Ереймен – тарихтың көне көмбелеріне толы өлке

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы жайында баяндап, осы орайда алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Ауданда ұлттық кодымыз бен тарихи ерекшелігімізді айғақтайтын көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылған. Тарихты зерделеу мақсатында аудан әкімдігі мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған. Аудан басшысы жаугершілік заманда қанжығалы қарт Бөгенбай батырдан бастап, осы елде небір орақ тілді, от ауызды шешендер мен көсемдер, абыздар мен даналар, ақындар мен батырлар өткенін, киелі Ереймен жерінде азаттық үшін талай қырғын шайқастар болғаны ел есінде сақтаулы екенін айтты.
Бөгенбайдың ерлігі мен жорығын дастанға айналдырып, бүгінгі күнге жеткізген, әрі оның қарулас серігі болған Үмбетей жыраудың қорымы, «Арғынның ақсақалы» деген атқа ие Бөкеңнің шөбересі Саққұлақ бидің мазары, «Орта жүзге ұран болған» сүйіндік Олжабай батыр қорымы, ұлыларды тудырған Құлболды батырдың зираты, елді аузына қаратқан Едіге би, Шоқан Уәлихановтың нағашы атасы Шорман би зираттары да осы өлкеде. Имандылықтың ақ туын құлатпай өткен, кезінде Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының бас мүфтиі қызметін атқарған Сәкен халфе, Сәдуақас Ғылмани осы елдің тумасы.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарихшылары, әдебиетшілері Ерейментау қаласына келіп, «Қазақстанның киелі жерлерінің география-
сы» жобасы негізінде ғылыми конференция өткізіпті. Оған ауданның ұстаздары, тарихшылары, жергілікті өлкетанушылары, зиялы қауым өкілдері қатысқан. Ереймен елінің киелі жерлерін аралату мақсатында «Ереймен – шежірелі тылсым мекен» атты тарихи экспедиция ұйымдастырылған. Аудан әкімінің қолдауымен «Қанжығалы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Елдіктің бастауы, ерліктің дастаны болған Ерейментау» атты тарихи-танымдық экспедициясының жұмысы да өлке тарихына тың деректер қосқан. Экспедицияға қатысушылар Саққұлақ би мазары, одан кейін Малтабар ауылы арқылы ежелгі Қоянды Қойтас өңіріне жетіп, келесі күні Күншалған, Ақдің секілді бірқатар таулы жерлерді аралапты. Үш күндік сапар нәтижесінде көптеген тарихи деректер жинақталып, бейнефильм түсірілген. «Қанжығалы» шежіресі жарық көрген. Қазақстанның киелі жерлерінің республикалық тізіміне енген киелі орындарымыздың бірі – этно-археологиялық Құмай кешені. Бұл орынды 2009 жылдан бастап белгілі археолог ғалым, профессор А.Досымбаева зерттеу үстінде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар