Тарихта қалған ұлылардың қасиетті мекені

Киелі қазақ даласы. Ұлан-ғайыр сайын дала. Тауы мен тасы, бетегесі мен бөктері, өзені мен көлдері сырға толы өткен тарихтың куәсі. Ата-бабалардың қан кеше жүріп, қорғап қалған осы кең-байтақ жері тәуелсіз Қазақстанның баға жетпес байлығы екені сөзсіз.

Қазіргі таңда егемен ел болып етек-жеңімізді жинаған соң тарихи құндылықтарға назар аударып, өткен-кеткенімізді түгендеу біздің басты борышымыз екендігі рас. Осыған орай, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлт тарихының құндылықтарына басты назар аудару, байтақ қазақ даласын бағалауға, қадірлеуге тәрбиелеу, жас ұрпақтардың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру қажеттігін басты назарға ұсынған болатын.
Туған жерге деген сүйіспеншілік туған өлкеңнің тарихынан басталатыны айқын. Асылында сөз етер болсақ, Ақмола өңірінің де сонау көне замандардан бастап Ұлы Далаға кең тараған көшпелілер өркениетінің бір ошағы болғандығына бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұра ескерткіштері дәлел бола алады. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде келешек ұрпақтың жадында ұлттық тарихтың қасиетті құндылықтарын қалыптастыру ең өзекті мәселе.
Осы тұрғыдан алғанда, Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Көкшетау техникалық институтының I курс курсанттарына «Ақмола облысының киелі жерлері» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Бұл жылжымалы көрме курсанттарды Ақмола облысының киелі жерлерімен, соның ішінде Бурабай, Зеренді, Ерейментау, Қорғалжын аудандарының тарихи-мәдени мұраларымен, осы ретте, баспадан шыққан кітаптармен таныстырды.
Мұнымен бірге, «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мекемесінің бөлім меңгерушісі Ж.Укеев Ақмола өңірі төңірегіндегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлер туралы баяндады. Сонымен қатар, «Ақмола облысының киелі жерлер мекені» туралы бейнероликтер көрсетілді. Ұсынылған көрмелер барысында институттың 1 курс курсанты Әміржан Бәйменов осы бір игі шарадан өзінің көп қызықты мағлұмат алғандығын айтып, ризашылығын білдірсе, ұстаздар қауымы әлі де осындай маңызды іс-шараларды бірлесе өткізуге ықыласты екендіктерін, бұл орайда, жастарды тәрбиелеу жұмыстарын одан әрі жалғастыратындықтарын атап көрсетті.
Жалпы, орталықтың ұйымдастырған келелі іс-шарасының бас-
ты мақсаты Көкшетау қаласына республиканың әр түкпірінен білім алуға келген жастарға өлкенің бай тарихы-мәдени мұраларын таныстырумен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттау болып табылады. Қазақ халқының мәдени-тарихи ескерткіштерінің тарихың қазақ даласының бір-біріне ұқсамайтын көрікті де қасиетті жерлерінің қазіргі таңда асыл қазына екендіктерін сезіне білуге, елдің ертеңіне кепіл бола алатын, бабалар аманатын жалғастыратын ұрпақтарды тәрбиелеуге деген сезім бәрімізде де болуы керек. Ел мен жердің қадір-қасиетін түсінетін елдің ертеңін, ұлттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеу қазіргі қоғамның ең басты міндеті екендігі даусыз. Заманында Доспамбет жырау
Екі арыстан жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес! –
деп жырлап өткен Сарыарқа бұл. Өткен дәуірде бабаларымыз ел мен жердің қадір-қасиетін соншалықты бағалай білгендігін осы бір шумақ өлеңнің өзі-ақ түсіндіріп бергендей. Сондықтан да, ата-бабадан қалған асыл қазыналар, ұлттық мәдениет, салт-дәстүрлер, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап, қорғау, насихаттап, қайта жаңғырту – қазақ елінің әрбір азаматының басты парызы. Ел мен жерге деген құрмет бабаларымыздың асқақ аманатының орындалғандығының да куәсі. Олай болса, баға жетпес ұлттық құндылықтарымызды бағалап, өміршең ете жүрейік, ағайын!

Ғалия НАЗАРҚЫЗЫ,
Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мекемесінің инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар