Облыс әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.
Қабылдауға келушілер негізінен кәсіпкерлік және әлеуметтік саланың мәселелерін қозғады. Бұл күні Щучинск қаласының мүмкіндігі шектеулі тұрғыны Дулат Қуанышев өзіне дәрі-дәрмек бөлуді және тұрғын үй мәселесін шешуді өтінді. Целиноград ауданынан кәсіпкерлер Мейрамгүл Байтасова мен Гүлзира Әбішева мал жайылатын жайылым мен жер телімін бөлу жөнінде көмек көрсетуді сұрады.
Осындай өтініш-тілектердің арасында ауыл шаруашылығы кәсіпорнын дамыту, өрттен кейін тұрғын үйді қайта қалпына келтіруге көмек қолын созу мәселелері де болды. Ал, Нұр-Сұлтан қаласынан келген бизнес өкілі облыспен екі жақты ынтымақты байланыс жөнінде ұсынысын ортаға салды.
Өзі қабылдаған азаматтарды тыңдай келе, Ермек Маржықпаев олардың әрқайсысына тиісті түсінік беріп, шешім қолданыстағы заң шеңберінде қабылданатындығын ескертті.
Белгіленген кестеге сәйкес облыс әкімі азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін кезек бойынша айына бір рет қабылдайды. Қабылдауға 8 (716 2) 29-72-43 телефоны бойынша жазылуға болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.