«Тыныс» акционерлік қоғамы Ақмола облысының ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі болып табылады. 2003 жылдан бастап кәсіпорын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін құрылған «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясының құрамына кірді. «Тыныс» АҚ — бұрын КСРО Авиациялық өнеркәсіп министрлігіндегі оттегімен-тыныс алу аппаратуралары зауыты ретінде 1959 жылы құрылған еді.
Сондай-ақ, ол Мәскеу «Наука» агрегаттық зауытының, Томилино қаласындағы «Звезда» машина жасау зауытының, Мәскеудегі А.И. Микоян атындағы машина жасау зауытының конструкторлық бюросы (КБ) әзірлеген авиациялық бұйымдардың 45 атауын шығару бойынша жалғыз кәсіпорын болып табылады. 2005 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығына ие болды. Қазіргі кезде жоспарлаудың нәтижелілігін, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыратын, ұйымның жалпы бизнес-мақсаттарына қол жеткізуде синергетикалық әсер ететін ISO 9001:2015, ISO 50001:2011, СТРК ISO 9001-2016 сапа менеджменті жүйесі енгізілді және жұмыс жасауда.
Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – азаматтық және әскери ұшақтар мен ресейлік тікұшақтарға (жылытқыштар, желдеткіштер, авиациялық өрт сөндіргіштер, реле, датчиктер, клапандар, басқарудың электрондық блоктары) арналған авиациялық техника мен авиациялық автоматика құралдарына арналған тораптар мен агрегаттар өндірісі. Авиациялық өнімнің басты тұтынушылары Ресей Федерациясының, Украинаның, Белоруссия мен Өзбекстанның авиақұрылыс және авиажөндеу кәсіпорындары болып табылады. «Тыныс» АҚ РФ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бірлесіп орындаушы болып табылады, Біріккен авиақұрылыс корпорациясына (БАК) кіретін компаниялармен, «Ресей тікұшақтары» холдингімен, Улан-Удэ қ., Казань авиазауыттарымен және басқалармен жұмыс істейді. Кәсіпорын нарықтық бәсекелестік жағдайында шығарылатын авиациялық өнімді жетілдіру және жаңғырту бойынша маманданған, атап айтқанда, ұшу аппараттарының ресурсын ұзарту, сондай-ақ, бейтарап газ генераторы және жер үсті жылытқышы сияқты бұйымдардың жаңа түрлерін игеру бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Тыныс» АҚ қазіргі заманғы стратегиясы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға және қызметтің жаңа бағыттарын игеруге бағытталған. 2005 жылы кәсіпорын Krauss Maffei неміс өндірушісінің жабдықтарында диаметрі 10-нан 250 милиметрге дейінгі полиэтилен құбырларын өндіру бойынша инвестициялық жобаны іске асырды. Бұл жоба Қазақстан халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы мемлекет саясатына сәйкес келеді. Өндіріс желісін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іске қосты. 2009-2010 жылдары диаметрі 110-нан 1000 милиметрге дейінгі полиэтилен құбырларын өндіру бойынша жаңа желілер іске қосылды. 2013 жылы «Тыныс» АҚ «Жылына 1000 тоннаға дейін газдандырылатын үлгілер бойынша құю өндірісін игеру» инвестициялық жобасын іске асырды. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің шешімімен аталған жоба өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген. 2013 жылы кәсіпорында амуниция және жеке қорғану құралдарын тігу бойынша цех ашылды. «Тыныс» АҚ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау аясында ҚР әлеуетті құрылымдары үшін брондалған жилет, брондалған жүйелер, соққыға қарсы қалқандар шығарады және сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отыр. 2017 жылдан бастап кәсіпорында автомобиль крандарын құрастыру бойынша цех іске қосылды, мүгедектер арбаларын өндіру жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілген электр жетегі бар алғашқы мүгедек арбасы шығарылды.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске шеңберінде 2018 жылы «Тыныс» АҚ жұмыстың негізгі принциптерін өзгертетін, операциялардың көпшілігін автоматтандыратын «Кәсіпорынды цифрландыру» жобасы енгізілді. Жобаны әзірлеу және іске асыру екі кезеңде көзделген. 2019 жылдың басында «Кәсіпорынды цифрландыру» жобасының бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылды, оның шеңберінде барлық технологиялық процестердің сызбалары мен маршруттық карталары цифрландырылды. Екінші кезеңде өндірісті басқаруды автоматтандыру жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұл қадам кәсіпорында тапсырыстарды жоспарлау мен басқаруды жетілдіреді, нақты уақыт режимінде өндірістік үдерістерге мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Өндірісті цифрландыру кәсіпорындағы шығындарды қысқартуға, жабдықтарға жүктемені оңтайландыруға және өндірістегі ақау пайызын қысқартуға мүмкіндік береді.
Зауытта 700 адам жұмыс істейді және олардың барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады. «Тыныс» АҚ-да машина жасау саласындағы ең үздіктердің бірі болып табылатын 2017-2019 жылдарға арналған Ұжымдық шарт қолданылады. Бүгінгі таңда «Тыныс» АҚ өзін тек облыста ғана емес, республикада да жоғары әлеуметтік жауапкершілік кәсіпорны ретінде көрсете білді.
«Тыныс» АҚ қызметінде соңғы жылдары тұрақты өсу серпіні байқалады, кәсіпорында жаңа өндірістердің енгізілуіне байланысты жыл сайын еңбек өнімділігі артып келеді, орташа жалақы өсуде. Бүгінгі таңда орташа айлық жалақы 180 мың теңгені құрайды.
Кәсіпорында еңбекті қорғауға тиісті көңіл бөлінеді. Жыл сайын зауыт қызметкерлерін сақтандыру шарты жасалады, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге медициналық тексеру жүргізіледі, сүт, гигиеналық заттар беріледі, қызметкерлер жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Барлық өндірістік учаскелерде алғашқы көмек көрсету үшін медициналық дәрі қобдишалары жабдықталған, денсаулық сақтау пункті жұмыс істейді.
Ұжымдық шартқа сәйкес, 2018 жылы қызметкерлердің еңбек жағдайларын, қауіпсіздік техникасы мен денсаулығын қорғауды жақсартуға, еңбек қорғау жүйесін жетілдіруге, жеңілдіктер мен өтемақылардың барлық түрлерін таңдауды, жалақыны индекстеуді ынталандыруды ұлғайту, демалысқа қосымша күн беруді және зауыт қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шаралар үшін 390 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл сайынғы еңбек демалысына әрбір қызметкерге жалақы немесе орташа айлық жалақы мөлшерінде материалдық көмек бөлу қарастырылған. Декреттік демалыстағы әйелдерге ай сайын бала күтімі бойынша ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді, бұл шығындар 2018 жылы шамамен 8 миллион теңгені құрады. Әрбір жас отбасына неке қиюға үш айлық жалақы көлемінде материалдық көмек беріледі, бұл мақсатқа 2018 жылы 4,2 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ, бала туу кезінде 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі. Зауыт қызметкерлерінің балаларына қала сыртындағы балалар орталықтарына жолдама беріледі, олардың құнының 80 пайызын жұмыс беруші төлейді. Сондай-ақ, жұмыс беруші балабақша тәрбиеленушісіне ай сайын 10 мың теңге мөлшерінде қаражат бөледі.
Кәсіпорында жас мамандарды жұмысшы мамандықтарға тарту бойынша жұмыс тұрақты жүргізіледі, оқушыларды көтермелеу туралы ереже әзірленді, оқушылардың зауыттың асханасында тегін тамақтануы жүзеге асырылады. Ұжымдағы зауытішілік дәстүрлер қолдау табады, жаңа қызметкерлерді қабылдау, мерекелік шаралар мен әскер қатарына салтанатты шығарып салу және еңбек демалысындағы ардагерлерге, еңбек әулеттеріне құрмет көрсетіледі. Футбол, волейбол, үстел теннисі бойынша жарыстар өткізіліп тұрады. 2013 жылы кәсіпорында «Тыныс» АҚ жігерлі жас қызметкерлерін біріктіретін, зауыттық іс-шараларды өткізуге белсенді қатысатын, әлеуметтік жобаларды іске асыратын «Жас Тыныс» жастар қоғамдық ұйымы құрылды. Сонымен қатар, «Жас тыныстықтар» бірнеше рет қалалық және облыстық спартакиадалардың қатысушылары мен жүлдегерлері атанды. Оқу жылы қарсаңында зауытта дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы өткізіледі, онда мұқтаж, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, қызметкерлер материалдық көмек алады. Жетекші мамандықтар арасында кәсіби шеберлік байқаулары өткізіледі және жеңімпаздар міндетті түрде бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.
Қорытындылай келе, өзара түсіністік пен өзара көмек, жарасымды татулық қасиеттері қалыптасқан ұжымда ғана еңбекте елеулі жетістіктер болуы мүмкін деп айтқым келеді. Өзінің мерейлі 60 жылдығын атап өткелі отырған көшбасшы зауытымыз ел экономикасын дамытуда, ұжым мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсартуда еселі еңбек ете беретіні анық.
Қайрат Қалманбаев,
«Тыныс» акционерлік қоғамының Бас директоры.