Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Соғыс қасіреті әлі де жүректерді сыздатады - АРҚА АЖАРЫ

Соғыс қасіреті әлі де жүректерді сыздатады

I. Әке ерлігі

Жеңіс күні қарсаңында редакциямызға Көкшетау қаласының Қайыргелді Кәрімов есімді тұрғыны келіп, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер әкесі Ғарыбжан Кәрімұлы жайлы мақала жариялауымызды өтінген еді. Қарияның майдангер әкесі туралы қолымызға ұстатқан «Отқа оралған жырлар» атты кітабын оқығанымызда, ерекше әсер алып, сұрапыл соғыс көз алдымызға елестегендей болды.
Ол кітапты ардагердің ұл-қыздары осыдан төрт жыл бұрын Жеңістің 70 жылдығына арнап шығарған екен. Бүгінде о дүниелік болған Ұлы Отан соғысының ардагері Ғарыбжан Кәрімұлын облысымызға қарасты қазіргі Біржан сал ауданының жұртшылығы жақсы біледі десек, қателеспеген болар едік. Өйткені, ардагер 1910 жылы 10 сәуірде бұрынғы Еңбекшілдер ауданының Сәуле ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін мұғалім мамандығын меңгеру үшін Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтына оқуға түсіп, бұл оқу орнын 1941 жылы аяқтаған. Оқуын тәмамдай салысымен туған ауданында оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне кіріскен.
Алайда, бір жыл өтер-өтпесте жас маман әскер қатарына алыныпты. Соғысқа аттанар кезде жұбайы Ғайша Жәнібековамен шаңырақ құрады. Гвардия аға лейтенанты Ғарыбжан Кәрімов Новоузендегі Сталинград әскери саяси училищесін бітірген соң 1942 жылы қайнап жатқан соғыстың бел ортасына түседі.
Табиғатынан поэзияға құштар жас жігіт соғыста жүргенде де өлеңді жанына серік етіпті. Туған жерге, жақындарына, жұбайына деген сарытап сағынышы өлең болып өрілген екен. Мәселен,
Фашистер мәңгі құртылмай,
Көре алмассың сен мені.
Алыс емес Жеңісте,
Шыда сәулем, күт мені!, – деген жолдардан тұратын «Күт мені» өлеңі сағынышқа, махаббатқа толы екенін байқау қиын емес. «Отқа оралған жырлар» кітабында ардагердің әр баласы, жора-жолдастары, Ғарыбжан Кәрімұлы жайлы өз лебіздерін білдірген екен. Кітаптың алғы сөзін жазған ардагердің қызы Айман: «Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысын ұмытуға болмайды. Әкем жас шағында үстіне солдаттың сұр шинелін киіп, қару асынып қан майданға аттанды. Қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетті» – десе, зейнеткер Ә.Тұрсынбаева жауынгер ақынның өлеңдеріне тамаша талдау жасапты.
Ғарыбжан Кәрімұлы Украина, Белоруссия майданында соғысқа қатысқан. Воронеж, Варшава түбіндегі қырғын ұрыстарға араласып, Кеңес әскерін Одер, Висла өзендерінен өткізуге атсалысқан. Ол соғыстан кейін ұстаздық қызметпен қатар, жергілікті басылымдарға тәрбиелік мән-мағынасы зор мақалалар мен әңгімелер жазып тұрған екен. Сондай-ақ, ауданның, кеңшардың саяси, мәдени өміріне тікелей араласып, қоғамдық жұмыстарды да атқарған.
Бір рет облыстық, екі рет аудандық, тоғыз мәрте ауылдық Советтердің депутаты болып сайланған. «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Октябрь революциясы ордендерімен, «Кенигсбергті қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венаны алғаны үшін», «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Ардагердің құрметіне қазіргі Біржан сал ауданына қарасты Үлгілі ауылында бір көшенің аты берілгенін де ерекше айта кеткеніміз жөн. Ғарыбжан ата өзінің жұбайы Ғайшамен бірге тоғыз баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың барлығының өз отбастары, балалары мен немерелері бар. Солардың бірі редакциямызға келген Қайыргелді Кәрімов ағамыз.
Отбасында тоғыз бала болдық. Әкемнің бес інісі де бізбен бірге тұрды. Әкем де, анам да бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған жандар. Бүгінде екеуі де марқұм болды. Ата-анамның рухы пейіште шалқысын. Олардың есімдері қашанда біздің жүрегімізде. Әкем «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» құрметті атағын алған. Міне, осындай абзал жан халық арасында беделді, құрметті, сыйлы азамат болумен қатар, үлгілі отбасының ұйытқысы бола білді, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Иә, сұрапыл соғыста ерлікпен шайқасқан бейбіт заманда білім саласында еселі еңбек сіңірген аптал азаматтың есімі ешқашан ұмытылмайтыны хақ.

II. Бауырдың бейнесі

Ұлы Отан соғысы жылдары Ақмола жерінен 14723 сарбаз соғысқа аттанып, Отанымыздың бостандығы мен тəуелсіздігі үшін жан аямай шайқасты. Олардың жартысы, нақтысын айтсақ, 7 414 адам майданда ерлікпен қаза тапты. Биыл міне, сұрапыл соғыстың аяқталғанына 74 жыл өтсе де, майдан даласында із-түссіз жоғалғандардың барлығы табылды дей алмаймыз. Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлесіміз Қыдырбек Тұрлыбекұлы Келісов жайлы деректерді де туғандары былтыр ғана іздеп тапқан екен.
Біз мұны жаумен шайқаста марқұм болған жауынгердің інісі, 9 мамыр қарсаңында редакциямызға арнайы келіп, газетімізге ағасы жайлы мақала беруімізді өтінген Кенжебек Келісовтың әңгімесінен білдік.
Отан үшін кеудесін оққа төсеген ержүрек жерлесіміз Қыдырбек Тұрлыбекұлы 1924 жылы дүниеге келген. 1941 жылы Зеренді ауданына қарасты Айдабол орта мектебін бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылыпты. Ол кезде жасы небары он жетіде болыпты.
–Қыдырбек менің ең үлкен ағам. Он сегіз жасында әскер қатарына алынғаннан кейін бауырымнан ешқандай хабар келмеді. Қолымызда ағамыздың бірде-бір суреті жоқ. Ата-анам өле-өлгенше тұңғыш перзенттерін бір көрсек қой деп армандап кетті, бізге ағамызды іздеп табуды тапсырды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы бір түйір хабар-ошар шығып қала ма деген үмітпен, басылымдарды, ғаламтордағы сайттарды да үнемі қарап отырдық. Бір күні Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сайтын ақтарып отырғанымызда, ағамыздың аты-жөні, қай жерде соғыста болғаны жайлы деректерді тауып алдық. Содан Қорғанбек есімді ағам Украина мемлекетінің Чертков қаласына арнайы барып, бауырластар зиратында ағамыздың жатқан жерінен бір уыс топырақ алып, оны әке-шешеміздің зиратына шашып, аруақтарға дұға бағыштадық. Көп жылдан кейін бауырымыз жайлы бір хабар келгеніне қатты қуандық, көңіліміз толқыды. Есімі мәңгі өшпесін деген ниетпен, тағы бір ағамыздың үлкен баласының есімін Қыдырбек деп қойдық, – дейді Кенжебек Тұрлыбекұлы бізбен әңгімесінде.
Қыдырбек Келісов 1944 жылы 13 сәуірде Украина майданында жүріп, қаза тапқан екен. Жауынгердің қабір тасына аты-жөні, майданда аға сержант болғаны, бәрі тегіс жазылыпты. Аналары Қаскен әжей соғыста көз жұмған Қыдырбек марқұмнан бөлек, сегіз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана болған екен. Бүгінгі таңда олардың барлығы зейнеткер, бір-бір отбасының ұйытқысы атанып отыр. Әкелері Тұрлыбек кезінде Айдаболдағы спирт зауытында директор болған. Кезінде Зеренді ауданының Қызылегіс ауылының қазығын қағып, колхоз құрыпты. Осында 25 жыл колхоз төрағасы қызметін де абыроймен атқара білген деседі. Тұрлыбек Келісовтың есімі қызылегістіктерге ғана емес, бүкіл облысқа кеңінен танымал десек, қате айтпаған болар едік.
–Ағам күн демей, түн демей, төрт жыл қатарынан соғысқа қатысқан. Өкінішке орай, Жеңіске жетуге бірнеше айлар ғана қалғанда жау қолынан мерт болды. Бауыржан Момышұлының атақ-даңқы, батырлығы туралы жазылған А.Бектің «Волокаламск тас жолы» шығармасын оқысаңыздар, Бауыржан ағамыздың соғысты капитан шенінде аяқтағанына куә боласыздар. Ол кісіге тек бірнеше жылдан кейін ғана полковник атағы берілді. Соғыс жылдары шен алу деген өте қиын болған ғой. Майор, полковник атанған сарбаздар өте сирек. Осы арада менің айтпағым, ағам Қыдырбектің де аға сержант атануы үлкен жетістік, – дейді Кенжебек Тұрлыбекұлы.
Бірін әкесінен, бірін баласынан, бауырынан айырған 1941-1945 жылдардағы сұм соғыстың зардабы ауыр болғанын аға ұрпақ жақсы біледі. Келешекте мұндай алапат соғыс болмасын десек, кейінгі ұрпаққа бейбітшіліктің қадір-қасиетін ардагерлеріміздің өмір жолы арқылы кеңінен ұғындырып отыруымыз қажет. Редакциямызға Жеңіс күні мерекесі қарсаңында келіп, ағасы жайлы бір үзік сырымен бөліскен Көкшетау қаласының тұрғыны Кенжебек Келісовтың да тілегі осы болатын.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар