Саналы жас, есірткіден аулақ бол!

Адам психикасы – медицинаның өте күрделі әрі аз зерттелген салаларының бірі болып табылады. Әсіресе, наркологиялық тұрғыда. Әдетте, жұртшылық маскүнемдік пен нашақорлықтың жеке бастың аса ауыр күйзелісінен ушығатын дерт екендігін біле бермейді. Ең дұрысы, ондай жандарды түсіне білген жөн.

Нашақорлыққа салынатындардың дені – жұмыссыздар. Бір нашақорды емдеп, қатарға қосу үшін шамамен 1000 АҚШ доллары керек десек, ондай қаражатты қалтасы көтермейтін адамдардың жағдайында не істеуге болады? Өкінішке орай, ескірткіні пайдаланатындар қазіргі кезде жастардың ішінен көптеп кездесуде. Қалтасында бір тиыны жоқ жастар ұрлық жасайды, қарақшылық шабуылға барады. Қазір Шу есірткі сорасы Жамбыл облысының Шу, Меркі, Сарысу, Талас, Мойынқұм
аудандарында бітік өсетіндігі белгілі.
Нашақорлық – адам ағзасын өте тез уландыратын аса қауіпті психикалық дерт. Оны әсіресе, жас ағзалар тез қабылдайды. Елімізде нашақорлыққа шалдыққандардың дені 15 пен 25 жас аралығындағы жастар. Есірткіге тәуелді жандар есірткіні жиі қабылдамаса тұра алмайды. Өйтпеген жағдайда, есінейді, денесі тырысып, көздерінен жас ағады, тамақ ішсе құсады, тәбеттері ашылмайды.

Басы жиі ауырып, аяқ-қолдарының бұлшық еттері шымырлап, ішек қарыны бүріп, іші өтіп, бойынан суық тер парлай бастайды.
Мұны олардың тілінде «ломка» дейді. Нашақордың есіл-дерті қайдан болса да есірткі заттарды тауып ішуде болады. Ең қауіптісі – нашақор есірткіге ақша табу үшін кісі тонаудан бастап, тіпті жақын адамын өлтіруден де тайынбайды. Нашақор өзі үйренген есірткілердің бірін көрсе, аш табындай тарпа бас салады. Мұны медицинада «наркотизм», ал оның ауыр түрін «наркомания» дейді. Грек тілінен аударғанда «нарк» – жасанды ұйқы, «мания» – есі кету, есіру деген мағынаны білдіреді. Бүгінде облыс бойынша облыстық психологиялық денсаулық орталығында 545 науқас тіркеуде тұр. Былтыр бұл көрсеткіш 619 адамды құраған болатын.
Осы орайда, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы екенін баса айтқым келеді. Отбасында ата-ана мен баланың арасында өзара түсініспеушілік, немқұрайлылық, ата-аналар тарапынан бақылаудың төмендігі жасөспірімнің зиянды заттарға, есірткімен әуестенуіне алып келуі мүмкін. Жасөспірім неліктен есірткіні қолданды?!Алдымен ол адамның білімсіздігі. Яғни, есірткінің қаншалықты қауіпті екенін білмеу және бұл мәселеге жеңіл-желпі қарау. Ал бұл дегенің – отбасында балаларға бұл туралы ақпараттың дұрыс берілмеуі деген сөз.
Есірткі! Бұл ұғым бәрімізге таныс. Құлаққа түрпідей тиетін қандай жағымсыз сөз десеңізші! Қанша адамның түбіне жеткен, бақытты өмірлерін баянсыз еткен, қаншама отбасын ойрандаған улы зат болса да, әлі де тиылар емес. Қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы шығуға дәрмені жетпейтін жастар көбейді. Тек, жастар ғана емес, ересек кісілер де өз балаларына үлгі болудың орнына, кері кетіп, келешек ұрпақтың санасын улауда.
Есірткі – қасірет белгісі. Бұл «у» саған бір рет көріп тастап кететін дәмді дәрумен емес. Бір рет дәмін тату шыңырауға қарай қадам басу. Осыдан бастап, оның дәмін татқанға дейінгі өмірің қайта оралмайды. Адам оны бір рет қолданып көрсе, одан кейін де ағза қажет етіп отырады. Осылайша адам бірте-бірте есірткіге тәуелді бола бастайды.
Есірткіге құмарту – адам үшін де, оның отбасы үшін де ауыр қайғы. Осындай қасіретке жол бермеу үшін әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт. Өз отбасың, өз үйің әрқашан жылу тартып, жанға жақын болады. Өйткені, отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпағанымыз жөн.
Батпа ӘЛІБАЕВА,
Ақмола облыстық психологиялық денсаулық орталығының нарколог дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар