Бұл – Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктестігінің базасында ашылған осындай екінші орталық. Жобаны өңірлік кәсіпкерлік палатасы мен Ақмола облысы сүт өндірушілері қауымдастығы бірлесіп жүзеге асыруда.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда орташа әр сиырдан 4105 литр сүт сауылады екен. Дегенмен, рес-публикада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған компаниялар баршылық. Мұндайлар санаулы ғана. Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бұл проблеманы зерттей келе, өнімділікті арттырудың басты тетігі жүйелік пен дұрыс агроқұзыреттілік екеніне көз жеткізіп отыр.
Бұл мәселені шешу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасымен биылғы жылдың сәуір айында Украинаның «Dairy Global Experts» компаниясы сарапшы мамандарын тарту арқылы Зеренді ауданындағы «Жақсылық agro» серіктестігінің базасында алғашқы ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған болатын.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, мұндағы мақсат – еуропалық деңгейде бірыңғай ветеринарлық қызмет көрсету және су өндірісі саласында инновациялық технологияны енгізу. Орталыққа Зеренді ауданындағы жалпы 2 мыңнан астам ірі қарасы бар 5 тауарлы-сүт фермасы еніп отыр.
– Ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған үш айдың ішінде фермаларда күнделікті жұмысқа бейімделген, ветериналық жұмыстардың қажетті циклі енгізілді. Қолға алынған шаралар қазіргі заманғы диагностикалық аппарат арқылы жануарлардың ауруын анықтауға және емдеуге мүмкіндік берді. Апталық жүйеде жұмыстың технологиялық картасы әзірленді, жануарларды азықтандырудың толық рационы жасалды. Фермалардың олқы тұстарын анықтайтын аудит жүргізілді. Ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы жұмысының басты мақсаты – кәсіпорындардың өнімділігін арттыру, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбеков.
Көптеген фермерлердің ветеринарлық қызметке қолжетімділігі мәселесі әлі күнге дейін ашық күйінде қалуда. Сол себепті, Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктестігінің базасында ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығын ашу қолға алынып отыр. Орталықтың ашылуы жақын маңдағы сүт өндірісімен айналысатын фермерлерге қазіргі заманғы деңгейдегі ветеринарлық қызметке қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
Палата филиалы мамандарының айтуынша, келешекте фермерлердің агроқұзыреттілігін арттыру және ветеринарлық қызметтің барлық түрін алуы үшін ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығын облыстың өзге аудандарында ашу жоспарланған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.