«Мектепке жол» акциясы басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова журналистерге 1 шілдеден «Мектепке жол» акциясының басталғандығы туралы мәлімдеді.

Акция Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен республикадағы барлық облыстарды қамтып, осымен он екінші жыл қатарынан жылда тамыздың 1-і мен қыркүйек айының 30-ы аралығында өткізіліп келеді. Қайырымдылық шарасының мақсаты тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларындағы балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады.
«Жүректен жүрекке» ұранын ұстанған «Мектепке жол» акциясының осы жылы бір ай бұрын, яғни, ертерек басталатындығын хабарлаған Ботакөз Балапайқызы:
– Акция биылғы жылы 1-ші шілдеден 9-ыншы қыркүйек аралығында өткізіледі. Өткен жылы көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларындағы 8481 балаға 88 миллион 222 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Биыл аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жобалап берген цифрларына қарайтын болсақ, 16 мыңнан артық оқушы бірінші сыныпқа келеді деп күтілуде. Оның ішінде жаңағы категориялар бо-йынша бірінші сынып оқушылары1183 . Жалпы облыс бойынша 120 мыңнан артық оқушыларымыз бар. Оның ішінде 1-11 сынып аралығындағы тұрмысы төмен отбасыларындағы оқушылардың санын айтатын болсақ, нақты 13 437 оқушы. Осы балаларға көмек көрсетуге жиналатын қаражат қоры былтырғыдан кем болмайды деп отырмыз, – деді.
Сонымен қатар, акцияға мемлекеттік органдармен қатар, мемлекеттік емес секторлар, бизнесмендер, әртүрлі қоғамдық бірлестіктер және меценаттар да қатысатын болғандықтан, қанша қаражат қарастырылғанын нақтылау мүмкін еместігі айтылды. Мысалы, өткен жылы Көкшетаудағы Науан хазірет атындағы орталық мешіт бірінші сыныпқа баратын 250 балаға 2,5 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен.
Мұнымен бірге, мектептерде жалпы біліммен қамту қоры бар. Оның аясында осы категориядағы оқушылар ақысыз түрде күніне бір рет ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Біліммен қамту қорынан киім-кешек әперіледі және жазғы демалыспен қамту жағы да қарастырылған. Биылғы жылы осы балаларды киіммен қамтамасыз ету үшін бір оқушыға қосымша 28 мың теңге көлемінде облыстық бюджеттен де қаражат бөлінген екен.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар