Туризмді дамытудың мүмкіндігі мол

Өткен аптада облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы сапармен Шортанды, Ақкөл аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік және құрылыс нысандары жұмыстарының барысымен танысты.

Өңір басшысы Ермек Боранбайұлы алдымен Дамса ауылдық округіндегі, көркем табиғат құшағындағы «HomeFamily» жаңа демалыс аймағын аралап көрді.
–Бізге негізінен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары келеді. Қазірше жағажай маңындағы демалыс шараларын ұйымдастыруға көңіл бөлінуде. Жоба қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталатын 2020 жылы толық қуатында жұмыс істейтін болады. Астаналықтар мен өзге де келушілердің жоғары сұраныстары деңгейіндегі қызмет көрсетудің талаптары толық қарастырылған, –
деді демалыс аймағының директоры Жаңыл Оспанова таныстырылым барысында.
Бүгінгі күні демалушыларға шағын коттедждер, монша, кәуапхана, спорт алаңдарының қызметі ұсынылуда. Жазғы маусымда квадроциклдер, қыс айларында шаналар, конькилер және қар шаналары жалға беріледі.
Облыс әкімі бұл нысанның өңірдегі туристік кластерді іске асыруда өзіндік орны болатынын атап көрсетіп, белгіленген жоспарлардың табысты орындалуына тілектестік білдірді.
Ермек Маржықпаев Шортанды кентінде салынып жатқан 36 пәтерлік тұрғын үй мен жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдеріндегі инфрақұрылымдар коммуникациясының жай-жапсарын тексерді. Көппәтерлі үй, су және электр қуатымен қамтамасыз ету нысандары биыл пайдалануға берілмек. Жаңа пәтерлерді әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларына бөлу жоспарланып отыр. Ал, жер телімдері тұрғындарға келесі жылдан бастап, кезек тәртібімен беріле бастайды. Осыған байланысты, Ермек Маржықпаев аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасоваға жаңа үйлердің сәулет шешімдері бүгінгі күннің жаңа үрдістерімен сәйкес болуын ойластыруды тапсырды.
Биылғы жылы аудандық аурухананың балалар бөлімшесін күрделі жөндеу және Степное ауылындағы бір ауысымда 25 кісіні қабылдай алатын дәрігерлік амбулаторияның құрылысына облыстық бюджеттен 76 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс әкімі аталған нысандарда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аурухананың медициналық құрамымен және ем қабылдаушылармен әңгіме барысында кадр және материалдық-техникалық жарақтану мәселелері талқыланды. Бас дәрігер Руслан Бөтембаевтың айтуынша, 5 дәрігер жетіспейді. Қазіргі күні жас мамандарды қабылдау жөнінде келісімшарт жасалған. Ермек Маржықпаевтың
аудан әкіміне тапсырмалары қатарында: «Сіздердің міндеттеріңіз – дәрігерлерді қабылдау, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау және тұрғын үймен қамтамасыз ету», – деген сөздер айтылды. Сондай-ақ, облыс әкімі аурухананың сыртқы келбетін тәртіпке келтіру қажеттігін ескертіп, бұл мақсатқа қаржы бөлінетінін мәлімдеді.
Бұған қоса, өңір басшысы, күрделі жөндеуді қажет ететін бірқатар әлеуметтік нысандарда болды. Степной орта мектебінде жоба-құрылыс құжаттары болғанымен, жөндеу жұмыстары басталмаған. Ал, көңіл көтеру-демалыс орталығын күрделі жөндеу құжаттары дайындалу үстінде екен. Осыған байланысты аудан басшылығының алдына оқу орындарының жөндеу жұмыстарын жеделдету және Шортанды кентінің орталық алаңы мен демалыс аллеясын абаттандыру жөнінде тапсырма қойылды.
Ермек Боранбайұлы жұмыс сапарының соңында Жастар жылы мен ауданның 80 жылдығына орайластырылған спорт алаңының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Осынау маңызды шара барысында, қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырюльников облыс әкіміне сол заматта білік шегені бұрымдай өріп, естелік ретінде сыйға тартты. «Бұл әдісті атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтан үйрендім. Қалыптасқан дәстүр бойынша, мұндай шеге бұрмасы құрметті адамдарға тарту етіледі»,– деді ол.
Сол күні облыс басшысы Ақкөл ауданында болып, «Үшбұлақ-2005» құс фабрикасы мен «»Агромашхолдинг» акционерлік қоғамының өндірістік жұмыстарымен танысты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар