«Көкшетау» мәдениет сарайында Жастар жылына арналған «Ақмола жұлдыздары–2019» халық шығармашылығы облыстық байқау шеңберінде Көкшетау қаласы көркемөнерпаздарының гала концерті болып өтті. Салтанатты шараға Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рустам Бикенев қатысып, тамашалады.
Дәстүрге айналған бұл байқауда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» анықталады. Айта кету керек, облыс орталығының өнерпаздары жыл сайын облыстық байқау қорытындысы бойынша Гран-при иеленіп жүр. Осы жылы да өз ісінің шебері Айгүл Сәбитова басқаратын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өнер мерекесі жоғары деңгейде өтті. Ағымдағы жылы байқауға 80-нен астам өнеркәсіп пен мекеме, банк, құқық қорғау саласының қызметкерлері, балабақша, орта мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан барлығы 10 мың адам қатысқан. Олардың арасынан қазылар алқасының шешімімен 1500 өнерпаз іріктеліп гала концертке қатысты.
Гала концерт басталмас бұрын Абылай хан алаңында «Қазақстан–Ұлы дала елі» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетілді. Ұлттық киім киген жүз қыз бір мезетте мың бұрала би билеп, көктемде бүр ашқан қызыл қызғалдақтай табиғаттың оянуын бейнелейтін хореографиялық композицияларымен көпті тәнті етті. «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық құндылықтар паш етілген қойылымдар да ерекше көрініс берді. Ибалы жүзінен қазақы тәрбиесі аңғарылған бұрымды қыздардың көрсетілімі де көздің жауын алды. «Әшекейі жоқ әйел жапырағ ы жоқ ағашпен тең» – демекші, бұрымын әсемдеп шашбаумен өрген бұрымды қыздар көптің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Жастар жылының бекітілген логотипі бар жалау таққан автокөлікшілер мен мотоциклистердің шеруі де мәдени шараның мәнін аша түсті.
Мерекенің көрігін одан әрі қала өнерпаздары қыздырды. «Көкшетау» мәдениет сарайына дейін ән мен күйден шашу шашылып, жол бойы қала өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Мәдениет сарайының фойесінде жиналған көпшілік алдымен облыстың он саусағынан өнер тамған қолөнершілерінің үздік жұмыстары қойылған көрмені тамашалады. Нағыз шеберлік пен шалқар шабыттың озық үлгісіне айналған бұл бұйымдар жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Ал, Көкшетау мен Қараөткелдің жазиралы даласын ән мен күйге бөлеген өнер байқауының шымылдығы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің би ұжымдарының орындауындағы «Уақыт заман» деп аталатын хореографиялық композициясымен ашылды. Іле сахнаға от тілді, орақ ауызды ақындар шығып, жиналған көпшілікке ақық жырдан шашу шашты. Бұл талабы мол талантты жастар Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінде тәлім алып жүр. Дәстүрлі әнді дәріптеп, насихаттап жүрген Азамат Қадыл, Ақниет Серғазина, Зәмзәгүл Смағұлова, Мақсат Қайырмағамбетов есімді жас әншілер Арқа әндерін тамылжыта шырқап, көптің көңілінен шықты. Құлақтан кіріп, бойды алған әсем әуен жан дүниеге қозғау салып, тәтті сезім жетегіне бойлатты.
Сахнаға нұр болып құйылып, күн болып көңілдерді жадыратқан, қызғалдақ биші қыздардың үстеріне киген алқызыл көйлектері де от болып алаулаған жастық пен жаз өмірдің жарасымды үйлесіміндей көз қуантты. Осындай керемет көңіл-күй сыйлаған «Достар» мәдениет сарайының «Арай» халық би ансамблі (жетекшісі Арай Әбутәліпова)мен «Асыл мұра» би ансамблінің(жетекшісі Дина Орманшина) өнерпаздары. Кеш барысында Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің вокалды хор ұжымы, Көкшетау қаласындағы біріккен домбырашылар ансамблі (жетекшісі С.Біржанов), Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Кербез» фольклорлық ансамблі (жетекшісі Ербол Базаров) жиналғандарды бір серпілтіп тастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көркемөнерпаздар байқауына қатысушылардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Әр өнерпаздың бойында өнерге деген сүйіспеншіліктің оты маздап, мәдениет ұрпақты сабақтастыратын берік көпірге айналып отыр.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Суретте: байқаудан көріністер.