Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баспасөз білгірі - АРҚА АЖАРЫ

Баспасөз білгірі

Әпкесі ауылда пошташы болып жұмыс істегендіктен үйлеріне апта сайын бума-бума басылымдар келеді екен. Бала көңіл әлгіге қызығып, баспадан енді шыққан газеттерді ежелеп оқып отыратын. Сол кезде жасы небары бестен асқан Иванның газетке деген қызығушылығы оны бар ғұмырын баспасөз саласына арнауға дейін алып келеді деп кім ойлаған?!.

Иә, біз бүгін мерейлі 80 жасқа толып отырған жампоз журналист Иван Петрович Перерва жайында ой толқытып айтқымыз келіп отыр. Әріптесіміз 1939 жылы Украинаның Сумск облысына қарасты Карабутово ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген.
–Мен бақытты балалық шақтың орнына, Ұлы Отан соғысының зардабын көрген жандардың бірімін. Соғыс басталғанда небары екі жасар бала едім. Әкем майданға аттанды. Анам үш баламен қалды. Қолымызда қарт әжеміз болды. 1943 жылы әкемнің Курск шайқасында мерт болғаны жөнінде қара қағаз келді. Бұл отбасымызға үлкен қасірет, соққы болды. Өте азапты, қиын күндерді бастан өткердік. Кейбір күндері дастарханымызда судан басқа еш нәрсе болмайтын. Ал, қыста су қатып қалғанда, тіпті ашқұрсақ жүретінбіз, – деп, әңгімесін бастады қарт журналист.
Бала кезінен газет оқып өскен Иван Петрович жетінші сыныпта оқып жүргенде аудандық газетке ауыл өмірі, тұрғындар жайлы шағын мақалалар жаза бастайды. Басылымның бас редакторымен тығыз қарым-қатынаста болды. Туған ауылында орта мектепті бітіргеннен кейін училищеге оқуға түспек болады. Алайда, емтиханда балы жетпей, ауылға қайтып келеді. Аз уақыт колхозда жұмыс істеп, одан кейін 1958 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын басында Украинада, сосын Германияда өтейді. Ол жақта төрт жыл болады. Жалпы әскери барлаудың жас командирлер мектебін тәмамдап, бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары қызметтерін атқарады. Әскери саяси дайындықтың үздігі атанады. Отан алдындағы борышын өтей жүріп, түрлі басылымдарға әскер өмірі жайлы мақалалар беріп тұрды. Әсіресе, «Кеңес әскері» газетінде апта сайын әскери жаттығулардан жасаған репортаждары жарық көріп отырды.
Әскердің саяси бөлімінің нұсқауымен тың игеру жылдары Қазақстанға, нақтырақ айтсақ, бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Чистополь ауданына келеді.
–Қазақстанға келгенде алғашқы жылдары жүк, бидай тасыдым. Бір күні кешке жұмыс орныма аудандық газеттің бас редакторы Александр Дмитриенко келді. Амандасқаннан кейін ол кісі менімен біраз әңгімелесіп, редакцияға жұмысқа шақырды. Міне, сөйтіп, баспасөз саласындағы алғашқы еңбек жолымды аудандық «Голос целинника» газетінде бастадым, – деген Иван Перерва аталған басылымда бір жылдай қызмет етіп, кейін аудандық партия комитетіне шақырту алған. Аудандық комсомол, халықтық бақылау комитеттерінде, облыстық партия комитетінде біраз жыл қызмет істейді. Сол жылдары Көкшетау институтының филология факультетін тәмамдайды. Қай салада еңбек етсе де, кейіпкеріміздің қолынан қаламы түскен емес. Суреттемелер, ірі-ірі очерктер жазды.
Облыстық «Степной маяк» газетіне жұмысқа орналасып, мұнда қатардағы тілшіден бастап бас редактордың орынбасарына дейін үлкен журналистік жолдан өтті. Газетте құрылыс, экономика, өнеркәсіп, ақпарат және спорт секілді бірнеше бөлімдерді басқарды. Көкшетау облысы жабылғаннан кейін «Солтүстік Қазақстан» газетінде, ал, 2000 жылдан бастап 18 жыл облыстық «Акмолинская правда» газетінде істеді.
Кейіпкеріміз әлдеқашан зейнеткерлікке шықса да, еңбектен қол үзгеніне екі жыл ғана болды. Бар уақыты отбасының ортасында, немерелерінің жанында өтуде. Бұрынғыдай шығармашылықпен айналысуға көздің нашар көретіні кедергі болып тұрғаны. Әйтпесе, шабыты асқар таудың шыңында, нағыз бабында.
Сексеннің сеңгіріне шығып отырған кейіпкеріміз журналистік жолда бірталай шәкірт тәрбиелеп шығарды. Әңгіме барысында әріптесіміз белді шәкірттері – кезінде облыстық «Акмолинская правда» газетін басқарған марқұм Валентина Косянюктің, республикалық «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы болған Александр Тараковтың, сондай-ақ ресейлік журналист Людмила Лосьтің есімдерін зор мақтанышпен еске алды.
–Жастармен жұмыс істегенді жақсы көретінмін. Шәкірттерімнен сөзді қадірлей білуді, дұрыс сөз саптауды талап еттім, – деген қарт журналистің өзі де сөз өнерінің шебері болғанын еселі еңбек жолында иеленген бірқатар марапаттарына қарап пайымдауға болады. Жеті медалі бар. Сондай-ақ, кезінде Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасын алыпты. Ал, жуырда Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күніне орай «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Әңгіме барысында Иван Петровичтен кіндік қаны тамған ауылы, ол жаққа оралғысы келе ме, жоқ па, осы туралы да сұраған едік. Сонда Украина жүрегінде мәңгілік сағыныш болып қала беретінін, ал, отбасын құрып, ұрпағын өрбіткен, баласы мен немерелерінің Отанына айналған қазақ даласынан ешқайда кеткісі келмейтінін бір ауыз сөзінен аңғардық. Қазақстанға келгенде танысып, отау құрған жары Зура Шуатаева екеуінің өмір арнасында бірге қол ұстасып келе жатқанына биыл 56 жыл. Сөз ретіне қарай айта кетсек, Зура Қалмырзақызы да облысымызға белгілі тұлға. Бұрынғы Көкшетау облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Елбасымен жоғары партия мектебінде бірге оқыған. Ұлдары Александр көп жылдан бері Ақмола облыстық ауруханасында еңбек етіп келеді. Келіндері Шырай да жоғары санатты дәрігер.
–Зура екеуіміз Украинадағы туысқандарымызға жыл сайын барып тұрамыз. Бауырларым жеңгелерін қатты сыйлайды, жақсы көреді. Украинадан жиендерім бізге келіп, қонақ болып тұрады. Көкшетаудың табиғаты оларға қатты ұнады. Қаламыздың кімге де болсын ұялмай көрсете алатындай әдемі көркі бар. 195 жылдық тарихы бар Көкшетау жылдан жылға жаңарып, одан сайын ажарланып келеді. Кешкілік аяулы жарымды қасыма алып, көшемен бір серуендегеннің өзі неге тұрады?! Мен Көкшетауға қалай бауыр бассам, ол да мені солай жақсы көретініне анық көзім жетеді, – деп ағынан жарылды ардагер.
Иә, «Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» деген осы ғой, шіркін. Мерейтойы қарсаңындағы кездесуімізде, талай жұмыс бабымен жолыққан кездерде де Иван Петровичтің аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ, айналасына қамқор, ізгі ниетті жан екендігін аңғарған едік. Пейілі кең жампоз журналистке мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын дей отыра, деніне саулық, отбасына амандық тілегіміз келеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар