Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнер қонған қастерлі мекен - АРҚА АЖАРЫ

Өнер қонған қастерлі мекен

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Домбыра күні болып бекітілген еді. Былтыр Ерейменде де бұл мейрам алғаш рет аталып өтті. Осы өнерге ықылас, қастерлі аспапқа сүйіспеншілік ниет танытқан ағалар да, жастар да, қаламызға кіреберістегі домбыра стелласының маңында бір демде күй күмбірлетті.

Аудан орталығындағы білікті маман Асқар Өсіпов басқаратын Балалар музыка мектебі ұжымының да ізбасар шәкірт тәрбиесіне, жалпы киелі өнерді ұрпақтан-ұрпаққа мирас етуге қосып жүрген үлесі өлшеусіз.
Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, осы пәннің негізін қалаған, өнерге бейім өрендерді өз айналасына топтастырған, ерінбей тәрбиелеген, сахнаға шығуына септескен тәлімгер ұстаздар еске түседі.
Кезінде кешегі Целиноград-Ақмола қаласының Тың игерушілер сарайында қызмет атқарған күншалғандық жерлесіміз Мұхаметқали Тінәлин, беделді жоғары оқу орнында дәріс берген Алғабастың тумасы Жақсылық Мұқанов, балалар музыка мектебінде оқу ісін басқарған Бейсембай Сәкенбаев, оқытушылық қызмет атқарған Смағұл Жетпісов ойымызға оралады. Сабағын нота үйретуден бастаған, осылайша әрбір баланың келешегіне берік негіз қалаған көзі тірі тағы бір ұстазымыз Дауылбай Ахметжановтың, Жақсылық ағадан дәріс үйренген, өзгені де қызықтырып, еліктірген ағамыз Ордабай Өсіповтың өз шәкірттері аз емес.
Шәкірт тақырыбына келсек, «Әке көрген оқ жонар» деген халық даналығы ойға оралады. Асқар Өсіпов, бауыры Жігер Өсіпов, Асыл Өсіпов, әріптесі Медет Жетпісов ата-анадан көрген тәлім-тәрбиесін ғұмырлық кәсіпке айналдырды. Түлектердің алды бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының музыка академиясында таудай талабымен баршаға танылуда. Әлихан Мұратов, Жетпіс Нұрмағамбетов, білім ошағының атынан Америкаға дейін барған, Голливуд сахнасында Қазақстанды әлемге паш еткен Ерейменнің мақтанышы. Сәбит Барлыбаев Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде, Дархан Қабдешев оқытушылық қызметте. Мақсат Хамзин музыка академиясында дәстүрлі ән айту кафедрасының меңгерушісі. Біржан сал атындағы Көкшетау колледжінің түлегі Құсайын Ерубаев та өмірден өз орнын тапты. Осы колледжді тәмамдаған тағы бір ініміз Досхан Жылқыбаев бүгінде жергілікті жерде қазақ ұлт аспаптар оркестріне жетекшілік етеді. Домбырамен ән айту сыныбының жетекшісі Мақсат Байдолданы ілтипатпен атауымыздың жөні баршылық.
Жалпы мектептің әр сала бойынша дәріс беретін бүгінгі оқытушылар құрамының тоқсан пайызы – кешегі өз түлектері. Ол да бұрынғы директор, бүгінде зейнеткер Баян Өсіповтың білікті ұжым қалыптастыруға, жастар тәрбиесіне қосқан үлесі екені анық.
Сонымен бірге өнер-білім ошағында ашылған қобыз сыныбы шәкірттерінің де жетістігі бір төбе. Жаңа топтың алғашқы негізін қалаған Әсемгүл Ермұқанова, сабақ жүргізген Айнұр Рүстемованың еңбегі нәтижесіз емес. Мектепте құрылған «Ақ бұлақ» ансамблі облысқа кеңінен танылды, жүлдегер атанды. Бүгінгі көркемдік жетекшісі, Құрманғазы атындағы Алматы ұлттық консерваториясының түлегі Меруерт Әбілдинованың игі іске сіңірген еңбегі зор. Ұстаз жуырда «За вклад в развитие образования» медалін иеленді, Украина, Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекетінің бірлескен «Лучшие люди в образовании» энциклопедиясына есімі енгізілді.
Міне, мемлекеттік мерекелерде, аудандық, облыстық байқауларда сахнаның сәнін енгізген, көрерменнің көзайымына айналған, ұдайы әділқазының көңілінен шығатын өнерпаздарымыздың бір шоғыры осындай.
Бүгінгі білікті жас басшының да өзіндік ой-жоспары баршылық. Кәсіпқой ұстаз кезінде өзі бастаған «Мұрагер» бағдарламасын жалпы білім беретін мектептердің 1-8 сыныбында жалғастыруды көздейді. Бұл кешегі кеңес дәуірінде өзіміз оқыған ән-күй сабағын алмастыруға септеседі әрі мектеп оқушыларын кішкене күнінен ұлттық өнерге жетелеуді, дарынын танытуды, бағы мен жолын ашуды ниет ететін игі қадам болмақ. Бастаманың баяндылығын, істің сәттілігін тіледік.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Ерейментау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар