Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәрбиешілер мектепке дейінгі білім мен тәрбие жайын талқылады - АРҚА АЖАРЫ

Тәрбиешілер мектепке дейінгі білім мен тәрбие жайын талқылады

Көкшетау қаласындағы №12 «Мерей» балабақшасында мұғалімдердің тамыз кеңесі қарсаңында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері» атты облыстық тақырыптық алаңы болып өтті.

Жиынға облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының 70 педагогы қатысты. Аталған тақырыптық алаң мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген жаңалықтарды түсіндіру, қазіргі жағдайда педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту, 4К моделінің міндеттерін іске асыру жағдайында мектепке дейінгі ұйымдарды дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аталмыш шара аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар тәрбиеленушілермен жұмыс істеуде педагогтің құзыреттілігі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының құндылығын білім беру үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды.
Шараның ашылу салтанатында Ақмола облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Олжас Қайырдосов құттықтау сөз сөйледі. Теориялық бөлімде «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушысы Жаңылсын Жалмұханова, Көкшетау қаласындағы №1 «Арман» балабақшасының әдіскері Айнагүл Бекбасарова, Бурабай ауданындағы «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі Арман Рахматулина, Көкшетау қаласындағы № 5 «Қуаныш» балабақшасының тәрбиешісі Мұратхан Гүлдәурен сөз сөйледі. Ал, №37 «Өркен» балабақшасының психологы Жаңылған Мұқанова «Жақсы көңіл-күй формуласы» атты психологиялық тренинг өткізді.
Аталған іс-шараның практикалық алаңында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтарының жұмыс тәжірибесінен «Балалардың математикалық дамуы» тақырыбында Ақкөл ауданы №2 балабақшаның тәрбиешісі Ольга Николаевна Сенчило «Мектепке дейінгі балаларға арналған робототехника» тақырыбында Атбасар ауданы №4 «Еркежан» балабақшасының әдіскері Әсемгүл Дастановна Серікпаева «Тәжірибе мен эксперименттер әлеміне саяхат» тақырыбында №10 «Алтын бала» балабақшасының әдіскері Айгүл Канафина шеберлік сағаттарын өткізді. «Балабақшадағы инновациялық технологияларды жүзеге асыру үшін пәндік-дамыту ортасын құру» тақырыбында көрме материалдары ұсынылды. Тақырыптық алаңның қорытындысында пікір алмасып, педагогтар мектепке дейінгі білім берудің негізгі бағыттарын, проблемалары мен даму үрдістерін талқылады. Тақырыптық алаң жұмысының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.

Айман ҚАЖАХМЕТОВА,
Гүлнәз НҰРМАҒАНБЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар