Арыс тұрғындарына көмек қолын созуда Атбасар және Сандықтау аудандарындағы «Вайнах» этномәдени орталығының мүшелерi белсенділік танытуда.
Қоғамдық ұйым мүшелері қайырымдылық қорының есебiне үш миллионнан астам теңге аударды. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек ретiнде 20 тонна ұн Арыс қаласына жiберiлдi. Бұл өнімдер Атбасардағы А. Кукаев, М. Дзейтов және Д. Асаев басқаратын ұн тарту кәсiпорындарында шығарылған.
–Бiздiң диаспора отандастарымызға қиын уақытта қолдау көрсетуді басты парыз санайды. Бiз Арыстың барлық тұрғындарына қолдау бiлдiремiз,–дедi Атбасар және Сандықтау аудандарының шешен-ингуш этномәдени орталығының жетекшiсi Дин-Магомед Асаев.
Бүгiн Түркiстан облысына жiберiлген ұнды тиеу жұмыстары жүзеге асырылды. Iс-шараға Атбасар ауданының әкiмi Аманбек Қалжанов қатысып, «Вайнах» этномәдени бірлестігінің барлық мүшелеріне алғысын білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.