Жаңа мешіт ашылды

Оразақ ауылынан есімі елге белгілі азаматтар көп шыққан. Өткен сенбіде осы ауылда «Әбдуәли ата» мешіті ашылғанда, солардың құрметіне аппақ киіз үйлер тігіліп, жан-жақтан құрметті қонақтар көп болды.

Мешітке есімі берілген Әбдуәли Тоқбаев Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, өмірде әділдік пен тазалықты сүйген жан болғанын көзі көргендер мен ұрпақтары ұмытқан емес. Майдан даласынан ол оң қолынан айырылып келгенімен, колхоз жұмысына белсене араласты.
Алқалы жиында Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Анаш Жантеміров сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын, арнайы шақырылған қонақтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, Мәлгаждар Тәткеевтің Алғыс хатын меценат Әлібек Тоқбаевқа табыс етті. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рәшит Әкімов, қоғам қайраткерлері: Егор Каппель, Саят Қамзебаев, Сағадат Әшебеков, Максим Божко, Ақмола облысының имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы Құрбан айт мейрамымен жұртшылықты құттықтап, мешіт құрылысына атсалысқан ел тұрғындарына зор ризашылықтарын білдірді.
Оразақтың тумасы Жанат қажы Қасымұлы Құрбан айт мерекесі қарсаңында өткен іс-шараға қатысқан адамдарға ақ батасын берді.
Бұл мереке халық жүрегінде ұмытылмастай сақталатыны анық. Күннің райы қандай шуақты болса, келген меймандардың көңілі де сондай жарасымды әрі әдемі болды. Елдің бірлігі мен ынтымағы жарасқан тойға арналып ақ дастархан жайылып, ән шырқалып, түрлі спорт шаралары өтті.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суреттерді түсірген автор.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар