десек, артық болмас. Осындай елім деп еміреніп, туған жерім деп тебіреніп, қолда барын аямайтын жомарт жүректі жандардың бары қандай ғанибет. Ал бұл жұмысқа азаматтық сектор тартылған ба?

– Ақмола облысындағы қоғамдық ұйымдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын аса белсенділікпен жүзеге асыруда. Олардың арасында елжанды азамат Бақыт Смағұл басшылық ететін «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігін атап өтуге болады. Бұл қоғамдық бірлестік зиялы қауым өкілдері мен жастарға арнап көптеген игі шаралар ұйымдастырып, тың бастамаларды қолға алуда. Мысалы, желтоқсан айында қоғамдық ұйымның ұйымдастыруымен Алаш қозғалысының қайраткерлеріне арналған «Тәуелсіздік тұлғалары: Таным. Тағылым. Тарихи сабақтастық» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен іс-шараға еліміздің жоғары оқу орындарының айтулы ғалымдары жиналып, тарихтан қаузап, бүгінгі күннің жетістіктерін айшықтап, өскелең ұрпаққа зор тағылым беретін ғибраты зор тағылымды кеш ұйымдастырды. Конференция Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орайластырылып өткізілді.
Ал, «Sara» қоғамдық қоры мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің өзара іс-қимылы бойынша «Асар» облыстық форумын өткізді. Форум аясында меценаттық қызметі үшін «Көкше Транс-Альянс» ЖШС-нің директоры Қайрат Құсайынов, Атбасар ауданының Новосел ауылдық округінің әкімі Гүлгүл Мағзұм, Қорғалжын ауданындағы мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орал Бейсен, Степногорск қаласындағы «Aleks-Nour» ЖШС-нің директоры Александр Накошный, «KokSu Kz» ЖШС-нің директоры Сәуле Қасым, LUXOR дүкендер желісінің негізін қалаушы Алена Авраменко, «Good Cinema» компаниясы, «Бурабай» спорт сарайы және қоғам мен бизнестің басқа да белсенді өкілдері марапатталды.
2017 жылы «Жаңа толқын» жастар қоғамдық ұйымы құрылды, онда «Ақ ниет – ізгілік шуағын төгейік» жобасы жүзеге асырылуда, бұл жерде еріктілер корпусы халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына көмек көрсетеді, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды, мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға «Жұлдыз» ББҰ белсенді қатысады. Облыс әкімдігінің қолдауымен ағымдағы жылдың 11-14 мамыр аралығында республикада алғаш рет «Біз сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» тақырыбында Қазақстан Республикасының балалар қоғамдық қозғалысының форумы болып өтті. Оның жұмысына Қазақстан мен Ресейдің балалар қоғамдық бірлестіктерінің 180 көшбасшылары қатысты. Бағдарламаны іске асыруға шығармашыл жастар да өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, Ақмола облыстық әдебиет және өнер мұражайы жанындағы жас ақындар шығармашылық бірлестігінің «Жас тұлпар» инновациялық әдеби жобасы жүзеге асырылуда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Рух Алдаспан» жаңа қоғамдық бірлестігі құрылды. Ақын Мерген Тоқсанбай бастаған қоғамдық қор қанатының астына өңіріміздің талантты жастарын алып отыр. Осы бірлестіктің базасында өңірлік жобалау кеңсесі жұмыс істейді, ол келесі жылдан бастап жаңа жобаларды іске асырумен айналысады.

– Бағдарламаны іске асыруда заманауи технологиялар қалай қолданылады?

– Өз жұмысымызда жаңа қызықты формаларды табуға тырысамыз. Мысалы, бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында баламасы жоқ сандық құралдарды қолдану арқылы «Smart» Рухани жаңғыру» жобасы (веб-сайт, online-жол көрсеткіш, жалпыұлттық маңызы бар 10 қасиетті нысан бойынша толық ақпарат) әзірленді. Республикалық және халықаралық маңызы бар ақпараттық жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, «The NOMADS» халықаралық реалити-шоуының түсірілімі», «Қазконтент» АҚ-ның «Әдебиет порталымен» бірге «Елге сапар» экспедициялық жобасы, «Туған жер: Қазақстанның ұлы мұрасы» медиа-жобасының түсірілімдерін атап өтуге болады. Осы орайда, Президенттің бағдарламалық мақаласы аясында жүргізілген үлкен жұмыстарға қарамастан, әлі де көп жұмыстар атқарылатынын атап өткім келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру – бұл тек мемлекеттің ғана емес, жалпы біртұтас қоғамның басты міндеті деп білеміз.
– Маңызды әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар