Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының маңыздылығы мен
ұлағаттылығы бізді осы бағыттағы өрелі істерге жетелейді. Соны барынша сезінген Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы да өз ауқымы мен міндетіне кіретін төл тарихымызды жаңғырту жұмыстарында көптеген өміршең жобаларды қолға алып отыр.
Егер тәжірибеге сүйенсек, алдыңғы қатарлы облыс музейлерінің бірі Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі – бүгінгі уақытпен бірге қадам басып, заманауи мәдени өмірдің оқиғаларына бойлауға ұмтылады. Алғаш рет, өткен жылы, біздің музей қызметкерлері Ақан серінің 175 жылдығына арналған ЭТНОDAY форматындағы «Мәңгілік әуені» іс-шарасын және ЭКОDAY форматында «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» атты жобасы жүзеге асырылды. Бұл шаралар жоғарыдағы мақалаларда айтылған «Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында қолға алынды.
Бағдарлама Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының аумағында Ақан сері мемориалдық кешеніне барудан басталып, онда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының делегациялары кездесті. Екінші бөлігі Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында панельдік пікірталаспен жалғасты. Қонақтар мен қатысушыларға «Ақан серінің адалбақаны» қысқа метражды фильмі, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахналауымен «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінен үзінді көрсетілді. Ақан серінің шығармашылығына арналған кітап көрмесін М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана, «Сал-серілік дәстүрдің салтанаты» атты қазақ музыкалық аспаптарының көрмесін әдебиет және өнер музейі ұсынды. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде қонақтар үшін музей залдары мен «Көкшетау – өнер бесігі» экспозициясына экскурсия өткізілді. Сондай-ақ, Орынбасар Төкенова музейге тапсырған Ақтоқтының жүзігі және іс-шара қазақ ұлттық киімі мен күміс әшекейлерінің дефилесіне ұласты.
ЭКОDAY бағдарламасында «Табиғат» Қазақстан Экологиялық одағы мен кәсіпорындары қауымдастығының президенті Мэлс Елеусізовтің және өзге де атақты ғалымдар мен журналистердің қатысуыменен экодиалог, экомарафон және эко тизер өтті. Өзен сағаларын тазалау экомарафонында Есіл өзені ағып өтетін Ақмола облысының 7 ауданы қатысты.
«Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» жобасының келесі кезеңі – Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры В.Ф.Зайбертпен бірлесіп ұйымдастырған Есіл-Шағалалы өзен аралығының қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу» археологиялық экспедиция-сы болатын. Тамыз айында өткен келесі кезең – Есіл өзені ағып өтетін Астрахан ауданына кешенді тарихи-этнографиялық экспедициясы. Өзен арнасының бойында орналасқан елді мекендердің төңірегі зерттелді.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасын іске асыру аясында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Бурабай тарихи-өлкетану музейінің ашылуы өтті. Музей «Бурабай Даму» визит орталығында орналасты және ол ежелгі дәуірден заманауи кезеңге дейінгі өлкеміздің тарихын бейнелейтін 3 залдан тұрады.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Елбасы және Тәуелсіздік» заманауи тарих залының жаңа экспозициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Залдың тұжырымдамасы Тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихын, оның жетістіктері мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Ә.Назарбаевтың табысты Қазақстанның және Ұлы дала жазығындағы жаңа елорданың құрылысындағы ауқымды тарихи рөлін айқындап берді.
Ақмола облысы әкімінің бастамасымен, әлемде алғашқы рет, біздің облысымызда «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейі бой көтерді. Бұл «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейі негізінен Қазақстанның киелі географиясының нысандары ретінде археологиялық баспананың үлгісін, туристік сәулеттік-мәдени ансамблін, ғылыми-патриоттық тәрбиенің нысаны, этно-мәдени іс-шаралар мен тұсаукесерлердің орнын қамтиды.
Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Казахалтын Tehnology» серіктестігі Степногорск тарихи-өлкетану музейіне күрделі жөндеу жүргізуге және жаңа экспозициялық залдарды ашуға қаражат бөлді. Сондай-ақ, облыстық музей қызметкерлерінің күшімен Атбасар тарихи-өлкетану музейінде ішінара реэкспозиция өткізілді. Бұл өңірдегі Алаш партиясының Ақмола облысында құрылу тарихын көрсететін толық зал ретінде ұсынылған жалғыз музей.
Облыстық музей іс-шараларының рейтингінде «Week of history» мәдени-білім беру жобасы танымал болды. Оның бірі Көкшетау қаласының мектептерінде өткен тарих апталығы. Бүгінгі таңда, жоба аясында 7 мектеп (1000 адамнан астам) қамтылды. Бұл аталған жоба биылғы жылы да жалғасын табады. Бұдан әрі жобаның қатысушылары ауылдық жерлердің мектептері болмақ.
Сондай-ақ, 2018 жылдың 26 қазаны күні «Күміс сиқыры» («Магия серебра») экспозициялық-көрме жобасының ашылуы өтті. Келушілерге музей қорларында сақталатын зергерлік бұйымдарының алуан түрлілігі ғана емес, сондай-ақ, өлкенің қазіргі кездегі шеберлерінің аталмыш өнер туындыларының мұра болып қалуы ретінде таныстырылды.
Бүгінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Рес-публикасы Мемлекеттік музей қоры каталогына енгізу үшін музейлік заттар туралы мәліметтер дайындау жұмысы жалғасуда.
Облыстың 11 музейінде цифрланған музей заттарының жалпы саны қазіргі сәтте 15153 сандық белгілері бар. Бұл негізгі қордың 13 пайызын құрайды. Өткен жылы ғылыми-әдістемелік кеңестің екі отырысы, «Музейдегі ғылыми-қор жұмысы» облыстық семинары, қор-іріктеу комиссиясының екі отырысы және қор-сатып алу комиссиясының төрт отырысы өткізілді.
Ал, биылғы жылы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасын және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру аясында біздің Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициялық залдарды жаңарту бойынша үлкен жұмыс жос-парлап отыр. Атап айтқанда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ерейментау қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейіне реэкспозиция жүргізіледі. Сөйтіп, аудан музейлерінің экспозициясы ішінара жаңартылатын болады.
«Зеренді ауданы Қошқарбай шатқалының қола дәуірі археологиялық ескерткіштері», «Краснояр мекеніндегі ботай мәдениетінің археологиялық зерттеулері», «Қазақ хандығының негізін қалаушы – Жәнібек сұлтанның кесенесін зерттеу», «Бөгенбай батыр әскери жорықтарының іздерімен», «Тәуелсіз Қазақстан тарихы музей жинақтамаларында» ғылыми-зерттеу музейлік жобаларын, «Абылай хан ордасы» сәулеттік-тарихи жобасын іске асыру аясында ғылыми тұрғыда іздестіру және зерттеу жұмыстары күтілуде. Сондай-ақ «Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін» атты жобасы және оған қоса, биылғы жылы музей мамандықтарын, атап айтқанда эскурсия жүргізуші мамандығын дәріптеу бойынша жұмыстар жалғасады. Аталған іс-шараларды өткізуде біздің облыстық тарихи-өлкетану музейі биылғы жылдың көктемінде «Ақмола облысының үздік экскурсия жүргізушісі» байқауын өткізуді жос-парлап отыр. Оның қатысушылары тек музей қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ, туристік мекемелердің өкілдері де болмақ. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі Сырдария облысында (Өзбекстан) «Ғасырлар аманаты» тарихи-этнографиялық көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр, сондай-ақ, Ақмола облысының аудандарында, Солтүстік Қазақстан облысында жылжымалы көрмелер, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында көрмелер мен іс-шаралар циклі өткізілетін болады.
Қуаныш ШАҚШАҚОВ,
Ақмола облыстық
тарихи-өлкетану
музейінің директоры.
Суреттерде: музей директоры Қуаныш Шақшақов және музейге мамонттың сүйегін тапсырған Дулат Мұстафин; экспозиция залы; Зеренді ауданының Кеңөткел ауылындағы қазба жұмыстары.