Қыс түсіп, пеш жағу маусымы басталғаннан бері пешті пайдалану ережелерін бұзған тұрғындардың иіс тиіп, улы газдан улану оқиғалары жиілеп кетті.
Олардың басым көпшілігінде осы жағдайға үй жылытатын пешті салу және пайдалану талаптарына мән бермей, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзатын үй иелерінің өздері кінәлі. Осы жағдайға ата-аналарының салғырттығынан балалар зардап шегетіндігі жанға батады.
Егер пешті дұрыс пайдаланып және оның дұрыс жұмыс істеуіне көңіл аударып отырсақ, отынның жану кезінде пайда болатын иіс газының мөлшері соншалықты қауіп төндірмейді. Мұндайда сақтық – иіс газымен уланудың алдын алу кепілі.
Төбесі жабылған және ішіндегі отыны жанбай қалған пеш иіс газының пайда болу көзі және байқаусыз уландырғыш болып табылады. Отын түгелдей жанып кетті деп ойлап, үй иелері жылуды сақтап қалу үшін түтіндіктің жолын жауып тастайды. Бықсып жанып жатқан көмір ауа жетпегендіктен иіс газын түзіп, ол пеш құрылғысының саңлаулары арқылы бөлмеге таралады.
Түтіндіктің тартымы және ауаның келіп түсуі нашар болған жағдайда да отынның жанбай қалып, соның салдарынан улы газ түзіліп, оның жиналуына әкеліп соқтырады. Түтіндікті күтіп ұстау сондай қиынға соғатын жұмыс емес. Тек бір жылда екі рет пешпен жылыту кезеңінің алдында және одан кейін пештің тартымын, кірпіш қалауларының немесе модульдарының қиысқан жерлерінде саңлаулардың жоқтығын тексеріп, қажетті кезде пештің ішкі беттерін күйеден тазартып отырса жеткілікті. Мұндайда пеш пен түтіндіктің қосылған жерін бақылауға баса көңіл аударыңыз.
Көп қолданылбай тұрған пешке от жағар алдында түтіндік жолының бітеуішін ашып, оған мұржа арқылы қарап, түтіндіктің күйемен, жапырақтармен толып қалмауына және құс ұяларының болмауына көз жеткізу қажет. Себебі, ондай жағдайлар да болады. Ал, егерде ақау тапсаңыз, оны бүгін жойыңыз, өйткені, ертең кеш болуы мүмкін.
Есенкелді ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ,
Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты.