Өңіріміздің егіншілігі мен мал шаруашылығының дамуына үлкен үлесін қосқан «Свободный» серіктестігінің директоры, Ақмола облысының құрметті азаматы, «Отан» орденінің иегері Александр Александрович Закусилов 10 шілдеде өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті.
Бұдан 37 жыл бұрын ол Максимовка кеңшарының директоры болып тағайындалды. Бұл шаруашылықтың құлдыраған кезі еді. Жас басшы шаруашылықтың экономикасын нығайтуды қолға алды. Мал шаруашылығы саласын көтеру, әсіресе, мал азығы базасын жақсарту қажет болды. Ол кеңейтілген біржылдық шөптің алқабына құрама жем себу қажеттігін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына түсіндіре алды. Бұл мал азығы өндірісіндегі бұрын болмаған өзгеріс болды. Ірі қараның қоралары да ескірген. Осының бәрі үш жарым жылдың ішінде жөнделді, жаңа қоралар салынды. Осының арқасында малдың сүті көбейіп, салмағы артты. Сөйтіп, мал шаруашылығы саласы кіріс әкелетін болды.
90-шы жылдары ет пен сүтті сату мәселесі туындағаны белгілі. Закусилов көптеген әріптестері сияқты мал басын жойған жоқ. Тек қана сауын сиырдың басын азайтып, ет өндірісімен айналысты. Бұдан бірнеше жыл бұрын шаруашылықта асыл тұқымды герефордтар пайда болды. Осы жылдары қолдан ұрықтандыру арқылы мал тұқымын жақсартты. Серіктестік асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие. Сондықтан болар, асыл тұқымды жас малға сұраныс көп. Бүгінде «Свободный» қуатты, экономикасы тұрақты дамып отырған үлгілі шаруашылық. Көп жылдардан бері егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамытылуда. Осының арқасында шаруашылық астық тұқымын өндіру бойынша элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесін алды. Сондай-ақ, серіктестікте жұмыс істейтін адамдар уақытында лайықты еңбекақысын алады.
2008 жылы шаруашылықта астық пен майлы дақылдар өңдеп, кептіретін шағын элеватор салынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру тиімділігін арттыруға өндірістік нысан аздық етіп, Александр Александрович Атбасар қаласында жаңа элеватор салу жөнінде ұлымен бірге шешім қабылдады. Александр Александрович өз ісін жалғастыратын әулет өсірді. Оның ұлы Александр Закусилов «Максимовский» серіктестігінің директоры. Өз ісінің қыры мен сырын жақсы меңгерген жан. Немересі Александр Закусилов «Свободный» серіктестігінің агрономы болып еңбек етуде.
Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, тәжірибесі мол Александр Александрович бүгінгі жұмыстың нәтижесі келешекте жақсы жемісін береді деп болашаққа сеніммен қарайды. Директордың барлық ісі адамдарға еңбек пен тұрмыстың лайықты жағдайын құруға бағытталған. Мамандар үшін тұрғын үйлер салынуда. Алғашқылардың бірі болып шағын орталық ашты. Әлеуметтік салаға көмек көрсетілуде. Тек соңғы екі жылдың ішінде селоның бір көшесі, яғни, он екі пәтерлі тұрғын үй салынды. Мұнда еңбек ардагерлері, жас мамандар, көп балалы отбасылар, серіктестік жұмысшылары тұрады. Сондай-ақ, монша мен кір жуатын кешен салынды. Наубайхана жұмыс істейді. Село тұрғындары бір бөлке нанды 40 теңгеден алады. Максимов орта мектебін жөндеуге демеушілік көмек көрсетілді. Серіктестік өткен жылы Владимиров орта мектебін күрделі жөндеуге қаржы бөлді. Бүгінгі таңда мектеп ғимараты адам танымастай өзгерді.
Александр Александрович өз селосын абаттандыруға әрдайым қолұшын созады. Селоны күл-қоқыстан тазалау жұмысы жүргізілді. 7 апатты үй бұзылып, орны тазаланды. Барлық шығынды «Свободный» мен «Максимовский» серіктестіктері мойнына алды. Бұл күндері аталмыш серіктестік Владимиров селолық клубын жөндеуде.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Александр Закусилов әлі аттан түспей, шаруашылықты басқарып отыр.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Сандықтау ауданы.