Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Музей түнінің» көңілді баурайтын сырлары көп - АРҚА АЖАРЫ

«Музей түнінің» көңілді баурайтын сырлары көп

Халықаралық музейлер күні 1978 жылдан бастап аталып келеді. Сол жылы алғаш әлемнің 150 елі осы күнді атап өтті. Ал, «Музей түні» акциясы тұңғыш рет 1997 жылы Берлинде өткізіліп, бертін халықаралық мәртебе алды. 2001 жылы бұл акцияға Еуропа мен Американың 39 елі қатысты. Қазақстанда бұл айтулы күн 2006 жылы Орталық мемлекеттік музейде қолға алынды. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі «Музей түні» акциясына 2013 жылы қосылды. Содан бері мұнда осы акция жыл сайын өткізіліп келеді.

Облыс музейлері биыл да бұл акцияны қолдап әкетті. Аталмыш акция 10 тамызда алдымен Бурабай тарихи-өлкетану музейінен басталып отыр. Әрі қарай оны облыстың 11 музейі кезек-кезегімен жалғастырып әкетпекші. Бұл музейлер өздеріне келушілерді түнгі сағат 21.00-ден 03.00-ге дейін қабылдайтын болады.
Бурабайдағы музей директоры Әсемгүл Шәкиеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында дәстүрлі «Музей түні» акциясы өзінің мазмұны, келушілер саны жағынан да үлкен мәнге ие болуда. Бурабай тарихи-өлкетану музейінде бұл акция «Ғасырлардан сыр сақтаған Бурабай» тақырыптық көрмесімен және «Таңғажайып өлке» кітап көрмесімен ашылды. Одан соң келушілер «Бурабайдың күзгі бояуы» атты фильмді тамашалап, естелік сый-кәделерге қызығушылық білдірді.
Бұл музейдің бастауында осы Бурабай өңірінің тумасы, белгілі өлкетанушы Әмина Тұрсынбаева апайымыз тұрған еді. Ол кісі өлке тарихы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, осы соғыс басталғанда Мәскеуден Бурабайға қоныс аударылған атақты академиктер, тағы басқа айтулы тұлғалар туралы деректерді тірнектеп жинап, осы музейді ашқан болатын. Бұл дата Абылай ханның 280 жылдық торқалы тойымен орайлас келіп еді. Өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен музей осы заманғы жаңа ғимаратқа, атап айтқанда, «Бурабай даму» серіктестігінің визит-орталығына көшіріліп, өз жағдайын жақсарта түсті. Осының нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да біраз жұмыстар атқарылуына мүмкіндік туып, биылғы «Музей түнінде» соның нәтижесі келушілердің көз алдынан өткендей болды.
Әлемде екі мыңға жуық музей бұл түні өз есіктерін келушілерге айқара ашады екен. Сөйтіп, өткен тарихымыздың небір тылсым сырларына қанығатын музей әуесқойларының қатарында үлкен де, бала да осы бір тылсым сәтті өз бастарынан өткергеніне өкінбейді. Солардың арасында ақмолалық музейлер мен оған келушілердің де бары өз алдына бір ғанибет.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар