Облыста ым-ишара тілінде 918 мемлекеттік қызметші оқытылды

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

БАҚ өкілдерімен болған брифингте Райхан Ғазизқызы мемлекеттік қызмет саласындағы цифрларған егізделген жұмыс нәтижелерін нақты атап көрсетті. Мәселен, бүгінгі таңда облыста 695 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Олардағы қызметкерлер саны 5816-ны құраса, оның 5338-і лауазымды қызметпен толтырылған. Айталық, 87 пайыз мемлекеттік қызметші жоғары білімді болса, 15,2 пайызы екі немесе одан да көп жоғары білімге ие.

– Мемлекеттік қызметтегі таза ауысым тұрақты деңгейде, соңғы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 2,7 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері 76,7 пайыз мемлекеттік қызметші ішкі конкурс қорытындылары бойынша жоғары лауазымдарға орналастырылған және бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 20,6 пайызға жоғары, – деді Р.Братаева өз мәлімдемесінде. Сонымен қатар, оның айтуынша, тәуелсіз бақылаушылардың конкурстық комиссия отырыстарына қатысуы конкурсқа қатысушылар тарапынан іріктеу үдерістеріне шағым білдіру мөлшерін азайтқан.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанды дамытуда жастар басым рөл атқарады, олар дамудың қозғаушы күшіне айналады», – деген сөзін басшылыққа ала отырып, – «Біздің басты міндеттеріміздің бірі – талантты, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті жастарды  мемлекеттік қызметке тарту, сабақтастықты сақтау болып табылады. Ол үшін кең ақпараттық жұмыс жүргізумен бос жұмыс орындар жәрмеңкелері, ашық есік күндері ұйымдастырылады. Өткен жылы ұйымдастырылған осындай жәрмеңкелерге 2 мың адам қатысса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 3 мыңға жетті», – деді Райхан Ғазизқызы.

Бүгінде кәсіби бағдарлау мақсатында бітіруші курстардың 115 студенті мемлекеттік органдарда  өз мамандықтары бойынша өндірістік тәжірибеден өткен. Оған қоса, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруде жастармен өз тәжірибесімен, білім-дағдыларымен бөлісетін тәлімгерлер институтына аса мән беріледі. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша 126 жас маманға тәлімгер бекітілген. Мемлекеттік органдар мен қоса, жеке және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында да тағылымдамадан өту тәжірибесі қолға алынған. Осылайша, бірінші жартыжылдықта24 мемлекеттік қызметші өз қызметіне сәйкес келетін кәсіпорындарда тағылымдамадан өткен.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың  қызметке тұру барысында туындайтын бөгеттерін жою бойынша қарастырылған жұмыс нәтижелері көңіл қуантады. Нақтырақ айтар болсақ, ондай мемлекеттік қызметшілерді ым-ишара тілінде үйретуді көздейтін «Говорящие руки» жобасы. Осыған орай, облыста есту мүшелері бойынша мүгедектерге қызмет көрсететін мемлекеттік қызметшілер тобы құрылған. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша  918 мемлекеттік қызметші оқытылса, оған қоса, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері де оқытылуда. Ал, банк қызметшілерін оқыту мәселесі де пысықталуда екен.

Баяндамашының айтуынша, бүгінгі таңда департамент мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен өзара байланыс құра білуіне және олардың құқықтарын қорғай білуіне көңіл бөлуде екен. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілер арқылы азаматтармен сапалы байланыс орнатуын қадағалауда қолға алынған. Осылайша, департамент өзінің ашықтығын белсенді түрде жариялауда. Сондықтан да, департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында оқырмандар саны 48 мыңнан асып отыр.

Брифинг соңында Райхан Братаева БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына барынша жауап берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар