Милана СКОРИК: «Мемлекеттік тілді білу өзіме керек»

Қазақ тілін жетік меңгерген Милана Скорик Ақкөл қаласының студенттері мен жастарына  мемлекеттік тілді өзінің жеке әдіс-тәсілдері арқылы үйретіп жүр. Осылайша, бұл белсенді, бастамашыл қыз жастарға қазақ тілін насихаттай жүріп, тіл мәдениетін қалыптастыруға, халықтың арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үлес қосуда.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ресми жиындарына келіп, үнемі қазақ тілінде сөз сөйлеп, өзге ұлт өкілдерінен болған өз замандастарын мемлекеттік тілді үйренуге шақырып жүрген украин қызы Миланамен бір шарада кездесудің сәті түсті. Одан тілді қалай меңгеріп алғанын сұрағанымызда:

–Менің көреген әжемнің мамандығы педагог болатын. Ол мені Ақкөлдегі музыкалық мектепке алып барды. Мен фортепианода ойнауды үйренгім келетін, бірақ, әжем болмай, мені домбыра сыныбына берді. Сөйтіп, орыс тілді ортада өскен мен қазақтың күйлері мен шығармаларын үйрене бастадым. Нәтижесінде қазақ халқының дархандығы мен кеңдігі музыка арқылы санама сіңіп, күннен-күнге осылайша қазақтың тарихы мен мәдениетіне, тіліне бойлай бердім, – деді.

Мұнымен қоса, еңбекқор, елгезек оқушы өз жетістіктерімен мұғалімдерін де қуанта білген. Алтыншы сыныпта оқып жүргенінде Милана музыка мектебін домбыра сыныбы бойынша сәтті аяқтап шыққан. Үздік оқушының қабілет-қарымын байқаған қазақ тілінің мұғалімі Жанар Құрымбаева оны өзінің қанатының астына алып, аудандық тіл олимпиадасына қатысуға дайындайды. Ол өзінің алғашқы сынағын әлі күнге ұмытпапты.  Олимпиадаға дайындық кезінде бір апта ішінде өзіне берілген барлық тақырыптар бойынша өлеңдер жаттап, диалог құрастыру мен мақал-мәтел айтуға машықтанған. Ал, олимпиада кезінде оның домбырада ойнай алуы да ерекше бағаланыпты.

Алдына мақсат қойып, оған жеткенше тыным таппайтын Милана қазақ тілін үйренумен қатар, өзінің туған украин тілін, сондай-ақ, бүгінгі заман талабына сай ағылшын тілін де меңгерді. Орыс тілін қосқанда, төрт тілді еркін меңгерген Милана Скорик қоршаған ортасы, дос-жараны қазақ балалары болғандықтан, көбіне қазақ тілінде сөйлейтінін, сол себепті қазақ тіліне көбірек көңіл аударатынын да жасырмайды.

–Қазақ тілі менің туған елімнің, Отанымның мемлекеттік тілі. Сондықтан, мен оны жақсы білуім керек. Мен Қазақстанда туып-өстім, осында тұрамын, жұмыс істеймін және оны басқа елге ауыстыру ойыма да келмейді. Ал, тіл білу – дамудың жаңа мүмкіндігі. Мен кез-келген жаңа тілді үйрену арқылы көптеген пайдалы ақпарат алуға болатынын білемін, сол үшін тілдерді үйренуге тырысамын, – дейді ол.

Милананың айтуынша, мемлекеттік тілді оқып жүргенде продюсер, тележүргізуші және актриса Баян Алагөзованың фильмдерін көп көрген. «Хабар» телеарнасынан берілген қазақша сериалдарды тамашалап, орыс тіліндегі субтитрлерді оқып, бейтаныс сөздерді жазып алып, зерттеп, жаттап алып отырған. Бұл әдетін қазір де қоймаған, тілді әрі қарай меңгере беру үшін ол қазақ тілінде музыка тыңдап, фильмдер көреді, кітап оқып, тілдік қорын толықтырып отырады.

Ол «AMANAT» партиясының Ақкөл аудандық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатын басқара отырып, ауданның қоғамдық өміріне де ынталы түрде белсенді қатысады. Жақында Көкшетауда өткен «Ұлы даланың ұлттық тілі» республикалық форумына қатысып, замандастарымен өзінің тіл үйренудегі тәжірибесімен бөлісті.

Милана Скорик – Мәскеу Халықаралық университетінің журналистика факультетінің сырттай оқытатын бөлімінің студенті. Сонымен бірге, ол блогерлікке де уақыт табады. «Тiк-Тоk» «Youtube» қосымшаларында аккаунт жүргізіп, бүгінгі күннің маңызды ақпараттарымен бөліседі. Міне осылай үнемі қозғалыста жүретін қыз ізденуден еш жалықпайды. Бәлкім, бұл оның алға ұмтылуға деген құштарлығынан да шығар.

Милананың айтуынша, оның айналасында, Ақкөл қаласында мемлекеттік тілде сөйлейтін адамдар әлі де аз. Бірақ, жігерлі, сүйкімді және мақсатшыл қыз бұл уақытша құбылыс екеніне  сенімді. Ол өзінің күш-жігерін салып, мүмкіндігіне қарай жағдайды өзгертуге тырысуда. Мәселен, Ақкөл агротехникалық колледжінде «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі ретінде өткен жылы «Сөйле» ауызекі сөйлеу клубын ашқан ол өзі сонда қазақ тілін үйретеді. Бүгінгі таңда бұл тіл үйрену клубына қазақ тілін үйренгісі келген 25 оқушы қатысады.

Біз әңгімелескен қарапайым қыз  осы аз ғана уақыт ішінде балалардың қазақ тілін меңгеруде қол жеткізген жетістіктерін өзінің  ұйымдастырған жұмысының тиімділігінен деп санайды. Ал, оның қазақ тілін үйрену бойынша онлайн-сабақтар жүргізетін «Тiк-Тоk» алаңындағы блогына әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар жазылыпты. Әрі ең бастысы, оның парақшасына жазылушы 20 мың жастың бес пайызға жуығы онымен бірге қазақ тілін меңгергісі келеді екен.

Ырсалды ШАМШИЕВА.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар